Accessibility links

Астана қаласы бойынша жер учаскелері аукциондар арқылы ғана сатылуы мүмкін


Қазақстан Президенті биылғы Жолдауында жаңа тұрғын үй бағдарламасы бойынша, әртүрлі әлеуметтік топтарды баспанамен қамтамасыз ету қолға алынатынын, мұндай тұрғын жайлардың 1 шаршы метрі 350 доллардан аспайтынын мәлімдеген болатын. Алайда, аталған соманы да кез-келген адамның қалтасы көтере бермейтіні мәлім болып отыр. Ал Астанада жеке тұрғын үй салу былайғы пәтерлерге қарағанда анғұрлым арзанға түсетіндіктен қала тұрғындары жер алуға ұмтылатын. Бірақ, оларға да енді шектеу қойылатын болды. Келесі айдан бастап Астана қаласы бойынша жер учаскелері аукциондар арқылы ғана сатылады. Қалалық жер ресурстарын басқару жөніндегі комитеттің төрағасы Төлеуғазы Нүркенов «Шілденің алғашқы жартысында өткізілетін аукционға қатысу-қатыспау әр адамның еркінде. Кімнің ақшасы бар, сол жеңіп алады. Аукционды өткізу Қазақстанның кез-келген заңдарына сәйкес келеді, сараптамадан өткізілді» дегенді айтады.

Осыған байланысты жұртшылықтан сауалнама жүргізгенімізде «Біздің аукционға қатысуға шамамыз келмейді» деді. Алмагүл Жылқыбаева «Өзім 3-ші топтағы мүгедекпін, жолдасым жұмыссыз. Сондықтан да мен аукционға қатысып, жер аламын деп ойламаймын», - дейді. Ал өзін таныстырғысы келмеген Астана тұрғыны «Басшылықта отырған азаматтар орта буын адамдарын жолатпай, тек ақшасы бар, әл-ауқаты мықты шенеуніктерге жағдайды жасап жатыр деп түсінемін» - деді.

Қазақстан Республикасы парламенті Мәжілісінің депутаты Жекен Қалиұлы «Жер алушылардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді. Кез-келген адам жер алып, үй салғысы келеді. Осындай мәселенің шешімін аукцион арқылы табуға болады. Бұл жер берудің әділ түрі» -дейді.

Төлеуғазы Нүркеновтың айтуына қарағанда, аукционға түсетін жердің құны қаладан алыс-жақындығына, шұрайлылығына байланысты екен. Аукцион өткізу мәселесі маусымның 16 күні қала әкімдігі жанынан мамандардан құрылған арнайы комиссияның сараптауынан өтіп барып, қалалық мәслихаттың сессиясына бекітуге жіберілмек. Аукцион бойынша сатылатын жер телімдерінің әрбір шаршы метрінің бастапқы бағасы 40 доллар шамасында болуы мүмкін, алайда, жарыспалы сауда барысында жеке меншік үй салынатын жерлер тым қымбаттап кетеді деген болжам бар.
XS
SM
MD
LG