Accessibility links

Республиканың жоғары оқу орынында қабылдау емтихандары басталды


Шілденің 28-і күні республиканың барлық жоғары оқу орынында қабылдау емтихандары басталды.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз хатшысы Жанар Өсіпбекованың айтуынша, республика бойынша 67 мың 500 бала сынақ емтиханын тапсыруда. Сынақ емтихандарын тапсыру шілденің 28-і мен тамыздың 2-сі күндері аралығында жүргізіледі. Оқуға қабылдау нәтижесі тамыздың 10-ынан 27-сіне дейін белгілі болады.

Биылғы жылы оқуға қабылдаудың өз ерекшіліктері бар.

40 балдан төмен жинағандар ақылы бөлімге қабылданбайды. Ал, одан жоғары болса, талапкердің ақылы бөлімге құжат тапсыруына мүмкіндігі бар.

Бөлінген білім грантының ішінде ауылдық жердің және оралман балалары үшін квота көзделген. Сонымен бірге үш жылдың ауылға арналуына байланысты да қажетті мамандықтар даярлауға көңіл бөлінген.

Кәсіпктік білімді мамандарды даярлау үшін мемлекеттік тапсырыс-16 мың 310 грант және 10 мың 155 несие қарастырылған. Оның 30 пайызы ауылдық жерлер балаларының оқуға түсуіне арналған. Ал, оралмандар мен шетелдердегі қазақ диаспорасы үшін екі пайыз квота қаралған. Биылғы жылы 160 мыңнан аса өтініш тапсырылса, былтыр 122 мың өтініш қабылданды.

Ауылшаруашылық, педагогикалық, техникалық мамандықтарға берілетін квота көлемі өскен. Республика аймақтарында жүріп жатқан білім сынақтарына да министрлік тарапынан өкілдер қатысуда.
XS
SM
MD
LG