Accessibility links

Заңгер С.Жақыпов: «Қазақстанда азаматтарға сырттай шешім шығару деген болмауы керек»


Дүйсенбі, қазанның 18-і күні Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярованың сыртынан ұйғарым шығарып қойыпты. «Мен өзіме әкімшілік кодекстің 650-ші және 652-ші баптары бойынша айып тағылып, 18 мың 380 теңге көлемінде айыппұл салынғандығы туралы тек сәрсенбі, қазанның 20-сы күні ғана хабардар болдым» дейді Маржан Аспандиярова. Заңгер Серікқан Жақыпов: «азаматқа сыртынан шешім шығару Қазақстаннан өзге ешбір мемлекетте жоқ құбылыс. Бұлай жасау адамның құқығын аяқ асты ету болып табылады» дейді.

«Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярова өзіне ұйғарым шығарылған сот мәжілісі өткен қазанның 18-і күні Алматыға Астана қаласынан енді ғана оралғанын айтады:

- 18-ші қазан күні пойыздан түсе салып үйіме келсем, менің кіргенімді аңдып тұрғандай, үйіме 1 капитан мен 1 майор келді. «Біз Бостандық аудандық ІІБ полициясымыз. Сізге мына сот ұйғарымын тапсырайық деп келдік. Соттың ұйғарымы бойынша, сіз сотқа уағында келмегеніңіз үшін біз сізді сотқа күшпен алып кетуге келіп тұрмыз» деді. Мен оларға: «басшыларыңызға барып Аспандиярова сотқа келуден бас тартатынын айтты. Бас прокуратурадан менің арызыма байланысты жауап келмей, мен сотқа мүлдем бармаймын деп айтыңдар» деп қайтарып жібердім.

Осылайша, Маржан Аспандиярова: «мен қатысудан бас тартқан сот мәжілісінде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттың судьясы маған 20 есе айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл салуға шешім шығарыпты. Бар жазығым - қыркүйектің 14-і күні «Хабар» агенттігінің алдына барып, Дариға Назарбаеваға телеарна эфирінен мәжіліс мандаты үшін таласып жатқан партиялар мен үміткерлерге теңдей уақыт берілсін деген талап-хатты тапсыруға талпынған әрекетім» дейді «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярова. Оның қорғаушысы Мұстахым Төлеев: «біз сырттай шығарылған ұйғарымға түбегейлі қарсымыз» деп отыр:

- Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Әділов мырза заңға қарама-қайшы шешім қабылдаған. Оның қарама-қайшылығы ешқандай сараптаманы да қажет етпейді. Мәселен 12-сі күні соттың келесі отырысы 18-іне қалдырылды деп ұйғарады. Бірақ оны Аспандиярованың сот процесіне келмегендігінен ол азаматты еріксіз алдыру қажет, мәселені шешу керек деп жазылады. Ал 14-і күні Аспандиярованы ресми түрде шақырту қағаз жіберіп, сотқа шақыртады. Сонда судья өз-өзіне қарама-қайшы 2 шешім қабылдап тұр. Біз алдағы уақытта Алматы қалалық сотына шағым түсіреміз.

Маржан Аспандиярованың айтуынша, оны сотқа беріп жазаға тартуды Алматы қаласындағы Бостандық ауданының ішкі істер басқармасының қызметкерлері талап етіпті. Біз аталған басқармаға хабарласқанымызда басқарма бастығының орынбасары Шәріпхан Матаев: «бұл мәселемен тікелей бастықтың келесі бір орынбасары Айтжан Әлмұхамбетовтың айналысқанын, ол кісінің қазір орнында жоқ екенін» айтты:

- Ол кісі қазір футболға кетіп еді. Әзір болмайды.

Біз Алматы қаласындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының Маржан Аспандиярованың сыртынан ұйғарым шығаруына қатысты ертеректе ұзақ жылдар сот саласында қызмет атқарған заңгер Серікхан Жақыповтың пікірін білген едік:

- Кезінде сол заң органында істеп жүрген кезімде сондай бір жағдайлар болған. Бізге де бір әлгі «қашып жүрген адамдарды сырттай соттау керек» деп тапсырма берілгенде, мен ол қадамға бармағанмын. Өйткені, олай істеу, әлгі азаматтың құқығын бұзу болып есептеледі. Меніңше, Қазақстанда сырттай соттау деген болмауы керек. Дүниежүзінде жоқ нәрсе ол.

Ал тағы бір заңгер, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Шолпан Батқалова соттардың сырттай шешім шығаруы жайында мынандай пікір білдірді:

- Сырттай шешім қабылдана беріледі. Ол үшін белгілі бір жағдайлар бар. Мәселен: ешқандай даусыз шешілетін мәселе бойынша сот шешім қабылдай береді. ҚР азаматтық істер жөніндегі кодекстің белгілі бір бөлімінде осы мәселе туралы жағдайлар көрсетілген.

Маржан Аспандиярова: «осылайша өз басым бір ай ішінде 2 рет сотталдым. Осыған дейін қазанның 4-інде дәл осы соттың басқа бір судьясы маған азаматтық кодекстің 373-ші бабына сүйене отырып шешім шығарған болатын» дейді:

- 12-ші қыркүйек күні біз мәжіліс депутаттығына үміткер ретінде сайлаушылармен кездескен болатынбыз. Ол кездесу республика алаңының төменгі жағында болды. Көп адам қатысты. Мен сол жиында «Ғ.Жақиянов бостандыққа шығарылсын» деген сөз айтқанмын. Сол үшін жазықты болып, сотталдым.

«Мен осы шешімнен кейін-ақ Қазақстан соттарына сенуден қалып, 2-ші сот мәжілісіне бармай қойып едім. Сөйтсем, бұл жолы сыртымнан ұйғарым жасады. Енді қандай амал жасарымды білмей отырмын» дейді «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Маржан Аспандиярова.
XS
SM
MD
LG