Жұма, 4 шілде 2008 жыл.    
Жаңалықтар
“Форум 18” ұйымы Семейде протестант шіркеуінің жабылғанын айыптады
“Форум 18” құқыққорғау ұйымы Қазақстан үкіметі дін еркіндігін одан ары қысқартып жатыр деп мәлімдеді кеше жарияланған мақаласында. Бас пәтері Норвегияда орналасқан “Форум 18” ұйымы тың мысал ретінде Семей қаласында протестант шіркеуінің жабылғанын айтады. Семей қаласының өртке қарсы қызмет департаменті протестанттар шіркеуінің ғимаратында өрт қауіпсіздігі сақталмайды деп тауып, Семей қаласының соты шіркеу ғимаратын уақытша жабуды бұйырды. Шіркеу басшылары барлық құжаттарымыз дұрыс десек те, сот оларды қарамай қойды дейді. Шығыс Қазақстан облысында, сондай ақ, былтыр баптистер қудаланған болатын.
Минскте жарылған бомбадан жиырмадан астам адам жарақат алды
Беларус полициясы Минск қаласында концерт барысында жарылған бомбадан жиырмадан астам адам жарақат алды дейді. Қолдан жасалған бомба Тәуелсіздік күніне орай өтіп жатқан концертке түн ортасында мыңдаған адам жиналғанда жарылды. Минск ауруханасына түскен жарылыс құрбаны Лилия Мельник «біз отырған шыршаның түбінде біреу шырын қорабын тастап кетіпті, салют атылып болған соң шамамен жарты сағаттан кейін сол қорап жарылды» дейді. Беларус полициясы жарылысты бұзақылар жасады дейді. Ішкі істер министрі Владимир Наумов оқиға жерінде жарылмай қалған тағы бір бомба табылды деп айтты.
Оңтүстік Осетия үкіметі “жаппай мобилизация” науқанын жариялады
Сепаратистік Оңтүстік Осетияның үкіметі Грузия әскерімен арада кескілескен атысу болған соң “жаппай мобилизация” науқанын жариялады. Оңтүстік Осетия ресми өкілдері Грузия әскері өткен түні ел астанасы Цхинвалиді және жақын маңдағы екі ауылды миналармен атқылады, кемінде бір адам өлтірілді, бірнеше адам жарақат алды дейді. Оңтүстік Осетия үкіметінің өкілі мина шабуылдары жалғасса ауыр қарудан оқ атып, жауап қайтарамыз деді. Грузия ресми өкілдері, керісінше, шабуылды Оңтүстік Осетия тарабы бастады, Грузия әскери бекеті мен бірнеше грузин ауылы атқыланды дейді. Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бүгін жасаған мәлімдемесінде Грузия мен сепаратистік Оңтүстік Осетияны сабырға шақырды.
Ресей президенті Дмитрий Медведев Түркіменстан сапарын бастады
Ол Түркіменстан президенті Гұрбанқұлы Бердімұхамедовпен кездесіп, газ тасымалы мәселесін талқыламақ. Мәліметтерге қарағанда, президент Медведев Батыс елдері тарапынан ұсынылатын тасымал жобаларын жоққа шығарып, совет заманынан келе жатқан тасымал жолдарынан ауытқымауға шақырмақ. “Газпром” Ресей монополиялық компаниясының президенті Алексей Миллер түркімен газын көбірек сатып алуды көздеп отырмыз деп жариялады. Европа Одағы түркімен газын Европа елдеріне Ресей территориясын айналып апаруды көздейді.
Иран халықаралық қауымдастыққа ядролық мәселе жайында жауабын бүгін бермек
Бұл жайында Иранның ядролық мәселе бойынша делегациясының жетекшісі Саид Жалили айтты. Иран мемлекеттік телекомпаниясының сөзіне қарағанда, ол Европа Одағы сыртқы саясатының үйлестірушісі Хавиер Соланамен телефон арқылы сөйлесіп, жауабымыз конструктивті болады, ортақ принциптерге негізделеді депті. Хавиер Солана маусым айында Иран басшыларымен кездесіп, Иран уран байытуын тоқтатса, саяси және қаржылай тұрғыда көмек көрсетіледі деп Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің бес тұрақты мүшесі және Германияның ұсынысын жеткізген.
 
Radio Free Europe / Radio Liberty © 2008 RFE/RL, Inc. All Rights Reserved. contact us: webmaster@rferl.org