Accessibility links

Шығыс Түркістан Республикасының құрылғанына 60 жыл


Жұма, қарашаның 12-сі күні Шығыс Түркістан республикасының құрылғанына 60 жыл толды. Осы даталы күнге орай Алматы қаласында бір топ зиялы қауым өкілдері сол республиканы құру үшін жандарын пида еткен азаматтарға құран бағыштап, еске алу шарасын өткізді. 1956-1958 жылдары қазіргі Қытай Халық республикасының құрамындағы Қазақ автономиялық облысын басқарған Жағда Бабалықұлы: «Шығыс Түркістан Республикасының 1944-49 жылдары, яғни небары 5-ақ жыл болып, жойылып кетуіне сол кезде Кеңес Одағын басқарған Сталиннің 2-ақ ауыз сөзі себеп болған» дейді.

Жағда Бабалықұлының айтуынша, Алтай, Іле, Тарбағатай өңірін мекендеген қазақтар Қытай Үкіметіне қарсы алғаш рет 1940-шы жылы бой көтеріпті. «Оған сол кездегі билік басындағылардың аз санды ұлттарға көрсеткен қысымы себеп болды» дейді Жағда Бабалықұлы:

- Қытай Үкіметі қозғалғандарды, болмаса, қозғалуға бет бұрғандарды шетінен қамай берді. Көп қамап жіберді. 1934-39 жылдар аралығында 50-60 мың адамды қамауға алыпты. Қайта-қайта қамалып, анадан да, мынадан да жәбір көре бергеннен кейін, 1940-шы жылы қазақтар қолына қару алып, сол кездегі Шыңсысай Үкіметіне қарсы шықты.

«Бұл көтеріліс нәтижесіз болып, Үкіметіне қарсы шыққандар ақыр аяғында қаруларын тапсырып, тағдыр жазуына мойынсұнуға мәжбүр болды» дейді Жағда Бабалықұлы. Оның айтуынша, дәл осы тектес көтеріліс бұдан кейін де 3 рет қайталанады. «Соңғы 1942-ші жылғы көтеріліс те күшпен басылып, жұрттың бәрі қаруларын тапсырып жатқан тұста, тек Оспан Исламұлы деген батыр ғана бұйрыққа бағынбай азғантай тобымен Құбының құмына қашып кетті. Осы сәтті 2-ші дүниежүзілік соғыспен қалжырап, Қытай империясы жақтан келер қауіпке алаңдап отырған Кеңес Одағы өз пайдасына шебер жарата білді» дейді Жағда Бабалықұлы:

- Жалын от жанып-сөніп жатқан Алтайдағы оқиғаны Кеңес Үкіметі дереу іздеп тапты. Құмға сіңіп кеткен Оспан батыр бастаған 50-60 адамды тауып алды. Монғолия арқылы оларға өкіл жіберді. Соныменен 1943-ші жылы қыста Оспан батырларға құмнан шығар алдында Монғолия арқылы қару берді. Осыдан кейін Оспан батыр, көктем кезінде, наурыз айларында құмнан шықты да, Гоминдаңның бірнеше бекінісін басып алды. Осылайша, Оспанның даңқы дүр етіп аспанға бір-ақ шықты.

«Осыдан кейін жалпыхалықтық сипат алған көтіріліс бас-аяғы 27 ауданды азат етіп алды» дейді Жағда Бабалықұлы. 1956-1958-ші жылдары 3 жыл Қытай халық республикасының құрамындағы Қазақ автономиялық облысын басқарып, кейіннен «ұлтшыл» деген желеумен қамауға алынған 86 жастағы зейнеткердің айтуынша, ұзақ жылдарға созылған күрес нәтижесінде құрылған Шығыс Түркістан Республикасының тағдыры Кеңес Одағының басшысы Иосифф Сталиннің 2-ақ ауыз сөзімен шешіліпті:

- 1943-ші жылы Қырымда Америка империясының президенті Рузвельт Сталинмен кездесті. Осы кездесуге сол кездегі Қытай Үкіметінің басшысы Жаңкайшы барып, Рузвельттің көмегімен Сталинге жолыққан. Ол кезде Монғолия Қытай мемлекетінің құрамында болатын. Сонда Сталин: «сен ана Монғолияны сырт мемлекет деп таны. Ал Шыңжаң мәселесі сенің ішкі мәселең болады» деген. Сол 2 ауыз сөз біздің Шығыс Түркістан Республикасының тағдырын шешіп тұр.

«Шығыс Түркістан Республикасы бүткіл түркі тектес халықтардың тізе қосып құрған мемлекеті» деген ұйғыр халқының өкілі, тарихшы Сәбит Әбдірахманның айтуынша, 5-ақ жыл өмір сүрсе де, Шығыс Түркістан Республикасы 2 алып мемлекет, Қытай мен Кеңес Одағына үлкен қауіп төндірген. «Республика басшылары жұмбақ жағдайда көз жұмды деп бүгінде таратылып жүрген ақпарат осыған дәлел» дейді Сәбит Әбдірахман:

- Бұл - Кеңес коммунистері мен Қытай коммунистері бірігіп жасаған қылмыс. Олар осы күнге дейін оны «дүниежүзінің халықтары білмесін» деп, құпия ұстап отыр. Бірақ, қанша құпия ұстағанымен де, біздің басшыларымызды Мәскеудің Любянский түрмесінде өлтіргендігі туралы деректер бәрібір табылды. Сол жұмыстан өздерінің хабарлары бар адамдар өлер алдында ақиқаттарын айтып кетті.

Жұма, қарашаның 12-сі күні Алматы қаласында бір топ азамат Шығыс Түркістан Республикасы құруға ат салысқан тұлғалардың рухтарына құран бағыштап, өткеннен естелік айтысты. Олар: «төл теңгесі, өз байрағы, заңнамалық салты болған мемлекет басшылары Әлхиан төре мен Ахметжан Хасемилердің есімдерін кейінгі ұрпаққа кеңінен насихаттау қажет» деп отыр.
XS
SM
MD
LG