Accessibility links

Кәсіпкерлер импорттық кондитер өнімдеріне салықтың өсуіне наразы


Қазақстандық бірқатар кәсіпкерлер шеттен әкелінетін кондитерлік өнімдерге салықтың өсуіне наразылық білдіріп отыр.

Қазақстан үкіметінің өткен жылдың 31 желтоқсанындағы шетелден әкелінетін кондитерлік өнімдерге салықты 72 процентке өсіріп жіберуі осы саладағы іскерлердің наразылығын туғызып отыр,

- Ол өнімдердің бағасы өте қымбаттап кететіндіктен тұтынушыларға ауыр соғатын болып отыр, - дейді бірқатар қазақстандық кәсіпкерлер.

Шет елдерден кондитерлік өнімдерді және сол өнімдерді елде жасауға қажетті шикізаттарды Қазақстанға әкелетін бірқатар кәсіпкерлер мен кәсіпорын басшылары өздерімен қатар "тұтынушылардың да құқығы мемлекет тарапынан жеткілікті қорғалмай отырғандығын" айтады.

Олар үкіметтің 2004 жылы желтоқсанның 31-і күні қабылдаған қаулысы "кондитерлік өнімдер саудасымен айналысатын кәсіпкерлер мен азық-түлік өнімдерін дайындайтын кәсіпорындардың еңсе көтеруіне кедергі келтіретіндігін" атап көрсетеді.

- Өйткені, бұл құжатта сырттан тасылатын кондитерлік өнімдер мен оған қажетті шикізаттарға салынатын салық 70 проценттен асып кеткен, - деген кәсіпкерлер тіпті өткен жылы, кондитерлік өнімдерге деген сұранысты отандық кәсіпорындар қамтамасыз ете алатын кездің өзінде тәтті өнімдердің басым бөлігі сырттан әкелінгенін алға тартады.

- Енді бұл амалсыздан тоқтатылып, өнім бағасы шарықтамақ. Кәсіпкерлер ғана емес, бұдан әр тауарды таңдай алатын тұтынушылардың да құқы бұзылады, - дейді Батыс Қазақстандағы “Свит” жауапкешілігі шектеулі серіктестігінің директоры Міргүл Әбдіғалиева.

Бұл мәселеге қатысты Қазақстан сауда және индустрия министрлігіне хабарласқанымызбен ондағылар сауалымызға жауап бере алмайтындығын білдірді.

Ақтөбелік кәсіпкер Гүлбану Алашбаева үкіметтің аталмын қаулысы күшіне енгенге дейін Ресейден кеденге келген кондитерлік өнімдерін өткізе алмай отырғанына шағым айтады.

- Қазақстан үкіметі қандай қаулы-қарар шығарса да оны алдымен қоғам назарына ұсынуы қажет. Сонда қазіргі жағдайдағыдай, әсіресе кәсіпкерлер кедергілерге ұшырамас еді, - дейді кәсіпкер Ерлан Байжұмаев.

Сондай-ақ, шет елдерден кондитерлік өнімдерді және сол өнімдерді Қазақстанда жасауға қажетті шикізаттарды елге әкелетін бірқатар кәсіпкерлер мен кәсіпорын басшылары 2004 жылдың соңғы 11 айында отандық өндірушілер Қазақстанға қажетті кондитерлік өнімнің 46,7 тоннасын ғана шығарып, өндіргіштік қабілетінің екі есеге аз екендігін атап көрсетті.

Қазақстан үкіметінің аталған қаулысының күшін тоқтатуы үшін олар енді жоғары билікке шағымданып отырғандарын айтады.
XS
SM
MD
LG