Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы Заманбек Нұрқаділов, 11 наурыз күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етіп мәлімдеме жасағаны белгілі. Жұма күні Абылай хан даңғылының бойында орын тепкен, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігіне барған кезімізде, осы мекеменің ішіндегі күзеттің күшейтілгендігі аңғарылды. Мұның себебін сұраған кезімізде, күзетте тұрған солдаттар бұл оқиғаның күндегі қалыпты жағдай екендігін айтып берді. Осы агенттіктің қызметкерлері де күзеттің не себептен күшейтілгендігінің себебін білмейтіндіктерін баяндады.
Ал, қазақстандық кейбір сарапшылар Заманбек Нұрқаділовтың мұндай мәлімдеме жасауына обьективті себептердің ықпалы болуы мүмкін деген болжамдар жасай бастады. Біз бейсенбі күні кешке және жұма күні таңертең Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы Заманбек Нұрқаділовпен хабарласуға қанша тырысқанымызбен, ол әрекетімізден еш нәтиже шықпады. Ал, Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы Заманбек Нұрқаділов болса, 11 наурыз күні сөйлеген сөзінде жиырма бес жыл білетін Нұрсұлтан Назарбаев туралы мәлімдеме жасап, баспасөз конференциясын өткізуге тура келетіндігі жөнінде бұрын-соңды ойламағандығын айтқан болатын. Заманбек Нұрқаділовтың айтуынша, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың іс-әрекеттері үшін Кореяның экс-президенті Родеудан да қатаң жаза қолдануға болады.
«Жұрттың бәрі де бірнеше мыңдаған доллар пара алғандығы үшін, Кореяның экс-президенті Родеуға өмір-бақи түрмеге отыру жазасының кесілгендігін жақсы біледі. Бүкіл байлықты өз отбасының иелігене бергені және билігін асыра пайдаланғаны үшін Румынияның мемлекет басшысы Чаушеску өлім жазасына кесілген болатын. Парламент сайлауы қорытындысын, бұрмалағаны үшін Грузияның бұрынғы президенті Эдуард Шевернадзе үй қамауына алынып, ал оның күйеу баласы түрмеде отыр. Мұның бәрі де шет ел басылымдары арқылы сізге жақсы таныс. Сіз не күтіп отырсыз? Неліктен сіз өз еркіңізбен отставкаға кетпейсіз. Қалай болған күнде де сіздің тағдырыңызды халық шешеді. Бірақ мен бір нәрсені анық айта аламын. Сіздің биліктің басында отырғаныңызға он алты жыл болды. Бұл американдық және орыстық өлшеммен есептегенде төрт мерзім, еуропалық өлшеммен есептегенде үш, ал қазақстандық өлшеммен есептегенде екі мерзім болып саналады.
Сондықтан да сіз өз еркіңізбен президенттіктен бас тартсаңыз дұрыс болады ғой деп ойлаймын» деп мәлімдеме жасаған болатын Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы Заманбек Нұрқаділов.
Ал, тәуелсіз журналист Сергей Дувановтың айтуынша, Заманбек Нұрқаділовтың мұндай саяси мәлімдеме жасауы саяси элитаның арасында дағдарыс басталғандығын аңғартады. Оның пайымдауынша, Заманбек Нұрқаділов секілді қырағы саясаткердің ешқашан да ойланбайтын қадам жасауы мүмкін емес. Сергей Дувановтың айтуынша, Заманбек Нұрқаділовтың басына қиын-қыстау күн тууы мүмкін болғандықтан да, оның оппозицияға кетуге мәжбүр болуы ықтимал.
Саясаттанушы Нұрболат Масанов болса, Заманбек Нұрқаділов өте батыл қадам жасады, енді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарапынан бұған жауап болады деген көзқараста.
Ал, мәжіліс депутаты Серік Әбдірахманов, Заманбек Нұрқаділов жұмыс жасаудың орнына көсемдікпен айналысып кетті деп есептейді.
Біз, осы болған оқиғаға байланысты Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаевтың да пікірін білгіміз келген еді. Алайда ол сендер неге менің мазамды ала бересіңдер, мен «Отан» партиясының құрылтайына баяндама жасауға дайындалып жатыр едім деп жауап берді.
Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігінің төрағасы Заманбек Нұрқаділов, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа Кореяның экс-президенті Родеудан да қатаң жаза қолдануға болады деп мәлімдеме жасады
- Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Азаттық толқынында
"Желтоқсан" қалай құрылды? 35 жыл бұрынғы бейресми ұйымның қадамы