Accessibility links

Қазақстандағы ішкі ахуал


Қазақстаннан келіп жатқан ақпарларға қарағанда, жергілікті сайлау комиссиялары облыстық және қалалық маслихаттар депутаттарын сайлауға түрлі сылтау-желеумен бизнес-құрылымдардың өкілдерін жібермеуге тырысып бағуда.

Соның нәтижесінде Алматы қаласындағы кәсіпкерлердің Тәуелсіз Ассоциациясы бүкіл Маслихат сайлауына байкот жариялауға дейін баратынын мәлімдеуде. Белгілі тәуелсіз саясаттанушы әрі тарихшы-ғалым Н.Масановтың мәлімдеуінше, кәсіпкерлерді елдегі ресми биліктің өзі депутаттыққа, яғни саясатқа жібергісі келмейді. Өйткені, Н.Масановтың пікірінше, президент Н.Назарбаев Қазақстанда ұлттық буржуазияның пайда болуынан, кәсіпкерлер табының қалыптасуынан зәре құты қалмай қорқады, кәсіпкерлер саяси тәуелсіздікке қол жеткізуге әрекеттенсе, онда ол әрекет президент маңайындағыларды “қасқыр шапқан малдай дүрліктіріп”, олардың үлкен саясатке келуіне жол бермеу үшін, қатаң шаралар қолданады

Қазақстаннан келіп жеткен бір ақпарға қарағанда, кәсіпкерлердің Тәуелсіз Ассоциациясы маслихат депутаттарын сайлауға байкот жариялайтынын ескертіп, дау-дамай көтеруде. Оған басты себеп, Алматы қалалық маслихаты депутаттығына аталмыш қоғамдық бірлестіктің атынан ұсынылған үміткерлерді жергілікті сайлау комиссиялары “тіркеу құжаттарын кеш тапсырды” деген сылтаумен қасақана тіркемей отырған көрінеді. Кәсіпкерлердің мәлімдеуінше, сайлау комиссиялары тіркеу құжаттарын қабылдаған уақытын (күні, айы, жылы және сағат. С.А.) ешқайда көрсетпейді, ал үміткерлерді тіркемегені жөніндегі құжат-қағаздарды да нөмірлемейтін болып шықты. Бізге телефон арқылы берген сұхбатында кәсіпкерлердің Тәуелсіз Ассоциациясының жетекшісі Талғат Ақуов жергілікті сайлау комиссияларының осындай келеңсіз іс-әрекеттерін толық растады.

Т.АҚУОВ: Қалалық (Алматы қалалық. С.А.) маслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеудің түрлі амал-айласын пайдаланған сайлау комиссияларының төрағалары, кәсіпкерлердің қоғамдық бірлестігі – Тәуелсіз Ассоциация өкілдерін – Алматы қаласындағы әрбір сайлау аймағына біз ұсынған 31 үміткерді тіркеуге жібермей қойды. Түрлі қулық-сұмдықты қолданып тіркеуден бас тартты. Біз өзіміздің депутаттыққа үміткер есебіндегі заңды құқымызды қалпына келтіру үшін сотқа арыз бердік. Ал егер сот мекемесі әділ шешім қабылдамаса, онда ондай сайлауға байкот жариялау керек. Қазір соттың үкімін тосып отырмыз. Біз, кәсіпкерлер – Алматы қаласының қатардағы тұрғындарымыз, қатардағы кәсіпкерлерміз. Біздің біріміздің де саяси оппозицияға тиіп-қашты қатысымыз жоқ. Кәсіпкерлер қала деңгейіндегі сан-алуан проблеманы шешуге, қаланың бейнесін көркейте түсуге септігін тигізетін заңдар қабылдаға атсалыссақ деп едік.

Қазақстандық кәсіпкерлерді Маслихат сайлауынан аластату себептерін республиканың Орталық сайлау комиссиясынан сұрап білмек болып телефон арқылы байланысқанымызда, комиссия төрайымының орынбасары Қ.Тұрғанқұлов одан тіпті бейхабар болып шықты.

Қ.Т.: Мен оны білмейді екенмін. Бізде бүкіл республика бойынша 8 мыңға жуық үміткер тіркелген. Оның қайсысы қандай себеппен тіркелмегенін біз дәл осы күні сараптап, анықтап жатырмыз.

Демократиялық оппозиция қатар, кәсіпкерлердің қоғамдық құрылымы өкілдерін де Маслидаттар депутаттығына үміткер ретінде тіркеуден бас тартуға көп себептің бірі – табыстары жөніндегі декларацияларын тапсырмаған көрінеді. Ал Орталық сайлау комиссиясы төрайымының орынбасары Қуандық Тұрғанқұловтың мәлімдеуінше, дептаттыққа үміткер ретінде тіркеу үшін табысы жөніндегі декларацияны тапсыру тіпті қажет емес.

Қ.Т.: Депутаттыққа үміткер ретінде тіркелу үшін твабысы жөніндегі декларацияны тапсырудың қажеті жоқ! Қазақстан Республикасының “Сайлау туралы” заңында ондвай сөз атымен жоқ.

Ал кәсіпкерлердің Тәуелсіз Ассоциациясының жетекшісі Т.Ақуов өзі бастаған қоғамдық бірлестік тарапынан ұсынылған үміткерлерді тіркемеудің 2 себебі бар есептейді. Оның біріншісі – Қазақстандағы сайлау туралы заңның әлсіздігі; ал екіншісі – сайлаудың соңында белгісіз бір күштің саяси мүддесі жатыр. Міне сол беймәлім күш, Т.Ақуовтың пікірінше, кәсіпкерлерді сайлауға жібергісі келмей отыр. Т.Ақуовтың өзі ол қандай күш екенін не, өзі мәлімдегендей, шынында да білмейді, немесе - білгенін ашық айтуға жасқаншақтап отыр. Әйтсе де, оның пікірінше, ол күш кәсіпкерлерді сайлаудан асқан қулықпен аластатып отыр.

Қазақстандағы жергілікті сайлау комиссияларының кәсіпкерлерді Маслихат сайлауына жібермей, әуре-сарсаңға салуының сырын, дегенмен де, белгілі тәуелсіз саясаттанушы әрі тарихшы-ғалым Н.Масанов былай деп тәптіштеп ашып, сипаттап берді.

Н.М.: Баяғыда, сонау 1993/94-інші жылдардан бері президент .Назарбаев Қазақстанда ұлттық буржуазияның қалыптасуына тосқауыл қоятын бағыт-бағдар ұстанып келеді. Ол ұлттық буржуазиядан зәре құты қалмай қорқады. Өйткені, буржуазияға өзінің тегеурінді саяси бақталасы деп қарайды. Міне сондықтанда соңғы жылдардағы экономикалық саясатында президент Н.Назарбаев кәсіпкерлер табының пайда болуына тосқауыл қоюда. Ол буржуазияны менеджерлердің, басқарушылардың табымен алмастыруға тырысып бағуда. Н.Назарбаев үшін ең қолайлысы – Қазақстанды шетелдік менеджерлер мен басқарушыларға беру болып отыр. Сол себепті де ол елге шетелдік инвесторларды қаптатты. Ал отандық кәсіпкерлерді ешқайда жібермей, аяқ-қолын матап ұстап отыр және Қазақстандағы қаржы айналымы 100 мың доллардан асқан кез-келген кәсіпкер – іс-жүзінде елдегі арнайы қызметтер мен Н.Назарбаевтың жақын маңайындағылардың қатаң бақылауына қарайды: Егер кәсіпкер саяси тәуелсіздікке жетуге әрекеттенетіндей болса, онда ол президент маңайындағыларды “қасқыр шапқан малдай дүрліктіріп”, кәсіпкерлерді саясатқа жолатпау үшін қатаң шаралар қабылдайды. Міне бұл жағдай – Н.Назарбаевтың Қазақстанда әділ сайлау өткізуге дайын еместігін, әділ сайлаудан қорқатынын “тайға таңба басқандай” айқын көрсетеді. Н.Назарбаев – сайлауға демократиялық оппозицияны ғана емес, біз көріп отырғандай, сондай-ақ кәсіпкерлерді де, жұмысшы қозғалысын да және басқа да қоғамдық құрылымдардың өкілдерін де жібергісі жоқ:

Радиотыңдаушыларымыз ұмыта қоймаған болар деп ойлаймын, 1994/95-інші жылдар шамасында Н.Назарбаев өзінің ішкі саясатында қалыптаса бастаған ұлттық буржуазияға арқа сүйейтінін ашық мәлімдеген болатын. Алайда тәуелсіз саясаттанушы Н.Масанов президент Н.Назарбаевтың ол мәлімдемесін тіпті керісінше қабылдайды.

Н.М.: Біз елдегі ахуалды көптен бері қалт жібермей қадағалап келеміз. Н.Назарбаевтың аузымен бір нәрсені айтып, іс жүзінде тіпті басқаны нәрсені істейтінін біз жақсы білеміз. Н.Назарбаев – қазақ тілінде бір сөйлесе, орыс тілінде сөйлегенінде тіпті басқаны айтады. Сондықтан да, Н.Назарбаевтың бос сөздеріне ешқашан сенім артуға болмайды. Менің өз басым соңғы 12 жыл бойы Н.Назарбаевтың саяси-экономикалық қадамдарын мұқият бақылап келемін. Сондықтан да оның жалаң сөзбен айтылған мәлімдемелерін түкке тұрмайды деп айтуға толық құқым бар деп ойлаймын.

Профессор Н.Масанов Қазақстандағы кәсіпкерлер табы мен мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың өзара қарым-қатынасының қыр-сырын да сипаттап берді.

Н.М.: Н.Назарбаевтың жүргізіп жатқан саясатына кәсіпкерлердің көңілі толмайтыны – құпия емес. Өйткені, ол негізінен шетелдік инвесторларды немесе “шетелдік инвестордың” атын жамылғандарды қолдап-қолпаштап келеді. Онысын президент ұлттық біржуазияның мүддесіне қасақана қарама-қайшы істеп отыр. Ол саясаты әлі де жалғасуда. Қысқасын айтқанда, президент Н.Назарбаев кез-келген саяси бәсекелесінен қатты сескенеді. Сол себепті де ол кәсіпкерлер табының өкілдерін де, азаматтық қоғамның пайда бола бастаған нышандарын да сонау бастан басып-жаншып жатыр.

Тоқсан сөздің тобықтай түйінен айтар болсақ, осы күндері Қазақстанда жүріп жатқан сайлауалды науқаны ел ішіндегі саяси ахуалды, дәлірек айтқанда республикадағы ресми билік пен қоғамның ара-қатынасын айқындап аша түскен сияқты. Президент Н.Назарбаев бастаған ресми биліктің қалың бұқараның, қоғамдық ұйымдардың белсенділігінен сескенетінін айқын аңғартты. Ресми Астана - елдегі демократиялық оппозициядан ғана емес, басқа да қоғамдық ұйымдардан, оның ішінде – күні кеше ғана қалыптасып, буыны енді ғана қатая бастаған кәсіпкерлер табының өкілдерінен де жасқанатын көрінеді. Ал жас елдегі кәсіпкерлікпен шұғылданатын халықтың саны 2 млн-нан асып жығылатынын ұмытпасақ, ол, өз кезегінде, Қазақстандағы қазіргі ресми билікті қолдайтын, ресми биліктің арқа сүйей алатын қоғамдық күштердің қатары бұрынғыдан да сирей түскенін байқатады. Демек, Қазақстан президенті Н.Назарбаевтың британдық “Файнэншл Таймс” газетіне берген соңғы сұхбатындағы мәлімдемесі “аңқау елге айтылған арамза молланың сөзі” болып шығады. Ол сұхбатында президент Н.Назарбаев, шамамен, “менің саясатымды республика халқының 80 пайызы қолдайды, сондықтан мен 2006-ыншы жылғы президент сайлауына қайта түсемін” деп мәлімдеген болатын.
XS
SM
MD
LG