Accessibility links

Гүржістанның президенті Саакашвили Оңтүстік Оссетия мен Абхазия мәселелерін бейбіт жолмен шешуді қалайды


Қапқаз елдерінің бірі Гүржістан республикасының президенті Михаил Саакашвили, БҰҰйымының Бас ассамблеясы алдында сөйлеп, Гүржістан Оңтүстік Оссетия мен Абхазия арасындағы жікшілдік жанжалдарын бейбіт жолмен шешуге мүдделі, сондай-ақ, Ресеймен де өзара ынтымақтастық байланыс жолдарын іздейді, деген. Сонымен қатар, Президент Саакашвили ондай жікшілдік жанжалдар аймақтық қауіпсіздікке қатер төндіреді, деп оны шешуде белсенді қатысуға халықаралық қауымдастықты шақырды. Сонымен, Гүржістан президенті Саакашвилині де аймақтық қауіпсіздік мәселесі ойландыра бастағаны ма ?

Кезінде Гүржістан республикасының құрамында болған екі бірдей ел Оңтүстік Оссетия мен Абхазия Гүржістаннан өз тәуелсіздіктерін жариялағаннан соң президент Саакашвилидің алдында екі қиын мәселе пайда болды. Оның алғашқысы жікшілдік әрекеті болса, екішісі соның негізінде пайда болған террорлық шабуылдар болып тұр. Ол екі әрекеттің де қауіпті екендігін түсінген М.Саакашвили Оңтүстік Оссетия мен Абхазия жанжалдарын бейбіт шешкеннен өзге дұрыс жол жоқ деп есептептейді. Ол жөнінде арнайы тоқтала келе, Гүржістан президенті БҰҰйымының Бас ассамблеясы алдында жасаған ең алғашқы баяндамасында, осыдан он ай бұрыңғы Бейбіт төңкерістен кейін Гүржістан демократиялық өзгерістерге қарай бет бұрды, деп мақтанышпен айтты.

Михаил Саакашвилидің айтуынша, бұл өтпелі кезеңдегі ең маңызды мәселенің бірі Абхазия мен Оңтүстік Оссетия елдерінің әкімшілік мәртебесінің заң жүзінде анықталмағандығы болып тұр екен. Міне осы заңсыздық жағдайы терроршылық әрекеттерге түрткі болып тұр, дейді М. Саакашвили.

Президент Саакашвили ол мәселені шешу үшін қандай жолдарды ұсынады ? М.Саакашвилидің өз сөзімен айтқанда, бұл қара тесіктерді күш көрсету, зорлық-зомбылықпен шешуге болмас екен. Бұл жөнінде Гүржістан елбасы былай дейді.

- Мен бұл арада ашып айтайын, Гүржістан аймақтық жанжалдардың бәрін тек қана бейбіт жолмен шешу жағында. Біз зорлық, күш көрсетуге бармаймыз, себебі, өз халқына қарсы соғыс ашу ол демократиялық заңға қайшы, - деген президент Саакашвили.

Дегенмен, Гүржістан және жікшілдік саясат ұстанып отырған Оңтүстік Оссетия мен Абхазия елдері арасындағы қазіргі жағдай қандай десе болады?

Өткен айда гүржі және оңтүстік оссетиялық күштер арасында қантөгісті шайқастар болып өткендігін бұрын хабарлағанбыз. Осетиндер, гүржілер бізді қайта басып алмақшы, десе, гүржілер, осетин аумағында қалған қандастарымызды қудалауда деген өзара кіналар тағуда.

Сондықтан Саакашвили бұл мәселені тезірек шешпесе, оның салдары ауыр болатындығын жақсы түсініп отыр. Ол босқындыққа ұшыраған гүржілердің қайта қоныстану мәселесін біртіндеп іске асыру жоспарын ұсынады. Саакашвили сондай-ақ, жанжалды аймақтарда ұлт және ұлыс аралық байланысты, журналистер, студенттер, спортшылардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, бейүкіметтік ұйымдардың жұмысын жандандыруды қалайды.

Ал ондай шараларды іске асыру үшін әлбетте жалаң мәлімдеме емес экономикалық жобалардың жүзеге асыру қажет екендігін де Сакашвили дұрыс түсінеді, дейді талдаушылар.

Ал, жікшіл елдер Абхазия мен Оңтүстік Оссетияның әкімшілік мәртебесіне орай, ол екі елдің ұлттық мүддесіне сәйкес, Саакашвили бірер игілікті бағдарлама жоспарлаған ба?

Саакашвили ол екі елге толық және кең көлемді аутономиялық құқ беріледі дейді. -Ол аутономиялық құққа орай, екі халықтың тілі, мәдениеті, өзін-өзі басқарушылық заңдары қорғалады. Үкіметтік деңгейдегі билік ұлттар арасында пайыздық өкілдікке орай бөлінеді. Халықтың тағдырын, болашағын енді жеке бір тұлға емес, өзара кеңесіп шешілетін болады, - деген М. Саакашвили.

Гүржістан президентін ойландыратын тағы бір мәселе, ол Ресей осы кезге дейін жікшіл елдер Абхазия мен Оңтүстік Оссетияны қолдап келеді. Соған қарамастан, Гүржістан үкіметінің Ресеймен өзара жақындасуы нәтижесінде Тбилиси Аджария аутономиялық республикасы үстінен өз билігін қайта тіктеп алды.

Дегенмен, ол жікшіл екі елмен Ресейдің өзара байланысы, және ол елдердегі Ресей әскери базалары жөніндегі өз алаңдаушылығын президент Саакашвили сейсенбі күні Нью Йорктан тұрып тағы да кезекті рет айтып өтті.

Гүржістан президентін соңғы кездері аса мазалап жүрген мәселелердің бірі міне осы жағдай, дейді талдаушылар.
XS
SM
MD
LG