Accessibility links

Шешенстан тұрғындары мина жарылысынан зардап шегуде


Халықаралық ұйымдардың зерттеулеріне қарағанда жер асты миналарынан ең көп зардап шегуші Шешенстан жері болуда. Бұл жерде жыл сайын сандағын адамдар қаза тауып немесе жараланып жатады.

Минаны қолдануға тиым салу бойынша халықаралық ұйымның мәліметтеріне қарағанда, Шешен топырағы осы қару түрінен әлемдегі ең көп зардап шегуші ел болуда. Бұл халықаралық топ осындай игілікті істері үшін 1997-ші жылы Нобель сыйлығын алған болатын.

Бұл ұйым мәліметтері бойынша өткен жылдың ішінде Ичкерия жерінде 5 мың 695 адам фугасты бомба кесірінен қаза болып немесе жараланған. Аталған көрсеткіш 2001-ші жылғы қайғылы оқиғалармен салыстырғанда екі есеге көп болып отыр. Республика халқы санының бір миллионнан да аз екендігін еске алсақ, жағдай одан әрі түсінікті бола түсер. Мәскеу тарапынан тағайындалған Шешенстан ресми тұлғалары аталған сан көрсеткіштерін растаудан жалтарып отыр. Соғыстан әбден қажыған республикада мұндай мәліметтер жинау мүмкін емес-, дейді олар.

Шешенстан İшкі істер министрінің орынбасары Ахмед Дакаевтің Интерфакс ақпарат агенттігіне хабарлауынша өткен жылы аз ғана адамдар минаға түскен болып тұр. Хьюман Райтс Вотч ұйымының қызметкері Марк Хизней жоғарыда аталған Миналарға тиым салу бойынша халықаралық шараларға өз үлесін қосуда. Азаттық радиосына оның айтуынша, мәліметтер Ресей Денсаулық сақтау министрлігінен және АҚШ өкіметі мен БҰҰ жанындағы Балалар қоры жинақтаған деректерден алынған екен.

Хизнейдің пікірінше фугасты бомбалар Шешенстанда аз ғана уақыттың ішінде кең таралған қару түріне айналған. “Соғысушы жақтар арасындағы шығындар жөнінде күн сайын ақпараттар түсуде. Миналарды қолдану Ресей федералдық күштері үшін де, Шешен көтерілісшілері үшін де қолайлы қару түріне айналуда. Мұндай шабуылдар жөнінде сіз көптеген хабарлар оқи аласыз. Ал, фугасты бомбалардан зардап шегуші ең басты адамдар-қарапайым азаматтар болуда-, дейді Хизней мырза. Оның сөзіне қарағанда, өткен жылғы зардап шеккен 5.695 адамның 938-і балалар екен.

Соғыс аймақтарындағы балалар тағдырына орай БҰҰ-ның арнайы маманы Олара Отунудың сөзіне қарағанда, былтырғы жылы Шешенстанда бірнеше мыңдаған балалар зардап шеккен. Оның есебінше, шешен жерінде жарты миллиондай мина көмулі жатыр. Осылайша Ичкерия жері әлемдегі Ауғанстан, Ангола және Шри Ланка сияқты елдер қатарында минадан ең көп зардап шегуші елге айналып отыр. Минаға тиым салатын Оттава келісіміне 1997-ші жылы Ресей қол қойған жоқ. Ол келісім бойынша адам өміріне қауіп тудыратын миналарды қолдануға, өндіруге, таратуға тиым салынады. Бұл келісімнің орындалуын қадағалауға байланысты арнайы конференция келер аптада Тайландта болмақшы.
XS
SM
MD
LG