Accessibility links

Қазақстандағы Сары-Шаған полигонында Ресейдің қорғаныс министрлігі жақын қашықтыққа жіберілетін зымырандарға қарсы бағытталған зымыранның сынағын өткізді


1956 жылы Қазақстандағы Бетпақ дала шөлінде әскери құрылысшылар зымыранға қарсы кешен құрылысын бастаған. Бір жылдан соң Балхаш көлінің жағалауында Сары-Шаған стансасынан алыс емес жерде полигонның ғылыми-техникалық орталығы және зымырандарға қарсы жүйенің командалық бөлімі пайда болды. Сол уақыттан бері аталмыш полигонда сынақтар өткізіліп келеді. Қазақстанның қорғаныс министрінің баспа сөз хатшысы Әбіш Смайылдың мәліметінше, қазір, Қазақстан мен Ресей арасындағы келісімге сәйкес, Ресей жағы арнайы кесте бойынша сынақтарын өткізіп тұрады.

- Полигон жалға берілген.

Ал, 1961 жылы әлемде тұңғыш рет алыс қашықтыққа ұшатын баллистикалық зымырандарды жоятын зымыранның сынағы өткен кезде, бұл шара алғашқы ғарышқа ұшумен пара-пар бағаланған. Бертін келе, сынақ алаңы ұшін бөлінген қыруар қаржы босқа кетті. Өйткені, Сары-Шағандағы кешен түсті және бағалы металдар іздеушілерге жем болды, дейді сарапшылар. Қазір біртіндеп, Сары-Шаған қайтадан қалпына келтіріліп жатыр. Қарашаның 29-ы күнгі сынақ соның айғағы, дейді кейбір саясатшылар. Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Қорғаныс комитетінің төрағасы Серік Әдбрахмановтың пікірінше, мұның Қазақстанға да пайдасы бар.

- Бір жағынан Ресейдің қаруы болса, екінші жағынан Қазақстанның қауіпсіздігін қорғайды. Бұл, басқа мемлекеттердің мүддесіне нұқсан келтірмейді. Қоршаған ортаға кесірі жоқ, ал келтірген зиян бойынша, Қазақстанға жалдық ақшасын төлеп тұрады.

Саясатшылардың бірқатары әскери сала саясатпен тығыз байланысты, дейді. Стокгольмнің халықаралық зерттеу институтының Еуропалық қауіпсіздік жобасының жетекшісі Мартин Съогрен Қазақстанда болған сапары кезінде, Американың Орталық Азиядағы уақытша әскери базалары алғы шептегі тұрақты операциялық базаларға айналуы мүмкін, деген болатын. Мартин Съогрен айтып өткендей, аймақтағы ықпалын Ресейліктер де арттыруды жоспарлап отыр. Саясаттанушы Сәбит Жүсіповтың пікірінше, бұл орайда, Қазақстан үшін, көп тарапты саясат ұстанғаны тиімді. Бірақ, қазір Қазақстан әскери қарым-қатынас саласындағы саясатын Ресейдің көңіл күйіне сай жүргізуге мәжбүр дейді ол.

Қазақстан Солтүстік Атлантикалық Альянс құрамына қосылам дейтін елдердің кезегінде тұрған жоқ. Бірақ, Қазақстан әскери қауымдастықтың бағдарламалары бойынша тығыз қарым-қатынас жүргізіп келеді, деп хабарлайды Қазақстанның сыртқы істер министрлігі. Ал, қазір Қазақстан үшін, құрамында Ресей бар Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі ұйымына мүше болу, ондағы елдермен жүргізілетін әскери техникалық қарым қатынасты одан сайын ныңайту пайдалы, дейді отставкадағы генерал, «Патриоттар партиясы» төрағасының орынбасары Айтқали Есенқұлов:

- Сары-Шағанды пайдаланбасақ, ол бізге сынақ алаңы ретінде пайда әкелмейді. Сонда тұрған біздің әскери бөлімдерге де үйренуге пайдалы.

Қазақстандағы әскери полигондардың екеуі Атырау өңірінде орналасқан. Осы орайда, біз Атыраулық журналист Жұмабай Доспановты әңгімеге тартқан едік, оның айтуынша, Қазақстан жалға берген сынақ алаңдарынан қанша қаржы тапса да, ол экологиялық және моральдық зиянның орнын толтырмайды:

- Кеңес одағы тараған соң, Қазақстан сынақ орнын жоғары деңгейде пайдалануға шамасы жеткен жоқ. Ресей Сары-Шағанды Атыраудағы екі алаңды, Ақтөбедегі сынақ алаңын өз мақсатында алып қалып отыр. Бұл, Қазақстанның дәрменсіздігін пайдалану деп есептеймін.

«Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізовтің айтуынша, адамзаттың көптеген әрекеттері, әсіресе, жарылыстар қоршаған ортаға кеселін тигізіп отырады. «Дегенмен, Ресейге қатаң талаптар қойып, сол зинды азайтуға болар еді», - дейді эколог.

- Бәрінен қашқанда, біз бұрыңғыдай, қазақ үйге кіріп отырмаймыз, жоғары технологияға қатысу керек. Ол ақша беретін зат. Әрине, ол ақша халыққа тисе жақсы. Қазір, білмеймін қайда, кімге кетіп жатқанын. Бұрын бізде қор болған. Қазір табиғатты қорғау шараларына бөлінген қаражатты әкімдер шешеді. Көбісі онда шетке кетіп жатыр.

Ал, Ресейдің қорғаныс министрлігінің өкілдері Қазақстанда нақты қандай зымыран кешендері сыналды, деген сұраққа мұны құпия ақпарат деп жауап беруден бас тартып отырған көрінеді. «Азаттық радиосы үшін, Астанадан Бауыржан Шаяхмет.
XS
SM
MD
LG