Accessibility links

Ирақта тікелей сайлаулардың өткізілуін шиилер көсемдері талап етіп отыр.


Өтпелі кезеңдегі Ұлттық Ассамблеяны тиімді жолмен қалай анықтауға болады?-деген сауал Ирақтағы ықпалды билікке ие саяси басшыларға қойылуда. Шии басшылары болса бұл үшін тікелей сайлаулардың өткізілуін талап етуде.

Келер жазда ирақтықтар қолына егемендік билікті табыс ету жөнінде ресми Уашингтон арнайы жоспар ұсынған болатын. Осыған орай, өткен бірнеше апталардан бері Ирақ саясаткерлері бұл сауал төңірегінде түрлі пікірлер айтуда. Атап айтқанда, өтпелі кезеңдегі Ұлттық Ассамблеяның құрамын қай тұрғыда анықтау мәселесі үлкен сауал туындатып отыр. Келер жылдың мамыр айында құрылымы белгіленетін ол Ассамблея мүшелері өз кезегінде маусым айының соңына қарай, өтпелі ұлттық өкімет құрамын анықтайтын болады. Содан кейін, әрине коалициялық Өтпелі өкімет өз қызметін тоқтатып, сол арқылы АҚШ-тың бастауындағы күштердің Ирақты басып алушылығы ресми түрде аяқталмақшы-, дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Сергей Данилочкин. Ал, елдегі шиилер басшыларының бірі Аятоллах Әли-Систани тікелей сайлаулардың өткізілуін қолдап отыр. Мұндай әдіс әрі шынайы, сондай-ақ болашақта бұл үкімет билігінің заңды болуын қамтамасыз етеді-, дейді шии басшылары. Дей тұрғанмен Систани мырза осы ұсыныстарын әзірге ресми түрде, көпшілікке жариялай қойған жоқ. Ол тек өзімен жеке жағдайда кездескендерге ғана ойын жеткізуде. Ел тұрғындарының басым бөлігі шиилер болғандықтан, елдегі азшылық топ өкілдері мұндай тікелей сайлаулар нәтижесінде билік тұтқаларына қолдарының жете алмай қалуы мүмкін екендігі жөнінде алаңдаушылық білдіріп отыр. Алайда, шиилер басшылары аталған наразылықтарды қаперге алмауға тырысуда. Лондонда орналасқан Экономикалық ақпарат одағының талдаушысы Нейл Патриктің пікірінше тікелей сайлаулар өткізу жөніндегі ұсыныс ирақтықтар тарапынан көбірек қолдау табуы мүмкін. “Ассамблеяны анықтау туралы АҚШ тарапынан жасалған ұсыныстың кейбір жағымсыз жақтары бар. Себебі, мұндай әдісті қолданған жағдайда, Өкіметтік Кеңес өзіне тиімді үміткерлерді таңдауы мүмкін. Сондықтан да көптеген ирақтықтар бұл орайда бірауызды болмай тұр-, деді Патрик мырза. Ирақта шии өкілдері санының тым басымдылығы бұл ел түптің-түбінде көршілес Иранның үлгісімен кетпес пе екен-, тектес мазасызданушылықты туындатуда. Яғни, саяси билік діни адамдардың қолында қалмас па екен-, деген күдік жоқ емес. Ал, шиилердің көптеген консервативтік бағыттағы басшыларының Ирақ үшін ресми Техранның билік құрылымын үлгі ретінде ұсынып отырғаны да рас. Сондықтан да, Партрик мырзаның пікірінше, ирақтықтарға билікті тапсырмас бұрын бұл істің елдегі барлық үлкенді-кішілі топтар үшін бірдей тиімді болуын АҚШ тарапы айрықша қарастыруы керек. Демек, Ирақтағы болашақ билік жүйесі ортақ істерді барынша кеңесе отырып шешетіндей, сондай-ақ ел болашағына толық жауапкершілікпен қарайтындай бола білуі тиіс-, дейді сарапшылар.
XS
SM
MD
LG