Ұшқыр өнер киноның жер бетінде пайда болғалы бері де 110 жылға аяқ басып отыр. Сонау 1895 жылы Париждегі Капуцин гүлзарындағы “Үлкен кафеде” ағайынды Люмьерлер ойлап тапқан кинематографтың көмегімен алғаш рет “жылжымалы фото” көрсетілген күн, яғни 28 желтоқсан халықаралық кино күні болып қалды. Алайда Қазақстан тәуелсіздігін алған тоқсаныншы жылдардан бері қазақ киносы өз тарихында тығырықты уақыттарды бастан кешіп келеді дейді елдегі бірқатар киногерлер. Олар басты мәселенің бірі ретінде қазақ киносының шығармашылық және материалдық жағынан қожырауының жалғасып келе жатқанын айтса, екіншісі кеңестік уақытта қалыптасқан кино прокат жүйесінің күйреуі отандық кино өндірісінің құлдырауына алып келді дейді. Алайда енді осы мұндағы бірінші жайт, киногерлердің кәсіби тұрғыдағы мәселелері олардың өз еншісінде қалып, кино прокат жайы ел тәуелсіздігінің он төртінші жылында қайта жандануға бет алды дейді мамандар. Қазақстанның “Ұлттық иновациялық қорының” мамандары бұл мәселені шешу үшін мемлекет бюджетінен қаржы алып, соңғы технология жетістіктерін пайдалану арқылы арнайы бағдарлама жасап шығыпты. Басты мақсат шалғай ауылдардағы кино прокат жүйесін жолға қою. Бұл ретте қазір қалаларда жүріп жатқан шетелдің үздік фильмдері мен қатар қазақ кинолары да көрсетілуде дейді аталған қордың жоба жетекшісі Зарина Қасымбаева.
Ал осы жобаны жолға қойып, жүзеге асырып отырған “Жарық” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Рустам Пашукулов Алматыдағы студия арқылы спутниктік жүйе бойынша кино көрсететін арнайы жабдықталған телетеатрға жіберіп киноларымызды көрсетіп жатырмыз дейді.
Рустам Пашукулов бір мезетте, әсіресе Қазақстанның шалғай аудандары мен ауылдарында да осы жүйемен киноларымызды көрсетіп жатырмыз дейді. Жоба қараша айынан бастап жүзеге аса бастағалы бері күніне төрт-бес фильмнен көрсетіп, желтоқсанның 28-і күні Қазақстан бойынша телетеатларымыздың саны 100-ге жетті дейді Рустам Пашукулов.
Алайда кино актер Нұрлыбай Есімғалиев бұл жаңалық елдің кино саласындағы қуантарлық қадам болғанымен ондағы көрсетіліп жатқан кинолардың көпшілігі шетелдікі екендігі өкінішті. Ал қазақ тілінде көрсетіліп жатқандарының өзі сын көтермейді дейді. Сондықтан сапалы кино түсіру ісіне де көңіл бөлетін уақыт жетті дейді.
Сондай-ақ кинотанушы Назира Рахманқызы бұл кинопрокат мәселесімен қатар Қазақстанда түсірілетін киноларды алдымен елде көрсету жайына қатаң талап қойылу қажет дейді.
Дегенменде спутниктік жүйе бойынша кино көрсететін арнайы жабдықталған телетеатрға сұраныс артып отыр дейді жобаның үйлестірушілері.
Қазақстанда спутниктік жүйе бойынша кино көрсететін жүзінші телетеатр ашылды.
- Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
Желтоқсанның 28-і – халықаралық кино күні. Дәл осы сейсенбі күні Қазақстан аумағында жүзеге аса бастаған спутниктік жүйе бойынша кино көрсететін жүзінші телетеатр ашылып отыр. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғалы бері тығырыққа тіреліп келе жатқан кино өнері мен оны тұтынушы көрермендер үшін бұл жүйенің қанатын кеңге жаюы айтарлықтай сәтті қадам болып отыр дейді аталған жобаның үйлестірушілері.