Accessibility links

Азғыр полигонын радиоактивті қалдық дақтарынан арылтуға қаржы тапшы болып отыр


Азғыр ядролық полигонында радиоактивті қалдық дақтары былтыр жазда Қазақстан ядролық физика институты мен табиғатты қорғау прокуратурасы бірлесіп анықтаған болатын. Бірақ жер асты суларының ластану деңгейін анықтауға қаржы тапшылығы қолбайлау болды.


Азғыр ядролық полигонында радиоактивті қалдық дақтары 2004 жылдың жаз айларында Қазақстан ядролық физика институты мен табиғатты қорғау прокуратурасы бірлесіп жүргізген мониторинг барысында анықталған болатын. Бірақ, қаржы тапшылығынан жер асты суларының ластану деңгейін анықтау мүмкін болмай отыр деп хабарлайды Атырау облыстық қоршаған ортаны қорғау аймақтық басқармасы.

Басқарма маманы Қуандық Есімхановтың айтуынша, осы себептерге орай соңғы кезде ядролық физика институты қадағалау жұмыстарын тоқтатқан.

- Олар мониторинг жүргізіп отыр, бірақ соңғы жылдары ақшалары жоқ па, жасап жатқан жоқ. Ал металл сынықтары атам заманнан бері жатыр, оны ешкім қоршаған да жоқ, - дейді Қуандық Есімханов.

Экологтардың айтуынша, сынақ алаңы аумағында 5 мың тонна металл сынықтары жиналған, олардың бір бөлігінің радиоактивтілігі 1 мың микрорентген/сағатқа дейін жетеді.

Әйткенмен ядролық физика институтының директоры Қайрат Қадыржанов ол аймақты бақылауда ұстап отырғандарын айтады.

- Радияциялық фонның көтерілгендігі жайлы мәлімет жоқ, оны әрдайым қадағалап отырамыз, - деді институт директоры.

«Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы Мелс Елеусізов айтуынша, «Азғырдағы» 550 микрорентген/сағатқа дейінгі радиоактивті дақтардың адам өміріне өте қауіпті екендігін айтады.

- Табиғаттың фондық режимі 20, ал, мұнда 550 тіркелген, ол жерде адамның өмір сүруіне мүмкіншілік жоқ, - дейді эколог.

Атырау аумағында экология мәселелерімен шұғылданып келе жатқан «Нарын» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Кәкен Көбейсінов жариялаған мәліметке сәйкес, бұрынғы «Азғыр» әскери полигонында авиациялық техника мен зымырандарға сынақтар жасалған.

Ол жерде жер астында және жер бетінде ядролық жарылыстар болған. Және ескіріп қалған зымырандардың көзі жойылатын. «Азғыр» территориясында 15 жыл бойы жер астында 17 рет ядролық жарылыс болған деген деректер бар. «Табиғат» қозғалысының төрағасы Мелс Елеусізов радиоктивті заттар әлі көптеген жылдар бойы табиғатқа кеселін тигізеді дейді.

«Азғыр» ауданындағы тұрғындар арасындағы науқастар және ауру-сырқаудан қаза болғандар саны республикадағы осындай статистикалық көрсеткіштерден 2-3 есе артық. Әсіресе, онкологиялық індетке шалдыққандар, қандарына зақым келгендер басым, анемияға шалдыққан балалар көп. Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау министрлігінің маманы Сапар Базарбаевтың айтуынша, «Азғыр» полигонына қатысты ақпаратты толық жариялауға тыйым салынған. Бірақ, қазір радиоактивті аймақтар қоршалған деді ол.

- Барлық радиоактивті учаскелер қоршалған. Бірақ, осы күнге дейін жүздеген тонна радиоактивтік металл, бұрынғы скважиналар жасайтын техника бөлшектері әлі көмілмей жатыр, - дейді Сапар Базарбаев.

Совет одағы кезінде, «Азғырда» жүргізілген сынақтар құпия болатын. Ал, радиоактивті дақтардың көрсеткіштері мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тапсырмасымен екі жыл сайын жойылып тұратын. Кейіннен, «Әскери-сынақ алаңдарының әсерінен зардап шеккен Атырау облысының халқын сауықтыру жөніндегі 2005-2007 жылдарға арналған біріші кезектегі шаралар бағдарламасы» әзірленді, бұл құжат қазір бекітілу кезеңінде.

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 20 миллиард тонна қоқыс жиналған. Және оның 5 миллиарды уытты қалдықтарға жатады.
XS
SM
MD
LG