Accessibility links

Human Rights Watch Европа одағынан Қазақстан мен Қырғызстандағы адам құқықтарының қорғалуына бақылау жасауын талап етуде.


Шілденің 22сі, сейсенбіде Бельгия астанасы - Брюссельде Европа одағының Қазақстан және Қырғызстанмен өзара ынтымақтастық кеңесінің жиыны басталды.

Бұл алқалы жиынды пайдаланып, Нью Йорктағы Адам құқықтары ұйымы - Human Rights Watch Орта Азиядағы көршілес екі ел – Қазақстан мен Қырғызстандағы адам құқықтары бойынша жіберілген кемшіліктердің жойылуын талап етіп отыр.

Бельгия астанасы - Брюссельде Европа одағының Қазақстан және Қырғызстанмен өзара ынтымақтастық кеңесінің арнайы жиыны сейсенбі күні басталды.

Нью Йорктағы адам құқықтары ұйымы Human Rights Watch жариялаған ресми ақпаратта Орта азиялық бұл екі ел мен Европа одағының Брюссель кездесуінің маңызы зор екендігі айтылған.

Осынау бас қосуға байланысты, адам құқықтары бойынша Мәскеудегі Ресей және Орталық Азия бөлімінің қызметкері Марие Струтер тілшімізге былай дейді.

- Европа одағы мен Қазақстан және Қырғызстан бірлесіп өткізіп отырған бұл жиында, алдымен өзара сауда-саттық және қаржы шарттары мәселелері талқыланады. Сондықтан, бұл бас қосуды ұтымды пайдаланып, ынтымақтастық келісімі негізінде атқарылмақ шараларды адам құқықтарымен өзара үйлестіре қарастырған жөн, - дейді Марие Струтер.

Европа одағы Қазақстан және Қырғыстан, сондай-ақ ТМД аймағынан тағы да он мемлекетпен саяси- экономикалық, сауда байланыстары бойынша, өзара әріптестік және ынтымақтастық келісімі негізінде онжылдық бағдарлама жасаған.

Қазақстан мен Қырғыстан бұл бағдарламаға 1999 жылдың шілде айында қосылған.

Струтердің айтуынша, Европа одағының бұл жиыны кезінде Халықаралық валюта қоры мен Әлемдік банктің Орталық Азия елдеріне қояр өз шарттары болатындығы да шындық.

Марие Струтердің атап өткеніндей, өткен бір жыл ішінде, Қазақстан мен Қырғызстанда саяси бостандық және баспасөз еркіндігі саласында көптеген кемшіліктер, келеңсіздіктер, заңсыздықтар орын алған.

Струтердің айтуынша, аталған екі мемлекетте өткен бір жылда жаңа реформалар жөніндегі халықаралық деңгейдегі құлшыныстар айтарлықтай нәтиже бермеген. Сондықтан оның пікірінше, бұл жағдайды реттеудің уақыты жеткен.

- Рас, Европа одағы Орталық Азия елдеріндегі адам құқықтарының бұзылуы жөнінде бұрын да, қазір де айтардай-ақ айтып келеді, қатаң ескертулер де жасаған. Дегенмен, айтылған сөздің тиісті жауабын алар кез, міне енді тура келіп тұр, - дейді Марие Струтер.

Human Rights Watch ұйымынан жауапты өкілдің айтуынша, Европа одағы Брюссельдегі осы жиынды сәтті пайдаланып, адам құқықтары бойынша да бірқатар мәселелерді дер кезінде шешіп алуы керек.

- Біз Европа одағына өтініш жасап, абақтыда отырған Ғалымжан Жақияновты бостандыққа шығаруға атсалысуын сұрадық. Жақиянов Қазақстандағы Демократиялық таңдау қозғалысының тең төрағасы болған. Оны қазақстандық ресми басшылық саяси іс-әрекеттеріне орай бас бостандығынан айырып отыр. Сондай-ақ, біз Европа одағы арқылы қазақстандық белгілі журналист, адам құқтарын қорғау істері бойынша белсенді Сергей Дувановтың да абақтыдан азат етілуін сұрап отырмыз.

Ал, Қырғызстаннан түрмеде отырғандардың бірі – бұрынғы вице президент, İшкі істер министрі Феликс Қулов бар. Бұл аталған азаматтың үшеуі де саяси ерекше көзқарастары үшін абақтының ащы дәмін татып отыр-, дейді Марие Струтер.

Human Rights Watch Европа одағы алдына қойып отырған талаптардың бірі – Қазақстан мен Қырғызстандағы саяси оппозицияға қарсы қозғалған қылмыстық істерге тәуелсіз зерттеулер жүргілуін қадағалау, сондай-ақ адамдардың құқын өрескел бұзуға әкелетін заңдарды жою.

Мысалы, біреу Қазақстанда, "қызмет бабын пайдаланып, сыбайлас жемқорлыққа қатысқан" деген кінә айтса, ол " ресми адамның ар-намысына тиген" деген айыппен түрмеден бірақ шығады.

-Біздің байқауымызша, соңғы бір-екі жылда, Орта Азиядағы саяси оппозициядағы белсенділерді заң орындары арқылы қудалау одан әрі күшейе түскен.

Қазақстанда алдағы қыркүйек айында - жергілікті мәслихаттарға, ал келесі жылы Парламентке болатын сайлаулар алдында ондай әкімшілік және заңдық орындар арқылы жасалатын қысымдар одан әрі жалғаса түсетіндігі қазірдің өзінде мәлім болып қалды-
, дейді Марие Струтер.

Human Rights Watch сондай-ақ, Европа одағының Орта Азия елдеріндегі саясатын АҚШ пен Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сықылды үкіметтік және халықаралық ұйымдармен өзара байланыста үйлестіруін ұсынады.
XS
SM
MD
LG