Accessibility links

Діни наным-сенім төзімділігіне қазақстандықтар түрліше пікірде


Қазақстандағы ең ірі екі дін басшылығы елдегі көбейе бастаған түрлі діни ағымдарға сақтықпен қарап, олардың іс-әрекетіндегі халықтардың арасына іріткі туғызатын жайттарға тосқауыл қою ойларын соңғы уақыттарда ашық білдіріп келеді. Алайда бұл ұстанымға елдегі жұртшылықтың, сондай-ақ саясаттанушылар мен саясаткерлердің көзқарастары қайшылықты болып отыр.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметі бойынша, республика жұртшылығының 70 процентке жуығы мұсылман дініндегілер болса, қалғандары өзге дін өкілдері екен.”Біз елдегі ірі екінші дін болып саналатын православие дініндегілермен өте жақсы қарым-қатынаста тұрамыз. Ал бізбен ашық әңгімелесуден тайсақтап, көбіне құпия жұмыс істейтін басқа діни ағымдардың әрекетін құптамаймыз” – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас муфти Әбсаттар Дербісәлиев.

Алайда “Иогово куәгерлері” діни ағымының өкілі Қайрат есімді азамат Қазақстанда тек екі ірі дін ғана үстем болуы қажет деген пікірмен келіспейтінін айтады.

Саясаткер Жақсыбай Бәзілбаев болса, Қазақстандағы көптеген діни ағымдар және бірлестіктермен қатар қаптап ашылып жатқан мешіттерден де үлкен қауіп барын айтады.

Дегенмен саясаттанушы Бөріхан Нұрмұханбетов бұл мәселеге байыппен қараған жөн дейді. Сондай-ақ ол елде басқа көптеген діни ағымдардың күш алып кетуіне негізгі деген екі дін өкілдерінің әлсіздігі себеп болып отыр дейді.

Ал Нұрғиса Елеубеков есімді азамат діни наным-сенім төзімділігі қазір қажет-ақ, алайда азаматтардың еріксіз не алданып, басқа діни ағымның жетегіне кетіп жатуы қауіпті екенін айтады. Осылайша Қазақстандағы діни наным-сенім төзімділігіне қатысты біз тілдескен азаматтардың пікірлері қайшылықты болып отыр.
XS
SM
MD
LG