Accessibility links

Беслан трагдиясы Кавказ аймағында жаңа ұлтаралық қақтығыстың тууына түрткі болуы мүмкін бе?


Беслан трагедиясы құрбандарының қырқы өтті, енді бұл аймақта ұлтаралық қақтығыстар қайта туындап кете ме деген күдік те жоқ емес. Беслан мектебінде жартысына жуығы жасөспірім балалар болған бірнеше жүз құрбандықтың барлығы дерлік солтүстік осетиндер еді. Опат болғандардың туыстары бұл террорлық акт үшін көршілес Ингушетиядағы соғысушыларды айыптайды. Жалпы ингуш мұсылмандары мен осетин христиандары арасында күрделі қарым-қатынастар онжылдықтар бойына орын алып келеді.

Сейсенбі күні балалары мен бауырларынан айрылған бесландықтар бейіт басына шырақ жағып, талқан болып қиратылған мектептің ортасына 40 күн бұрын 330-дан астамының қатарында қаза тапқан ұлдары мен қыздарының суреттерін қойып, қыршын кеткен боздақтарын жүректері қарс айрыла, көз жастарын көлдете отырып еске алысты.

Бұл аймақтың тұрғындары әлі де сол бір қаралы күндердің әсерінен арыла қойған жоқ. Лариса Шукаева мектепте кепілдікте ұсталғандардың бірі, оның қызы сол қақтығыстың құрбаны болып кеткен. - Неге бізді құтқаруға ешкім тырыспады. Ол бандиттердің өздері бізге сендер қандай елде тұрып жатқандарыңды білетін боласыңдар, сендерге қамқорлық жасалмайды деп айтты. Олар шындықты айтқан болып шықты. Олар бізге жалбарыныңдар, тілек тілеңдер деді, бәріміз де тіледік, бізге көмектесіңдер деп жанұшыра сұрадық, қазір де бізді ойлаған ешкім жоқ,- дейді ашына.

Ингушетияның бұрынғы президенті Руслан Аушев Заквказье аймағы жаңа ұлтаралық қақтығыс алдында тұр дегенді айтады:

- Закавказье жаңа этникаралық соғыс табалдырығында тұр деуге болады, егер ол тұтана қалса, Шешенстандағы соғыс түк болмай қалады. Беслан дағдарысы ингуш мұсылмандары мен осетин христиандары арасында ертеден жалғасып келе жатқан күрделі қарым-қатынастың қайта шиеленісіп, бас көтеруіне түрткі болуы ықтимал. 1992 жылы бұл екі жақ кезінде Сталин Солтүстік Осетияға беріп жіберген шешен-ингуш жерінің мәртебесі үшін жанжалдасқан болатын. Ресей әскерлері келіп араласқанға дейін жүздеген адам қырылып қалды. Ингушетияда көпшілік әлі күнге дейін осетиндер басып алған жер дейді. Шешен көтерілісшілерінің жетекшісі Шамил Басаевтың малімдемесі деген малімде бойынша, Бесландағы шабуыл жауапкершілігін басаевшылар мойнына алғанымен де, Солтүстік Осетиядағы көп адамдар көрші жатқан ингуштер де айыпты деген ойдан арылмаған. Олар Бесланда кепілдікке алған терроршылардың ішінде араб, шешен, орыспен қатар ингуштар да болған деген ойда.

Ингушетияның президенті Мұрат Зиязиков дүйсенбі күн Мәскеуде журналистер алдында жаңа ұлтаралық жанжал тууы мүмкін деген қауіп өсіріп айтылған, Солтүстік Кавказдың адамдары ақылмен ойлайды және олар соғыстан шаршады деп атап көрсеткен. Бұл мерзімді басылымдар беттерінде тұтанып кеткен бопсалау деген ол.

Жақында Бесланда болған Азаттық радиосының тілшісі Олег Кусов былай дейді:

-Мен өзім республикалық билік өкілдерінен, Солтүстік Осетияның жоғары басшыларының аузынан қылмыскер белгілі бір ұлттың өкілі деген сөздерді естідім. Сөйтіп олар өз азаматтарына Ингушетияға қарап бағыт бергендей болады, ал газеттерде Беслан мектебінде кепілдікке алған топтың тізімдері ылғи да жарияланып, онда олардың ұлты да көрсетіліп отырады,-дейді Азаттық тілшісі Олег Кусов.

Сәрсенбі күні айта қаларлықтай үлкен бір қақтығыс болды деп хабарланған жоқ, дегенмен бір ингуш азаматы осы айдың басында кек алушылық шабуылында жәбірленгендігін айтқан. Осетиямен шекарадағы Майский қаласында тұратын Мохамед Шамкоев деген адам өзіне шабуыл жасағандардың Бесланда қанша осетин опат болса, соншама ингушты өлтіргісі келетіндіктерін айтты дейді. Ол әлгі адамдардан қашып құтылып, Назранидегі ауруханаға сынған қабырғасы мен жараланған иығын қаратып, емдеткен.

Бірқатар бақылаушылар жақында болған қантөгістің ауыр әсерінен адамдар әлі айыға қойған жоқ, сондықтан бұл аймақта қандай да бір қақтығыстырдың орын алуы екіталай деген де көзқарас білдіреді.
XS
SM
MD
LG