Accessibility links

Оралмандар өркениетi


Шетелдегi қазақ диаспорасының қалыптасуы XVII-XVIII ғасырдан басталады. Осы кезеңдегi жоңғар шапқыншылығынан қазақтардың 1 миллионнан астамы қырылып, бiраз бөлiгi атажұртын тастап, шет өлкелерге барып бас сауғалаған. Осыдан қазақ халқының түрлi қуғын-сүргiннен ата мекенiн тастап шетелдерге жаппай қоныс аударуы XIX ғасырдың басынан XX ғасырдың 30-жылдарына дейiн әлденеше рет қайталанған. Бұл ретте патшалық Ресейдiң отарлау саясатының және Кеңес Одағының жаппай ұжымдастыру, тәркiлеу науқандарының айрықша зардабы болғаны анық. Сол замандарда шетел асып кеткен қандастар мал жанын ғана алып өтпей, сандыққа, қойны-қонышына тығып, зердесiне тоқып, өз ұлтының орасан мол баға жетпес рухани мұраларын қоса ала кеткенi де рас. Ендi бүгiн қазақ жұрты тәуелсiздiгiн алғанда, бас сауғалап кеткен ағайындардың ұрпақтары оралман болып елге оралуда. Мемлекет тарапынан оралмандарға барынша қолдау көрсетiп, бастарына баспана берiп, ата жұртына бiржола сiңiп кетулерiне зор мүмкiндiктер жасалынып жатыр. Өткен 2002 жылы Түркiстанда өткен Дүниежүзi қазақтарының құрылтайында Шетелдегi Отандастарды қолдаудың 2003-2007 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы әзiрлендi. Ал бiз осы уақытқа дейiн сол замандарда шетел асып кеткен қазақтармен бiрге ұлттың мәдени мұрасы да ел асып кеткен жәдiгерлердi қайтаруды, егер бар болып жатса сол оралмандардың ата-бабаларынан қалған мұраларды, жазба ескерткiштердi де ата жұртқа қайтару, оларды зерттеу мәселесiнен шет қалып келедi екембiз. Осы мәселенi Азаттық радиосының тұрақты тыңдарманы, Отырардағы Отырар мемлекеттiк археологиялық қорық музейiнiң директоры Абдолла Жұмашев деген азамат алғаш көтерiп отыр. Ол өз қаражатымен Оңтүстiк Қазақстан облысы Жетiсай, Түркiстан, Отырар елдерiне көшiп келген оралмандардың қоныстарын аралап, сол уақыттарда бабалармен кеткен, бүгiнде оның ұрпақтары арқылы елге қайта оралған жәдiгерлердi iздестiрiп жүр екен. Сол оралмандар өркениетiн iздеу барысында Абдолла Жұмашев деген азамат қазақ, иран, тәжiк жұрттарына аты шыққан зергер Әкрем Әкiмұлының ұрпақтарына кезiгiптi. Ұрпақтарымен әңгiмелесу барысында Әкрем Әкiмұлының тек қана зергер емес, ел-жұрттың қисса-дастандары жазылған қолжазбаларын жинап сақтаған ақындығына да көз жеткiзiптi. Абдолла Жұмашевтың айтуынша, зергердiң өзi 1972 жылдың ақпанында дүние салыпты. Бар мұрасын баласы Қаймiр Әкремұлына қалдырып кеткен. Сол баласы әкесiнiң жинаған қолжазбасын, бiр сандық зергерлiк бұйымдарын Отырар музейiне қою үшiн Абдолла Жұмашевқа табыс етiптi. Атақты зергер Әкрем Әкiмұлының ата-бабалары XIX ғасырдың басында Маңғыстаудан Иран ауып, одан Тәжiкстанға табан тiреген екен. Оның әкесi сол заманда, тәжiк, ауған, иран жұртына аты шыққан атақты зергер болыпты. Ол сонымен қатар қазақ дастандарын жатқа айтатын жыршы болыпты және атақты тәуiп те болған екен. Ол адамдарға өзi операция жасап, бүйректерiндегi тасты алып тастайды екен. Осы әкесiнiң барлық қасиетi Әкрем Әкiмұлына қоныпты.

Мәдениет танушы Абдолла Жұмашевтың айтуынша, жоғарыдағы өнер иелерiнiң елге жеткен зергелiк бұйымдарының саны 30 дан асады. Әкрем Әкiмұлы сақтаған қолжазбалардың iшiнен араб хәрпiмен жазылған қазақтың романтикалық ғашықтық жырлары да бар екен. Қолжазбалардың iшiнде ата жұртына деген сағыныш сазды өлеңдерi де сақталыпты.

Отырар өлкесiндегi Отырар археологиялық қорық музейiнiң директоры Абдолла Жұмашев оралмандар өркениетiн мемлекеттiк деңгейде мән берiп сақтап қалуымыз керек дейдi. Алайда осы оралмандар өркениетiн ел кезiп, жан-жақты зерттеуге қаржы қаражат жоқ. Осыған мемлекет тарапынан қолдау көрсетсе екен,–дейдi оралмандар өркениетiн қалыптастыруға ат салысып жүрген Абдолла Жұмашев.
XS
SM
MD
LG