Accessibility links

Қазақстан- Британ техникалық университетінде мұнай-газ мамандарын дайындайтын мектеп ашылды


Республиканың мұнай- газ саласында қызмет істейтін жоғарғы дәрежелі кәсіби мамандар дайындау – бұл бүгінгі күнгі уақыт талабы. Қазақстан – Британ техникалық университетінің оқу жүйесіне енгізілген жаңа магистрлік бағдарлама да осы сұранысты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып отыр.

«Қазірде мұнай- газ саласына түрлі жаңа технологиялар енгізілуде. Ал Қазақстанның кей жоғарғы орындарында дайындалған мамандар көп жағдайда ол технологиялармен жұмыс істей алмайды. Мақсат- мұнай саласындағы ғылымның соңғы жетістіктерін игерген Қазақстандық мамандар дайындау» дейді аталған университет басшысы Әділ Ахметов.

Қазақстан – Британ техникалық университетінде халықаралық магистрлік бағдарламалар мектебінің ашылу салтанатына орай Ұлыбритания премьер- министрі Тони Блэр арнайы құттықтау хат жолдапты. Онда Британияда британдық мұнай- газ өндірісіне мамандар дайындау мен білім беру ісінің соңғы отыз жыл көлемінде қарқынды дамығанын алға тартқан Тони Блэр, енді сол тәжірибелердің Қазақстанның мұнай өндірісінде пайдаланылу мүмкіндігін қолдайтынын жеткізген. Магистрлік бағдарламалар мектебінде Британия белді университеттерінің профессорлары дәріс оқиды.

Қазақстан- Британ Техникалық университеті осыдан екі жыл бұрын ашылған болатын. Қазірде онда барлығы 540 студент білім алуда.
XS
SM
MD
LG