Accessibility links

Сенат мүшелері Қырғызстанмен шекараға қатысты заңға өзгеріс енгізуді ұсынады


Сенат мүшелерінің бір тобы Қырғызстандағы саяси ахуалға байланысты, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы мемлекеттік шекара бекеттерін келісімді бекіту жобасына «ерекше жағдайлар» деген бап енгізіп, азаматтарды шекаралық бекеттерден тыс жерлерден «төтенше жағдай» режимінде ғана өткізу жөнінде ұсыныс жасады.

Ақпанның 8-і Қазақстан парламенті сенатының депутаттары бұған дейін мәжіліс мақұлдаған «Қазақстан үкіметі мен Қырғыз республикасының арасындағы мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттері туралы» келісімді бекіту туралы» заң жобасының 6-бабындағы «ерекше жағдайлар» деген сөзге «төтенше ахуал» деген түсінік беруді ұсынды. Сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Тасбай Симамбаевтың айтуынша, "мұндай қажеттілік Қырғызстанның сайлау алдындағы саяси ахуалынан туындап отыр".

Кедендік бақылау агенттігі төрағасының орынбасары Аманияз Ержановтың айтуынша, Қазақстан мен Қырғызстан шекарасындағы 12 кеден бекетіне бақылау күшейтіле түскен. Ол шекарада төтенше жағдай ғана емес, ерекше жағдай да қалыптасуы мүмкін деген ой айтады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі департаменті директорының орынбасары Тұрсын Оңжанов Қырғызстанмен арадағы мың шақырымдық шекараны белгіленгенімен оны демаркациялауға қырғыз жағы қаржы таппай отырғандығын айтады.

- Әсіресе Қордай бекеті аумағын бақылау қиын. Одан тәулігіне бес мың адам өтеді, - дейді шекара қызметі департаментінің өкілі.

Сенат депутаты Тасбай Симамбаев "ақпанның аяғына қарай Қырғызстандағы саяси ахуал ушығып кеткен жағдайда, Қазақстан жағы босқындар мен шекараның кез-келген жерінен өтіп кетушілерді қатаң бақылау қажет" деген пікір айтып отыр. Кейінгі кезде "Өзбекстан жағы Қазақстанмен шекараны мықтап бекітіп жатыр" деген хабарлар естіліп қалады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі департаменті директорының орынбасары Тұрсын Оңжанов Өзбекстан өз шекарасының кей тұстарын мықтап бекітіп жатқандығын растады.

- Олар Черняевка, яғни «Жібек жолы» бекеті маңынан бетон қабырғалар тұрғызып жатыр. Оның мақсаты - халық көп жүретін жерде бекет арқылы ғана өтетін жол қалдыру, - дейді Тұрсын Оңжанов.

Кедендік бақылау агенттігі төрағасының орынбасары Аманияз Ержанов болса Қазақстан жағының да Орта Азиямен шекаралас кеден бекеттерін нығайту жұмыстарын жүргізіп жатқанын айтады.

- Шекараны ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері, кеденшілер бірлесіп бақылап отыр, - дейді Аманияз Ержанов.

Сенат мүшелерінің сараптауынша, Қазақстан парламенті Қырғыз республикасымен шекара арқылы өткізу пункттері туралы келісімге «ерекше жағдайлар» деген бапты енгізіп оны қабылдаған күнде де шенеуніктік кедергілердің көптігінен Қырғызстан тарапынан мақұлдау уақыты созылып кетуі мүмкін. Ал, Тұрсын Оңжанов "заң жобасының кешеуілдеуі шекараны демаркациялауға да кедергі келтіреді" дейді.
XS
SM
MD
LG