Accessibility links

«Ақ жол» партиясы Конституцияға қарсы заңды қабылдауға тікелей қатысы барлар отставкаға кету керек деп отыр


Парламентте қабылданған «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасын Конституциялық Кеңес төрт нөрмасы Конституцияға қайшы келеді деп тапқаннан кейін, Қазақстанның демократиялық «Ақ жол» партиясы аталмыш заң жобасын Конституцияға сәйкес келеді деп табандап тұрып алған Бас прокуратура, әділет минитсрлігі және ақпарат министрлігі отставкаға кетсін деген талап қойып отыр.

«Ақ жол» партиясы тең төрағаларының бірі Алтынбек Сарсенбаев «Біз ол жерде Конституцияның белгілі бір тармақтарына сүйеніп айтып отырған жоқпыз. Біз олардың Конституцияға қайшы келетін заңды және сол Конституцияға тікелей кереғар әсер ету үшін жасаған жұмыстары үшін олардың кетуін талап етіп отырмыз»,– дейді. Оның айтуынша, қоғамда артық дау тудырып, баспасөзге салмақ болған саяси ықпалды күштер толығымен отставкаға кету керек. Сонымен қатар ол моральдық жағынан алып қарағанда Қазақстанның бұл Парламенті өзі жұмыс істеген бес жылдың ішінде екі рет баспасөз туралы заңды қабылдаймын деп үлкен ұятқа қалды. Бұл Парламентке әсіресе, ондағы мүшелері көп «Отан» партиясы үшін бұл оқиға өте теріс баға, – дейді.





Парламент Мәжілісінің депутаты, Азаматтық партиясының мүшесі Болат Әбішов «Парламенттің мерзімі аяқталды. Оны шешетін Конституциялық Кеңес емес, оны шешетін – саясат. Ал шешім дұрыс қабылданды»,– дейді. Ол сондай-ақ Конституциялық кеңестің бұл шешімі билік үшін Парламенттің беделін түсіру үшін құрал ғана болды дейді, – Болат Әбішов.



Ал Парламент мәжілісінің депутаты Рамазан Сәрпеков «Кейбір нормалары Конституцияға қайшы екен деген негізбен бола Үкіметті отставкаға жіберу деген мәселе қою орынды мәселе емес»,– дейді.



Парламент Мәжілісінің депутаты Серікбай Әлібаев болса, «Ақ жол» партиясының мұндай мәлімдемесін қолдаймын дейді. «Сол заңды қолдаған депутаттардың өздері Конституцияны түсінбей, білмей осы заңды қолдады. Менің ойымша бұл көп ойландыратын мәселе. Ал Ақпарат минитсрі Сауытбек Әбдрахманов пен оның орынбасары Ардақ Досжанның әрі қарай ол орындарында отыруына болмайды»,– дейді Серікбай Әлібаев.



Оның ойынша, қазіргі таңда Конституциялық Кеңеске де сенім жоқ. Мәжіліс депутаты Серікбай Әлібаев Алматыда өтіп жатқан халықаралық медиафорумның алдында «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева аталмыш заң жобасына қатысты саяси ұпай жинағанымен, Конституциялық Кеңестің шешімі халықаралық ұйымдар мен елдегі оппозициялық және демократиялық күштердің еңбегі деп біледі.
XS
SM
MD
LG