Accessibility links

“Отан”, Азаматтық және Аграрлық партия жерге байланысты референдум өткiзуге қарсы


Жерге байланысты бүкiлхалықтық референдум өткiзу жөнiндегi бастамашыл топтың маусымның 19-ы күнi Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясына өтiнiш тапсырғанын хабарлаған болатынбыз.

Ал маусымның 19-ы күнi Парламент Мәжiлiсiндегi “Отан”, Аграрлық және Азаматтық партиялар фракцияларының жетекшiлерi баспасөз мәслихатын өткiзiп, бүкiлхалықтық референдум өткiзуге қарсы екендiктерiн мәлiмдедi. “Отан” партиясының парламенттiк фракциясының серкесi Қайролла Ережеповтың сөзiмен айтқанда, “Жұртты ақ пен қараға бөлiп, халық арасына дүрбелең салуға болмайды”. Өйткенi, ертең Парламент Сенаты мен Мәжiлiсiнiң жалпы отырысында “Жер кодексiне” мемлекет басшысы ұсынған өзгерiстер мақұлданып, iс тамам болуға тиiс.

Азаматтық партия фракциясының жетекшiсi Рахмет Мұқашев пен Аграрлық фракцияның серкесi Ромин Мадинов те Қайролла Ережепов сияқты референдум өткiзудiң заңдық негiздерi жоқ деп есептейдi. “Оның үстiне аталаған референдум өткiзу мемлекет ақшасын желге ұшырғанмен бiрдей. Сондықтан саяси ойын көрiгiн қыздырмақ болғандарға тосқауыл қою керек, “Жер кодексiнiң” жобасында халықтың мүддесi толық сақталған”,- дестi.

Қайролла Ережеповтың болжамына сенсек, Қазақстан халқының артық-кемi жоқ 90 пайызы “Жер кодексiнiң” қабылдануын асыға күтiп отырған болып шығады.
XS
SM
MD
LG