МОНРОВИЯ: Көтерілісшілер Либерия астанасындағы стратегиялық маңызға ие көпірді басып алып, әуе жайға алып баратын жолға бақылау орнатты. Соғыс қимылдары одан бұрын жарияланған бітімді бұзды. Үкімет әскерлері көтерілісшілерге тойтарыс беруге тырысып бағуда, ал бейбіт халық соғыстан елдің шығыс аудандарына қарай қашуда. Батыс Африка елдері таяу күндері Либерияға құрамында 1200 жауынгері бар 2 нигериялық батальон жіберуге міндеттеніп отыр. Сенегалдың астанасы Дакарда бас қосқан Батыс Африка елдерінің сыртқы істер министрлері дүниежүзілік қауымдастықты Либерияға елдегі ахуалды тұрақтандыру үшін 3 мыңдық бітімгершілік күштерін аттандыруға шақырды.