Accessibility links

Пәкістан өзбектің қарулы жасақтарымен байланысы бар деп күдіктелген Әл-қаида жауынгерлерін тұтқындаған


Пәкістанның айтуынша, кейбірі ортазиялық болып шыққан, ұсталған сегіз шетелдік қарулы жасақтың біреуі - Әл-қаиданың жетекшілерінің бірі болуы мүмкін. Алдын ала болжамға қарағанда, олар Пәкістанмен жақын Ауғанстан шекарасындағы белгісіз бір өзбек экстремистік тобына жатады.

Пәкістанның ақпарат министрі шейх Рашид Ахмед АҚШ-қа 2001 жылғы 11 қыркүйек шабуылын ұйымдастыруға құпия басшылық етті деп күдіктелетін Халид шейх Мохамедтің жақын туысы-жиені Мұсаад Аручидің ұсталуы ең үлкен жетістік деп айтқан. Мұсаад Аручи өткен жылы нағашы ағасы Пәкістанда тұтқындалғаннан бері Әл-қаиданың қимыл-арекеттеріне неғұрлым жақынырақ тартылып, белсенді бола бастады деген тұжырым бар.

Пәкістанның ішкі істер министрі Файсал Салих Хаят бұл тұтқындаулар жайында былай деп атап көрсеткен:

-Біздің қауіпсіздік агенттіктеріміз өте керемет табысқа жетті, сөйтіп біз бүкіл елде террор ұйымдастырған, атап айтқанда өткен аптада Карачиде Пәкістан әскерінің басшылық корпусына шабуыл жасаған терроршыларға қарсы жүргізілген шараларда көп нәтижеге қол жеткіздік деген,-Файсал Салин Хаят.

Тұтқындалғандардың енді бірі Әл-қаидамен байланысы бар делінетін Лашкар- и-Жангви тобының жетекшісі Дауд Бадини. Бұл аталған топтың Пәкістанда христиандарға қарсы жасалған бірнеше шабуылдарға да қатысы бар делінеді. Бадинидің сондай-ақ шиит мұсылмандарына қарсы ұйымдастырылып, өткен жылы 100-ге тарта адамның өмірін алып кеткен шабуылдарға қатыстылығы да айтылады.

Хабраларға қарағанда, Бадинидің Әл-қаиданың мүшесі, 1993 жылы Нью-Йорктегі сауда орталығында бомба жарылуына айыпты деп есептелетін Рамзи Иосефпен құдалық жағынан жақындығы бар көрінеді.

Исламабадтың билік басылары ұсталғандардың басқалары туралы анық маліметтер айта қоймаған. Ахмед олардың кейбірі Орталық Азиядан, Ауғанстанмен шекараға жақын жердегі Пәкістанның Уана қаласындағы өзбектің қарулы жасақ тобымен байланысты деп күдіктеледі деген.

-Бұл Жұндулла- Лашкар –Алла, демек Жұндулла -Алланың күші деп аталатын жаңа ұйым. Оның басшысы Атаур Рехман, ол да тұтқындалған. оның орынабасары Шехзад. Шехзадты Уанадағы өзбектер оқытып үйреткен, басқа да ұсталғандардан қазір жауап алынуда,-дейді шейх Рашид Ахмед.

Пәкістанның оңтүстігіндегі Синд провинциясының полиция басшысы Сид Кемал шах ол жауынгерлер жақында Карачиде болған террористік шабуылдарға қатысқан дегенді айтады.

-Карачиде біз 8 терроршыдан тұратын топты ұстадық. Олар осы жақын уақытта қаңтардың 15-і мен маусымның 10 –на дейінгі аралықта Карачиде орын алған жеті бірдей террорлық шабуылдарға қатысқандар,-дейді Кемал шах.

Дегенмен де Исламабадтың терроршыларды тұтқындап үлкен жетістікке жеттік деп айтып жатқанына қарамастан, Пәкістандағы талдаушылар бұл тұтқындаулардың Әл-қаидаға қаншалықты байлынстылығын анық айтып, оның әсерін мөлшерлеуге әлі ертерек дегенді айтады. Лахордағы Пенжаб университетінің саясат және қорғаныс сарапшысы Хасан Аскари Ризви Пәкістан басшылары ұсталғандардан тергеу кезінде қаншалықты ақпарат алады, нәтиже соған байланысты болады деген:

-Олар тұтқынға түскендерден бұл топтар арасында байланыс барлығын айғақтайтын деректер алса, көп нәрсе содан барып белгілі болады. Сондай ақпарат табылса, ол шындығында үлкен жетістік. Бірақ бұл адамдар ұсталып немесе оларға айып тағылып отырған болса, бұл оншалықты маңызды емес,-деп атап көрсетеді талдаушы.

Десек те Ризвидің айтуынша, ұсталғандар қазірдің өзінде өзбек жасақтарының ауған-пәкістан шекарасындағы автономды рулық аймақтардағы кейбір қимыл-әрекеттері жөнінде деректер бере бастаған.

-Бізге жетіп жатқан ақпараттар Пәкістанның рулық аймақтарында өзбек жасақтарының бар екендігін көрсетеді. Олардың кейбірі әскерлермен қақтығыстар кезінде қаза тапқан. Міне бұл Пәкістан үкіметі үшін алаңдауға тұрарлық жағдай, өйткені бұл арада ұлтаралық қатынастар күрделі. Ондай болғанда терроризмнің ұшқыны басқа елдерге де жетеді, әсіресе оқтын-оқтын жағдай шиеленісіп қалатын Орта Азияда қиындай түседі,-деген талдаушы Ризви.

Сондай-ақ ол ортазиялық жасақтар белгісіз бір топтардың мүшесі ретінде Пәкістанда көрініс беріп қалатын болса,оған таңданудың қажеті жоқ дегенді де айтады.

Пәкістан армиясы сондай-ақ жексенбі күні түнде Ауған шекарасына жақын Шакай аймағында террорға қарсы үлкен операция жүргізіліп, оның барысында күдіктелген 55 қарулы жасақтың өлтірілгенін айтқан.
XS
SM
MD
LG