Accessibility links

Арзандатылған дизель отынын ұрлықтан қорғау үшiн қызыл бояу қосылады


Қазақстанда биылғы жылы 11,8 миллион тонна астық жиналады деп күтiлуде. Оның 5 миллион тоннасы экспортқа шығарылмақ. Қазақстанның стратегиялық тауары болып есептелетiн бидайдың әр тоннасын “Азық-түлiк келiсiм шарт корпорациясы” ААҚ-ы 95 доллардан сұрап отыр. Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Абай Есенғалиев болса ресейлiктер Қазақстан бидайының тоннасын 110 доллардан алуға ниет бiлдiруде дейдi. Дегенмен, диқандар қауымы егiн орағы кезiнде жанармай бағасының күрт қымбаттап кететiнiне биыл да алаңдаулы. Ал, энергетика және минералдық ресурстар министрi Владимир Школьниктiң сөзiне қарағанда, шiлденiң 1-iнен қазанның 15-iне дейiн Қазақстаннан дизель отынын сыртқа шығаруға тыйым салынған.

«Егiн ору науқанына арзандатылған бағамен мемлекет есебiнен сатылып алынған дизель отынын қызыл түске бояу керек»- дейдi Школьник мырза. Себебi, көптеген шаруашылықтарға көктемде бөлiнген арзан жанар-жағармай жеткiзiлмей қалған. Мәселен, Қызылорда облысына бөлiнген 17 мың тонна жанармайдың 3 мың тоннасы жоқ. Бұл жөнiнде Қызылорда облысы әкiмiнiң ауыл шаруашылығы жөнiндегi орынбасары Бекмырза Еламановтың айтуынша, ол жанармай тиiстi құжаттарын толтыру жұмысы кешеуiлдеуiне байланысты өтелмей қалған.

Арзандатылған дизель отынының әр тоннасы зауыттардан 21 мың теңгеден 26 мың теңге аралығында сатылып алынады. Павлодар мұнай өңдеу зауытының қаржы жөнiндегi директоры Шухрат Дәнбайдың айтуынша, осы кәсiпорынға күзгi науқанға 131 мың тонна дизел отынын шығару мiндеттелген. Алайда, сауда құжаттарын ресiмдеу көп қиындық тудыратын көрiнедi.

Павлодардан мұнай өңдеу зауытынан босатылатын арзандатылған дизель отынына Германияның "Барс" фирмасының бояуы қолданбақ. “Ол өнiм түсiн өзгертiп қана қоймай сапасын да жақсарта түседi”,- дейдi Шухрат Дәнбай мырза. Бiрақ, бұған фермерлердiң сенiмi аз. Батыс қазақстандық фермер Кенжеғали Көшерғалиевтiң айтуынша, одан қайта өнiм сапасы төмендейдi. Оның айтуынша, жанар майды бояу Орал облысында бұрын нәтиже бермеген әдiс көрiнедi.

Қазақстанда жылма-жыл Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай зауыттарының дәл егiн орағы басталған кезде күрделi жөндеуге тоқтайтындығы, соған байланысты жанар-жағармай бағасының шарықтап кететiнi биыл да қайталануы мүмкiн дейдi мамандар. Ал экономика ғылымдарының кандидаты Жанкелдi Шымшықов:

”Астық қазақстанның стратегиялық тауары болғандықтан егiн орағы кезiнде жанар-май бағасы мемлекет тарапынан реттелуге тиiс”,- дейдi.

Алдағы егiн орағы науқанына арзандатылған бағамен 370 мың тоннаға жуық дизель отыны мемлекет есебiнен сатылып алынған. Жанкелдi Шымшықов оның түсiн өзгерткенмен талан-тараждан сақтап қалуға күмән келтiредi. “Ең бастысы, дизел отынын бояу тәжрибесi нәтиже бермесе, ол үшiн қандай лауазым иесi жауап берер екен?”- дейдi Жанкелдi Шымшықов.
XS
SM
MD
LG