Accessibility links

Қызды ықтиярсыз тұрмысқа беруде Ауғанстанда бір жаман әдет сақталып отыр.


Жауласқан екі жақтың бірінің азаматы қаза болса, онда құн төлеу орынына кісі өлтірген жақ бір қызын өз қарсыластарына зорлықпен күйеуге беріп жатады. Осындай тайпалық жаман дәстүр күні-бүгінге дейін Ауғанстанда сақталып отыр.

Пуштун тайпасының ежелгі дәстүрі бойынша, екі отбасы немесе қос тайпа арсындағы жанжал барысында ер азамат қаза болса, онда құн дауының өтемін жергілікті Лойа жырға мүшелері шешетін болады. Мұндай жағдайда кісісі шығын болған жаққа, қан төккен жақ бір қызын құн өтемі үшін беруі тиіс. Аталған дәстүр бойынша, әрине қыздың ықтиярымен мәселенің шешілмейтіндігі өз-өзінен белгілі жәйіт. Тіпті кей жағдайда, жарық дүниеге келгеніне бірнеше ай ғана болған сәби-қыз байқұс та тағдырдың мұндай қамытын, туылмай жатып мойнына іліп жататыны бар. Ол қыз өсе-келе, сол тайпа ақсақалдары мен игі-жақсыларының баяғы шешімі бойынша, құн дауының құрбаны боп сүймеген кісісіне тұрмысқа барып жатады-, дейді Азаттық радиосының тілшісі Фарангиз Нажибуллах. Мұндай әрекеттерге Ислам шарттары бойынша қатаң тиым салынғаны белгілі. Вардақ провинциясындағы Пуштун өкілдерінің бірі Абдулвали Ахмадияр аталған дәстүр сырын былайша түсіндіреді. “Құн төлемі- қылмыстың деңгейіне байланысты. Егер ер азамат жанжал барысында қолы, аяғы немесе құлағынан айрылса, ондай жағдайда ол жігіт жағына қарсылас жақ сәби қызды қалыңдық ретінде белгілейді. Ал, әлгі бір мүшесінен айрылған жігіт жағы, саби қыз үшін, әдеттегі қалыңдыққа берілетін қалыңмалдың тек төрттен бір бөлігін ғана төлейді де қояды. Ал, егер қақтығыс кезінде азамат адам көз жұмса, онда кінәлі жақ бір бойжеткен қызын қалыңсыз, тегін күйде, тез арада кісісі шығын болған жаққа тұрмысқа беруі тиіс”-, дейді Ахмадияр деген азамат Азаттық радиосына берген сұхбатында. Оның пікірінше, екі жақты жарастырып, жауласудың одан әрі өршуіне жол бермеу үшін, бұл-нағыз дұрыс шешім. Ал, сондай заң кесірінен еріксіз тұрмысқа шыққан сормаңдай әйелдердің бірі, 24 жасар Хамиданың пікірінше, мұндай шешімдер үнемі екі жақты татулыққа жеткізе бермейді. Керісінше, қаза болған азаматы үшін қайын жұрты әлгі келіннен өш алуға барынша тырысып та жатады екен.

Мұндай зорлықы жолмен ұзатылған қыздардың санын дөп басып айта қою қиын. Алайда, Ауған әйелдері журналының редакторы Шүкрия Барекзай ханымның айтуынша, ондай әйел байқұстардың саны елде едәуір. Оның бағамдауынша, Ауғанстандағы азаматтық заңдардың жергілікті жердегі тайпалық заңдардан күші басым түсе қоюы жақын болашақта екіталай. Тіпті кісі өлімі болып жатқан жағдайда да азаматтар полиция немесе басқа да азаматтық ресми өкілдерден гөрі жергілікті Лойа Жырға кеңесі төрелігіне жүгініп жатады. Демек, адам хұқын, оның ішінде әйелдер хұқын аяққа таптайтын мұндай жаман әдеттен тайпа ішінде тез арада қол үзіп кете қою аса қиынға түсуде. Мүмкін болашақта Діни және ресми насихаттарды күшейте отырып, адамдар санасына өзгерістер әкелуге болатын шығар-, дейді Барекзай ханым. Ауған өкіметі болса, әйелдер рөлін көтеріп, әр провинциядан кем дегенде екі әйел делегатты Парламентке сайлап, сондай-ақ қос өкімет басшысы орынбасарының бірін әйел адамнан белгілеуді көздеуде.
XS
SM
MD
LG