Accessibility links

«Тұлпар» поезына тек ауқатты жандар ғана міне алады


Қыркүйектің 13-күні Астана қаласының темір жол вокзалынан Алматыға қарай аттанған «Тұлпар» деп аталатын жүрдек поезын сапарға шығарып салу рәсімі ерекше салтанатты жағдайда өтті. Оған республика президенті мен үкімет мүшелері де қатысты. Астана мен Алматы арасындағы жол жүру мерзімін тоғыз жарым сағатқа қысқартып отырған бұл поезды Испанияның «Тальго» фирмасы жасап шығарған.

- Ол тіркемелі 22 вагоннан тұрады. Вагондардың 12-сі «турист-класс» (20 орын), 3-і «бизнес-класс» (12 орын) және 3 вагон «гранд-класс» (10 орын), – дейді Қазақстан темір жолының қызметкері Дәмеш.

Испандықтардың қолынан шыққан жаңа поездың ішінде 14 сағаттық жолда жолаушының зерікпеуі үшін барлық дүние қарастырылған. Бір вагонда мейрамхана болса, келесі бір вагонда бар жұмыс істейді. Қазақстан астанасы мен оңтүстік өңірді жалғастырып отырған бұл поез аптасына екі рет жолға шығады.

- Келешекте оны осы бағытта күнделікті жүретін жүрдек поезға айналдыру жоспарда бар, – дейді Астана темір жол вокзалының аға билет сатушысы Наталья Владимировна.

Қазіргі таңда Астана мен Алматы арасына екі фирмалық поез қатынайды, олар Алматы – Астана және Алматы – Петропавл. Одан өзге Алматыдан Астана арқылы Қостанай, Павлодар бағыттарына жүретін шапшаң поездар да бар. Бірақ кейде, әсіресе жаз айларында, жолаушылар легі жиілеген кезде, Алматы бағытындағы поездарда билет тапшылығы да болып тұрады. Сондықтан бұл жаңа поездың бағытқа шығуы әлгіндей проблеманы жеңілдетуге септігін тигізеді дейді темір жол қызметкерлері. Жаңа поезда жол жүру құны 53 доллардан бастап 84 доллардың аралығында. Қарапайым қазақстандықтар арасында мұндай ақшаны қалтасы көтермейтіндер аз емес. Солардың екі-үшеуін сөзге тарттық. Алдымен жолықтырғанымыз Мұрат пен Айдын есімді ағайынды жігіттер Астанаға оңтүстік жақтан жаз маусымында жалданып ақша табу үшін келіп, енді күз түскен соң үйлеріне қайтып бара жатқан беттері екен. Екеуінің де отбасында күтіп отырған бала-шағасы бар.

Айдын, жалданбалы жұмысшы:

- Бұл бағаны біз секілді қарапайым адамдардың қалтасы көтермейді. Мен үшін Алматыға дейін лайықты баға 1500-2000 теңге. Сондықтан мына поезға тек сыртынан ғана қызықтап қарап тұрмын.

Мұрат, жұмысшы:

- Қазір Қазақстанда халықтың 70 пайызы қайыршылық күй кешіп жатыр. 7800 теңгені біреулер маңдай терімен айлап бейнет тартып жүріп табады. Менің табатыным 15 мың теңге ($100), сондықтан, бұл поезға отыруға менде шама жоқ.

Мұнан кейінгі сұқбаттасымыз Самат есімді студенттің шәкіртақысы екі жарым мың теңге. Бұл ақшамен “Тұлпар” секілді әдемі поездарға міне алмаймын дейді ол.

Самат, студент: - Бұл поезбен тек дөкей қызметтегі шенеуніктер ғана жүреді деп ойлаймын.

Осындай пікірді Астанадағы бюджеттік мекемелердің бірінде жұмыс істейтін Әлия да қостайды.

Әлия, төменгі буынғы мемлекеттік қызметкер: - Менің табысым аз, мұндай поезбен жүруге менде мүмкіндік жоқ. Бұл поез біздегі өте ауқатты, бай адамдарға – парламент депутатарына, әкімдерге, бизнесмендерге және солардың туған-туыстарына арналған ғой.

Сонымен Астана мен Алматы аралығындағы темір жол қатынасы жаңа үлгідегі тағы бір поезбен толықты. Бірақ әзірге ол поездың билет бағасы кез-келген қазақстандықтың қалтасы көтеретіндей деңгейде емес.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG