«Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясын жабу туралы сот шешіміне қатысты наразылық білдіріп оппозициялық партия кеңсесінің алдына жиналған жүздеген адамның басым көпшілігі мойындарына Украинадағы төңкеріс түсі - қызғылт-сары шалма тағынып келді.
Жиналған жұрт алдында алғашқы болып сөйлеген «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясы саяси кеңесінің төрағасы Асылбек Қожахметов жұртқа былай деп үндеу тастады:
- Шексіз билік бізді жауып тастаймыз дейді. Халықтың партиясын жабуға болады ма?.. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының идеяларын жабу биліктің қолынан келмейді.
Ал одан кейін сөз алған Қазақстан парламенті мәжілісінің бұрынғы спикері, қазірде Қазақстанның демократиялық күштері үйлестіру кеңесінің төрағасы Жармахан Тұяқбай ұзақ жылдарғы өз тәжірибесінде бұрын-соңды «мұндай сорақы заң бұзушылықты» кезіктірмегендігін айтты:
- Өздеріңіз білесіздер, мен өмірімде талай жыл құқық саласында еңбек еттім. Биліктің барлық сатысынан өттім. Бірақ, дәл мынадай сорақы заң бұзушылықты бірінші рет көріп тұрмын.
Бұдан соң өзінің 5 жыл парламент мәжілісіне төрағалық еткен уақытында Қазақстанда билік жалғыз ғана адамның қолына беріліп қойылғанына толық көз жеткізгенін айтқан Жармахан Тұяқбай соңғы уақыттары Қазақстанда болып жатқан саяси оқиғаларға осы фактор әсер етті деген пікірін жеткізді.
- Биліктің бір адамның қолына шоғырлануының салдарынан мемлекеттегі атқарушы билік өкілдерінің барлығы дерлік қуыршақ-шенеунік болып кетті, деп мәлімдеді Жармахан Тұяқбай.
Сондай-ақ Қазақстанның бұрынғы бас прокуроры, парламент мәжілісінің экс-спикері бүгінде сот жазасын өтеп жатқан «Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының лидері Ғалымжан Жақияновтың ісіне баға берді:
- Мен заңгер ретінде, кәсіби маман ретінде Ғалымжан Жақияновтың нақақтан сотталғанын айта аламын. Меніңше, заңсыз шешім өзгертіліп, Ғалымжан ортамызға оралуға тиіс.
Қазақстандық оппозиция өкілдерінің жиынында сөз алған Украинадан келген Андрей Гусак қазақстандық демократтардың да жеңіске жететініне сенімді екенін айтты.
- Біз қазақ халқының демократия жолындағы күресін бар ынтамызбен қолдаймыз. Түптің түбінде сіздердің жеңіске жететіндеріңізге кәміл сенемін! - деді Андрей Гусак.
«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Болат Әбілев Қазақстанда 1991 жылы бейбіт төңкеріс жасалмағандығына өзінің өкініш білдіретінін жеткізді.
- Мен бұл туралы бұған дейін де айтып келгенмін. Алдағы уақытта да сол ұстанымымнан таймаймын, - деді Болат Әбілев.
Қазақстан коммунистік партиясының хатшысы, парламенттің бұрынғы депутаты Төлен Тоқтасынов жиналғандарға мынадай үндеу тастады:
- Біз Киевтегі тәуелсіздік алаңында болғанда, «Кучма, кет!» деген ұрандар естідік. Қазір мен осы сөзді Қазақстанға қарата айтқым келеді.
«Қазақстанның демократиялық таңдауы» партиясының Алматы қаласындағы кеңсесінің маңына жиналған жүздеген азамат бұдан кейін өз наразылықтарын Алматы қаласының орталығындағы Республика алаңында жалғастыруға пейілді екендіктерін білдірді. Алайда, жұртшылықтың алаңға баруына полиция қызметкерлері тосқауыл қойды.
Полиция демократтар жиын өткізіп жатқан маңды толығымен қоршауға алып, ешкімді өткізбеді. Наразылық білдірушілерге тосқауыл қойған топқа жетекшілік етіп жүрген Алматы қаласындағы Алмалы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Серік Бегасылов Азаттық тілшісіне былай деді:
- Олардың өз кеңселері аумағында митинг жасағаны заңды. Ал бірақ, мынадай шеруге шығу үшін қалалық әкімшіліктен рұқсат алуы керек. Оларда ондай рұқсат жоқ. Сондықтан, біз заң бойынша оларға тосқауыл жасап тұрмыз.
Оппозиция өкілдерінің іс-әрекеттеріне қатысты Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмат Мурзиннің де пікірі осы мазмұндас болып шықты:
- Бүгінгі жиын - заңсыз жиын. Полиция қызметкерлерінің барлық әрекеттері заң шеңберінде жүзеге асырылып жатыр.
Полиция қызметкерлері өздері құрған шеңберді бұзып өтуге талаптанғандар арасынан асқан белсенділік танытқан 8 азаматты ұстап әкетті. Ол адамдарды босатып алуға әрекет жасап көрген оппозиция басшылары сенбі, қаңтардың 29-ы күні түс ауа жиналғандарға алғыстарын білдіріп, оларды осымен тарқауға шақырған соң жұрт ол маңнан біртіндеп тарап кетті.