Accessibility links

Қазақстан президенті жанындағы Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды


Бұған дейін президент әкімшілігінің орынбасары Бауыржан Мұхамеджанов аталмыш комиссия демократияландыру және азаматтық қоғамды дамыту ұсыныстарын дайындайтын тұрақты кеңестің базасында құрылатындығын хабарлаған. Ресми мәлімет бойынша, кеңес саяси реформаларды жүзеге асыруға себін тигізетін ұсыныстар жасау үшін құрылған. Қазақстандағы саясаткерлердің бірі Дос Көшімнің пайымдауынша, парламенттің құзіретін күшейту сияқты саяси реформалар өзі де жүзеге асады, ал, ұлттық комиссия құрудың түпкі мақсаты саяси ойында ұпай жинау:

- Мұның бәрі саяси ойын. Тұрақты кеңесте пікірлер айтумен шектелді.

Жалпы, ұлттық комиссия құру ұсынысын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл жазда «Отан» партиясының съезінде жариялаған болатын. Сол жиналыста Нұрсұлтан Назарбаев комиссия Қазақстанның саяси жүйесін жетілдіру ұсыныстарын жасайды деп мәлімдеген. Оппозициялық бағыттағы саясаткерлер демократияға қол жеткізу үшін, кеңестің құзыретін күшейту керек дейді. Ұлттық кеңестің құрамына енгізілген Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының төрағасы Владислав Косаревтің пікірінше, абсолютты демократия деген ұғым болмайды.

Бұған дейін, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық кеңестің бірқатар мақсаттарын атап өткен болатын: Біріншіден, Парламенттің мүмкіншіліктерін арттырып, Үкімет құрамын жасауға әсер етуге дейін жеткізу ұсынылды. Парламентке міністр қызметіне ұсынылатын үміткерлердің тұлғаларында талқылау құқы беріледі делінген. Бұл парламент пен үкіметтің сенімін арттыруға себін тигізеді, ал, депутаттар елде болып жатқан жайттарға жауапты болады, деді Қазақстан президенті. Саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, комиссия құрамындағы оппозициялық бағыттағы саясаткерлер аз, демек, билік бұл комиссияны амалсыздан құрып отыр:

- Билік комиссия құрғысы келмейді. Сондықтан, шала жансар бірдеңе құрды.

Ұлттық кеңестің құрамына енгізілген сарапшылармен билікке жақын партияларға жатқызылатын «Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанованың пікірінше, оппозицияға жатқызылатын партиялардың өзі аз:

- Жалпы партиялардың ішінде оппозициялық партиялар көп емес қой енді.

Қазақстандағы саясаткерлердің бірі Дос Көшімнің пікірінше, ұлттық комиссияға ұқсас ұйымдар президенттің беделін көтеру үшін құрылады:

- Осының бәрін оппозиция ұсынысымен емес, мен өз ниетіммен жасадым дейді президент. Түрлі кеңестер президенттің беделін көтеру үшін жасалады.

Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының төрағасы Владислав Косаревтің пайымдауынша, егер демократияға қол жеткізгің келсе, сол комиссияға барып, мақсатқа жету керек. «Ал, сыртынан сөйлеу ол күреске жатпайды», - дейді Владислав Косарев «Азаттық» радиосына берген сұқбатында.

Саясаткер Әміржан Қосановтың пайымдауынша, саяси тұтқындарды босату талаптары орындалса, билікте оппозиция да бір келісімге келіп, қоғамды демократияландыру жолындағы шараларды бірігіп жүзеге асыруға ат салыспақ.

- Мен екі жыл бұрын ПДС кезінде айтқанмын. Саяси негізде болған сот процестерінің барлық шешімдерін жоққа шығару. Иммиграцияда жүргендерді елге қайтару, түрмедегілерді босату, бірақ бұл талаптар орындалып жатқан жоқ.

«Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанованың пайымдауынша, ұлттық кеңесте жасалатын ұсыныстардың пайдасы оппозициялық партиялардың өкілдері айтып отырғандай әлсіз емес. Тек, соңғы кезде Қазақстанның ахуалы жақсарғандығын көре алмай отырғандар бар дейді Алтыншаш Жағанова:

- Бұған көз алартатындар іште де сыртта да аз емес. Не болғанда да біз тыныштығымызды, егемендігімізді сақтауымыз керек, ал ол жолда ешкіммен де санасудың керегі жоқ.

Ал, Қазақстан президенті жанынан құрылған Демократияландыру және азаматтық қоғам мәселелері жөніндегі Ұлттық комиссияға нақты ұсыныстар түсе бастапты. Солардың негізінде Ұлттық комиссия болашақта өлім жазасынан толық бас тартуға бығытталған шаралар белгілемек. Сондай-ақ, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев жалдамалы жұмысшылардың құқықтарының сақталуын жақсарту үшін, кәсіподақтардың ролін арттыруды ұсынған.
XS
SM
MD
LG