Қарағанды облыстық кәсіподақтар федерациясы Қазақстан Республикасының Президент әкімшілігіне, Парламентіне мен Үкіметке еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Гүлжан Қарағұсованы отставкаға кетіру жөнінде үндеу жолдады. Оған «Еңбек туралы заңға» министрлік тарапынан жасалған толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы заң жобасы себеп болуда. Қарағанды облыстық кәсіподақтар федерациясының төрайымы Алаксандра Мадиярованың айтуынша, бүгінде жұмыс беруші мен еңбеккердің арасында әлеуметтік теңсіздік орын алып отыр. Өйткені, Еңбек туралы заң жұмыс беріушінің жағында. Аталған заңға енгізілмек толықтырулар мен өзгерістер жобасында да бұл мәселе сол күйінде қалған. Мұның өзі кәсіподақ ұйымдары ұсыныстарының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан ескерілмей қалғандығында. Жұмыс берушінің еңбеккерді жұмысқа қабылдау, жұмыстан шығаруы кезінде кәсіподақ ұйымдарының мүшелері қатысып, бірге шешім қабылдануға тиіс. Еңбеккердің өзі сұрастырып, шешімнің қаншалықты дұрыс қабылданғандығына көз жеткізуіне болады. Сөйтіп, жұмыс берушілермен бірге отырып, талқыланып, қорытынды шығарылады. Ал министр Қарағұсова болса, жұмыс берушілерді жақтап отыр, сондықтан Қарағанды облысы бойынша кәсіподақтың 165 мыңға жуық өкілі жиналып, министрді отставкаға кетіру жайлы үндеу жариялау туралы қорытындыға келдік», - дейді Александра Мадиярова.
Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбек және еңбекті қорғау заңдалықтарын орындау жөніндегі мемлекеттік бақылау басқармасы бастығының орынбасары Серік Тұрсынханұлы: «Екі жақтың келісімі болатын болса, қайдағы кәсіподақ. 1 жылға еңбек шартымен жұмысқа алынғаннан кейін уақыты аяқталған соң «Мен оны жұмыстан шығарамын» деп кәсіподаққа жүгіріп баруы керек пе, отставка, министр пәлен-түген деген сөздер айтылып жатыр, ол болмайды ғой. Қарағанды облыстық кәсіподақтар федерациясының министр Қарағұсованы қызметтен кетіру жөніндегі талабы негізсіз»,-- дейді.
Дау туғызып отырған заң жобасына байланысты сенатор Нұрлығайым Жолдасбаеваға хабарласқанымызда, «Біз енгізілген түзетулерінің кей тұстарын Заңмен сәйкестендіре отырып, жобаны Мәжіліске жібердік» , - десе, «Қарағанды облыстық кәсіподақтар федерациясының сөз болып отырған Үндеуді жариялағаны орынды, қазір осыған байланысты жұмыс жүргізіліп жатыр», - дейді Мәжіліс депутаты Ерғали Сарманов. Оның айтуынша, Кодекс болған соң, ол басқа заңдардан үлкенірек болады, барлығы жан-жақты қаралады, барлығы түсінікті түрде аяғына дейін жеткізіліп жазылуы керек. Сондықтан «Еңбек туралы» Заңға үлкен көңіл бөлінуі қажет деп ойлаймын. Аталған заң бойынша қазір жұмыс жүріп жатыр.
Жұмысшылар өз құқыларын білулері қажет, «Еңбек туралы» Заң дұрыс қабылданбаған жағдайда жапа шегетін еңбеккерлер, сондықтан бұған немқұрайлылықпен қарауға болмайды, - дейді Қарағанды облыстық кәсіподақтар федерациясының төрайымы Алаксандра Мадиярова.