Accessibility links

Орта Азия елдеріндегі ахуал


Адам құқықтары бойынша Халықаралық лиганың ТМД елдері бағдарламасының үйлестірушісі Питер Залмаевтың мәлімдеуінше, Орта Азия мемлекеттеріндегі адам құқықтары мен сөз бостандығына байланысты ахуал нашарлай түсуде.

Өткен дүйсенбі күні Голландияның Роттердам қаласында адам құқықтары бойынша Халықаралық лига Еуропа Кеңесінің парламенттік Ассамблеясына қарасты Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның қанаты астында Орта Азиядағы ахуал жайында брифинг өткізді. Оның барысы туралы “Азаттық” Радиосының сауалдарына адам құқықтары бойынша Халықаралық лиганың ТМД елдері бағдарламасының үйлестірушісі Питер Залмаев жауап берді.

С.Ақ.: Питер, сіздер Роттердамда қандай мәселелерді талқыладыңыздар?

П.З.: Батыс Еуропа елдерінен келген делегациялардың қатысуымен өткен брифингтен басқа, біз Еуропадағы қауіпсідік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның жоғары мәртебелі өкілдерімен, оның ішінде – Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Брюс Джорджпен кездестік, АҚШ-тан келген делегацияның толық құрамымен, баспасөз өкілдерімен, сондай-ақ Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының басқа да елдері делегацияларымен жүздестік. Кездесулердің барлығында басты назарды біз, әрине, Түркіменстанға аудардық. Өйткені, аталған елде тыныс-тіршіліктің барлық саласында адам айтқысыз ахуал қалыптасып отыр: 2002-інші жылдың 25-інші қарашасында Сапармұрад Ниязовқа жасалған қастандықтан кейін, оппозицияны жаппай қудалау және С.Нияовтың саясатымен келіспеген кез-келген жанды жаппай қудалау жүзеге асырылып жатыр.

Қазір Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Түркіменстандағы ахуалға араласу мәселесі талдануда. Осы жерде атап көрсеткен дұрыс: аталмыш ұйымның Түркіменстандағы ахуал жайында таяуда ғана жарық көрген баяндамасы – 25-інші қарашадағы оқиғалардан туындап отырған “мәскеулік механизм” деп аталатын сарында жазылған. Оған қоса біз, сондай-ақ, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстандағы жағдайларды да талдастық. Ол елдердеге ахуал, әрине, өзгешелеу. Бірақ аталған елдерде де адам құқықтары мен демократияландыру саласындағы жағдайлардың нашарлай түскен сыңайы айқын байқалады. Турасын айтқанда, ол елдерде Батыстың көзін алдау мақсатында ғана адам құқықтарын болар-болмас өзгерткендей әрекеттер жасалуда. Ал негізінде Орта Азия елдеріндегі саяси режимдер өзгеріссіз қалды, керек десеңіз, халықтардың азаматтық құқықтары мен сөз бостандығы саласына қатысты кейбір жағдайларда керісінше ахуалдың ушыға түскені байқалады.

С.Ақ.: Питер, дегенмен де Роттердамда нақты қандай мәселелер, нақты қандай проблемалар сөз болды, соларды атап айтып берсеңіз еді?

П.З.: Түркіменстандағы ахуалға тоқталып әуре болмай-ақ қояйын, өйткені ондағы адам құқықтарының ахуалы адам айтқысыз - төтенше жағдайға жетті. Өзбекстанға жөнінде сөз болғанда, онда мыңдаған-мыңдаған саяси тұтқындардың барлығын, баспасөзге деген мемлекеттік қадағалау немесе цензура – ресми түрде жойылғанымен, іс жүзінде қалғанын және іс жүзіндегі демократиялық өзгерістердік атымен жоқтығын атап өттік. Сондай-ақ, ішкі істер министрлігі мен басқа жазалаушы мекемелердің абақтыларында адамдар жапа шегіп, құрбан болуда, жұмысынан айрылғысы келмеген редакторлар цензураны өздері-ақ жүзеге асыруға мәжбүр болуда.

Қырғызстанға байланысты жуырда “Хизб-ут-Тахрир” ұйымы “өкілдерінің” жаппай тұтқындалғанын сөз еттік. Таяуда болып өткен референдумның нәтижесінде қырғыз парламентінің құзыры айтарлықтай шектелгені де талданды.

Ал Қазақстан туралы әңгіме болғанда, ол елде де саяси тұтқындарлдың пайда болғаны, атап айтқанда – Сергей Дувановтың және “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысы лидерлерінің бірі Ғалымжан Жақияновтың осы күнге дейін түрмеде отырғаны атап көрсетілді. Оған қоса, саяси патиялардың, оның ішінде әсіресе оппозициялық партиялардың қоғам өіміріне толыққанды араласуына іс жүзінде тосқауыл қоятын “Саяси партиялар туралы” жаңа заң, тәуелсіз баспасөздің адам айтқысыз ауыр халі, сөз бостандығының соңғы бірнеше жыл бойы ресми билік тарапынан үнемі қысым көріп келе жатқаны – басты тақырып болды. Және, елдің бүкіл тұрмыс-тіршілігіне жайылған жаппай парақорлық, оның ішінде аты-шулы “Қазақгейт” ісі де сөз болды.

Роттердамда талқыланған тағы бір маңызды мәселе – Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың туған күйеу баласы, ҚР-сының Венадағы елшісі әрі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша ұйымындағы өкілетті өкілі – Рахат Әлиевтің елдегі оппозициялық басылымның бірін сот арқылы жауапқа тартуы – Қазақстандағы тәуелсіз баспасөздің қазіргі ахуалын айқын аңғартқандай болды.

С.Ақ.: Питер, Қазақстандағы оппозициялық партиялар мен үкіметтік емес және адам құқықтары жөніндегі ұйымдардың Рахат Әлиевті Венадағы елші әрі Еуропалық ұйымдағы өкілетті өкіл лауазымынан аластату жөнінде Еуропарламентке, ЕурКомиссияға және басқа да ұйымдарға арнайы хат жолдағанын Сіз білесіз бе?

П.З.: Ия, менің одан хабарым бар, білемін. Бірақ, Сіз білесіз бе, бұл – дипломатиялық мәселе! Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық бойынша ұйым - өөзіне жолданған ол өтінішке байланысты Рахат Әлиевті дипломатиялық міндетін атқарудан аластата қояр деп ойламаймын. Еуропалық аталмыш ұйымнң мүшесі есебінде Қазақстанның 2009-ыншы жылы оған төрағалық етуге сұранып отырғаны да жақсы мәлім. Бірақ, Р.Әлиев сынды тұлғаның Венада елші болып отыруы, меніңше, Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақстатық бойынша ұйымға төрағалық ету мүмкіндігін талқылауды жоққа шығаратын сияқты.

С.Ақ.: Питер, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның өзі немесе оның жекелеген мүшесінің таяу болашақта Түркіменстандағы ахуал бойынша қандай да бір шара қолданбақ ниеті бар ма, Сіз қалай ойлайсыз?

П.З.: Ия, біз ол мәселені АҚШ делегациясымен кездесу барысында нақты талқыладық. Менің түсінгенім, АҚШ Конгресінің таяу арада Түркіменстан бойынша брифинг өткізу жоспары бар. Ол тіпті қыркүйекке дейін болып қалуы мүмкін. Міне содан кейін, бұл жерде мен өз ойымды айтып отырмын, АҚШ Конгресінің Түркіменстандағы ахуал бойынша арнайы Қарар қабылдауын күтуге болатын шығар.

С.Ақ.: Питер, әңгімеңізге көп рахмет!
XS
SM
MD
LG