Accessibility links

Германияның табиғат қорғаушылары киік туралы мульфильм түсірмек


Бұдан 15 жылдай бұрын ғана Қазақстанның жартылай шөлейт аймақтарында мың-мыңдап кездесетін киіктер құрып кету алдында тұр. 1991 жылғы санақ бойынша 1 миллион 200 мың болса, бүгінде 30 мыңға жуықтайды. Осы мәселеге алаңдаушылық білдірген Германияның табиғат қорғаушылары киік қасыретін суреттейтін мультипликациялық фильм түсіруді қолға алып отыр.

Киіктер әлем бойынша үш елде- Моңғолияда, Қазақстанда және қалмақ даласында мекендейді. Ауылшаруашылығы министрлігінің бөлім бастығы Бақытбек Дүйсекеевтің айтуынша, олардың 80 пайызы Қазақстанның 10 облысында өмір сүреді, алайда 1990 жылдардың бас кезінде олардың саны күрт азайып кеткен. «Моңғолияда өздерінің есептеулері бойынша 3 мыңды құраса, Қалмақ даласында 18-20 мың. Біздің елде көбірек. Жеңіл жолмен табыс табу үшін оларды атып, мүйіздерін сататын болған, олардың мүйіздері тек аталықтарында ғана болатындықтан, биологиялық жағынан саны күрт азайып кетті. Заңсыз жолмен аң аулаушылар көбіне мотоцикл мініп барады, сол себептен де оларды ұстау қиынға соғып отыр. Биылғы жылдың өзінде 100-ден астам киік заңсыз жолмен аң аулаушы азаматтардың құрбаны болып отыр. Сол бойынша біразына соттың үкімдері де шықты, тиісті жазаларын алып жатыр. Десек те, олардың аңға барған көліктерін тәркілеу туралы ұсыныстар жасап жатырмыз. Қазақстандағы киіктерді қорғау мақсатында Үкімет 2005-2007 жылдарға арналған арнайы бағдарлама әзірлеп отыр. Биылдың өзінде жануарлар санының аз да болса артқандығын көреміз», - дейді Бақытбек Дүйсекеев.

Осыдан 10-15 жыл бұрын Қазақстандағы киіктердің саны 1 миллионнан асса, соңғы жүргізілген санақ бойынша олардың саны 30 мыңға дейін түсіп кеткен. Енді осы мәселеге алаңдаушылық білдірген Германияның табиғат қорғаушылары Қазақстандық суретшілер одағы және экологтардың қоғамдық қорымен бірлесіп мультипликациялық фильм түсіруді қолға алып отыр. Германияның табиғат қорғау одағының өкілі Мартин Ленк «Германиядан айырмашылығы мысалы, мулдьтипликациялық фильмдер бұрынғы кеңестер одағы құрамында болған елдерде кең тараған. Біздің түсіретін мультфильм де өте танымал болады деп үміттенеміз. Фильмнің қанша сериядан тұратындығы әзірге белгісіз, алайда 1 серияны түсіруге 10-15 мың АҚШ долларын жұмсау жоспарланып отыр», - дейді. Оның айтуынша, 2005 жылдың қаңтар айынан бастап аталған мультипликациялық фильм Шымкент қаласындағы «Жебе» студиясында түсірілмекші. Фильмнің режиссері Мақсұт Шәрімбетовтың айтуынша, жобаны іске асыру арқылы жұртшылықтың жануарларға деген көзқарасын өзгертуге болады.

«SaigaArt» жобасын ұйымдастырушылар сөз болып отырған мултьфильм арқылы адамзаттың жануарлар әлеміне жанашырлық сезімін оятып, табиғат тепе-теңдігін сақтаудың маңыздылығын түсіндіруді алға қойып отыр.
XS
SM
MD
LG