Accessibility links

Алматыда күннің күр суытуы тұрақты мекені жоқ қаңғыбас-кезбелерге жайсыз тиюде


Алматыда қар жауып, күннің күрт суытуы қала көшелеріндегі тұрақты мекені жоқ қаңғыбас-кезбелерге жайсыз тиді. Алматы қаласындағы жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жаннат Қасымжанова: «негізінен тұрақты мекені жоқ қаңғыбастар қыс мезгілінде ауруханалардан пана табады. Өйткені, Қазақстанда оларды қабылдайтын арнайы мекемелер жеткіліксіз» дейді. Ал Алматы қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қолдау департаментінің жұмысқа орналасуға көмектесу бөлімінің бастығы Мұрат Жапаровтың айтуынша, Алматы қаласында тұрақты мекені жоқ қағыбастарға арналған 100 орындық бір-ақ мекеме бар екен. «Ал қаладағы ондай жандардың саны 3 мыңнан асып жығылады. Оның үстіне әлгі орталық қаланың шет жағында орналасқандықтан қаңғыбастардың көбісі ауруханаларды паналауға мәжбүр» дейді Мұрат Жапаров.

Бізге Алматы қаласында көк базардың маңында жолыққан өзін Алма деп таныстырған тұрақты мекені жоқ қаңғыбас-кезбе әйел алдымен өткен өмірі жайлы әңгімелеп берді:

- Мен өзім технологпын. Жамбыл технология институтының Алматыдағы филиалын тәмамдадым. Ол жерден жеңіл өнеркәсіп, оның ішінде астық дайындау технологиясын меңгеріп шықтым. Кейін министрлікте қызмет істедім. Одан соң, облыстық атқару комитетінде қызметте болдым. Алмагүл ықшамауданынан 3 бөлмелі үй алдым. Бауырым бар, әпкем кандидат, қызым бар, жиендерім бар. Бәрі амандықта, тату-тәтті күн кешіп жатыр. Шынымды айтсам, ұяламын осы түрімнен. Мынандай өмірге қалай жеткеніме таң қаламын.

Алманың айтуынша, биылғы қыс қатты суықтығымен ерекшеленеді. «Тауық жылының бұлайша тосын мінез танытуы бәрінен де сонау Ресей жерінен Алматыға қыстап шығамын деп келген мына бір танысыма қиын болды» дейді Алма:

- Мынау Тюменьге кетемін деп отыр. Кемеровта бауыры бар екен. Тек құжаттарын сол жаққа қалдырып кетіпті. Алматыға келіп, кішкене жылынамын деп ойлапты. «Тоңып қалдым. Қазақстаны құрсын, еліме қайтамын. Бұдан Сібірдің аязы жақсы екен» деп отыр. Өзім қазір 49-дамын. Бір басымда ревматизм, тағы сол сияқты бірнеше ауруым бар. Шынында да, биылғы жыл өте қиын болып тұр адамдарға. Өз басым жылы киінсем, аяздан аса қорықпаймын. От балсын, картон болсын, мына қоқыс жәшіктері болсын. Адамдар неше түрлі тамақ береді. Кейбіреуі нан береді, кейбіреуі шелектеп ет береді, сорпа әкеледі. Құдай деп, тәуба деп отырмыз. Таза тамақ ішеміз.

Алматы қаласындағы жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жаннат Қасымжанова: «тұрақты мекені жоқ қаңғыбас-кезбелер қыс мезгілінде негізінен ауруханаларды жағалайды» деп отыр:

- БОМЖ-дар қатты көбейіп кетті қазір. Бірақ, олар ауырғаннан емес, баратын жері болмағандықтан келеді мұнда. Көктем-жаз кездерінде өз жөндерімен кетеді. Қыс түсісімен келіп, жатып алады. Адам болған соң, қуып жібере алмайсың. Негізінде, оларға әлеуметтік қолдау қажет. Әйтпесе, қазір кез-келген ауруханаға барсаңыз, толып жатқан тұрақты мекені жоқ қаңғыбастарды кездестіресіз. Өйткені, қыс қатты суық болып тұр.

Жаннат Қасымжанованың айтуынша, ауруханалардан пана іздеген қаңғыбас жандар негізінен медициналық көмекке аяқ-қолдары үсіп, болмаса, іріңдеп кеткен кезде бір-ақ жүгінеді. «Ондай адамдарға ұзақ уақыт ем қабылдау қажет. Ал, ешқандай құжаты жоқ қаңғыбас-кезбелер бұл талапты сақтай бермейді» дейді Алматы қаласындағы жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жаннат Қасымжанова:

- Олар бізге келісімен дереу медициналық көмек көрсетеміз. Кейбіреулерін реанимацияға жатқызамыз. Аяқ-қолдары іріңдеп кеткендері көп болады. Соларды операциядан кейін қайда жөнелтеріңді білмейсің. Құжаттары жоқ болғандықтан, оларды әрі қарай ешкім қарауына алмайды. Арнайы мекемелер болса, жақсы болар еді. Негізінде, меніңше бір ауданда 1 сондай мекеме болуы керек.

Ал Алматы қалалық еңбек және халықты әлеуметтік қолдау департаментінің бөлім бастығы Мұрат Жапаров: «тұрақты мекені жоқ қаңғыбастардың ауруханаларды қыстап шықпасқа амалы жоқ. Біз оларға толық көмектесе алмаймыз» дейді:

- Біздің департаментте БОМЖ-дарға арналған арнайы орталық бар. Ол мына әуежай жақта орналасқан. Орталықта 100-ақ төсек бар, яғни 100-ақ адамды қабылдай алады. Онда полиция арқылы келетіндер бар, өз беттерінше арыз жазып келетіндер болады. Бұл орталық Алматыдағы барлық тұрақты мекені жоқ қаңғыбастарға пана бола алмайды. Өйткені, ондай адамдардың саны бүгінде 3 мыңға жуық екен.

Дәрігер-мамандар: «қала әкімшілі қандай да бір шара қолданбаса, таяу күндері аурухана біткен қаңғыбас-кезбелер жатағына айналып кетеді. Қазірдің өзінде ауруханалар тәулігіне 10-15 қаңғыбастан қабылдауда» деп байбалам салуда. Ал Алматы қаласындағы көк базардың маңын жағалап, жан бағып жүрген Алма болса, «әзірге тұрғындар тарапынан құқай көрген жоқпыз. Олар есіктерін жауып алса, күніміз не болмақ» деген қауіп айтады:

- Мына тұрған қоқыс шәжіктерінің жанына кешке таман от жағамыз. Сосын подъездерге кіріп жан сақтаймыз. Түнгі жатын орындарға барсақ, кіргізбейді. Амалдың жоқтығынан лифтпен 9-шы этажға көтеріліп, шатырда демаламыз. 2-3 сағат ұйықтасақ жетеді бізге.

Бұл ретте қаңғыбас-кезбелерді аурухана біткен қабылдай бермейтінін айта кеткен жөн. Алматы қалалық нөмірі 1-ші аурухана бас дәрігерінің оынбасары Сембай Төлеуқожаұлы: «біз тек мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс жасаймыз. Яғни, арнайы жолдамамен келген науқастарға ғана қызмет көрсетеміз» деп отыр.
XS
SM
MD
LG