Accessibility links

Құрама Штаттары Мұсылман әлемімен байланысын жақсарта ала ма?


Америка мен Араб және Ислам елдері арасындағы байланыс 11-қыркүйек оқиғасынан бері нашарлап кеткен. Оның үстіне ресми Уашингтонның Ауғанстан мен Ираққа қарсы соғысы, сондай-ақ Таяу Шығыс бейбіт келісімдерінде Израйльді одан әрі қолдай түсуі жағдайды ушықтыра түсуде. Демек, АҚШ елі Мұсылман әлемімен байланысын жақсарта ала ма?-деген сауалдың туындары сөзсіз.

11-ші қыркүйек оқиғасын зерттеумен айналысып жатқан комиссия төрағасының орынбасары Ли Хамилтон өткен бейсенбі күні Уашингтонда сөйлеген сөзінде комиссия ұсынып отырған көптеген ойлардың бірі жөнінде айтқан болатын. “Ислам әлемі ішінде жүріп жатқан идеялар ағынына біз араласа білуіміз керек. Яғни, келер күндерге деген сенімісіздіктің орынына үміт отын әкелу, қуғындаудың орынына бейбітшілік орнату, өлімнің орынына өмірдегі жалғастықты қамтамасыз ету. Мұндай игілікті нышандар Мұсылман әлемінің басым бөлігі қолдайтындай дәрежедегі саясатпен байланыстырылуы тиіс”-, деді Хамилтон. Осы баяндамада Құрама Штаттарының Ауғанстан, Ирақ және Пәкістан елдеріне экономикалық көмектер көрсетіп, сондай-ақ Араб және Мұсылман әлемі алдындағы өз беделін жақсартуға бағытталған әртүрлі бағдарламалар жүргізуі тиіс, делінген болатын.

Уашингтонда орналасқан Америкалық мұсылмандарды қорғау ұйымының басшысы Раед Тайехтің айтуынша, Америка тарапы Мұсылман елдеріне көмекті жай ғана көбейте салмауы тиіс. Ең маңыздысы, ол ақшаның тікелей қажетті арналарға жұмсалып жатқандығын қадағалау. Сондай-ақ Араб және Мұсылман елдері үшін құндылық боп есептелетін мақсаттарға көмек қаржыларының қарсы жұмсалмауын АҚШ-тың Сыртқы саясат өкілдері тексеріп отыруы тиіс, деді ол.

Құрама Штаттарының кейбір қадамдарына Араб және Мұсылман елдері күдікпен қарайды. Себебі, Мұсылман әлемі үшін маңызды сауалдарға ресми Уашингтон қос стандартты, қос қырлы тәсілдермен қадам жасап жатады. Сарапшы Тайех сондай-ақ, АҚШ-тың сыртқы саясатындағы ең басты проблема Израйль-Палестина жанжалындағы ұстанған бағытына байланысты болып отыр, деді. Осы аймақтағы бейбіт келіссөздерге ресми Уашингтон басты ара ағайындық жасауда. Алайда, Израйль өкімет басшысы Ариель Шаронды қолдап шығуы себепті бейбіт келіссөздер тоқтап қалды, дейді сарапшы. Тайех америкалық азамат ретінде Құрама Штаттарының өз саясатында ұстанған бағытын өзгертуі ең тиімді қадам болар еді, деген пікірді ортаға салып отыр.

Мемлекеттік және Қауіпсіздік департаменттерінің бұрынғы сарапшысы, Таяу Шығыс бойынша маман Ансону Кордесман Құрама Штаттары мен Мұсылман әлемі арасындағы ең басты қайшылық Израйльге байланысты екендігімен келісіп отыр. Израйль-Палестина жанжалын реттеуде өзінің әділ болатындығын ресми Уашингтон дәлелдеуі тиіс, дейді ол. Араб және Мұсылман елдеріне экономикалық көмекті көбейту емес, ең бастысы мықты дипломатиялық байланыстар қажет, деді Кордесман мырза.
XS
SM
MD
LG