Accessibility links

«Ақ жол» партиясындағы алауыздық тереңдей түсті


«Ақ жол» партиясы тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы бастаған топ Әлихан Бәйменов бастаған екінші топтың партия пленумында қабылдаған шешімін жоққа шығарды.

Ақпанның 18-і күні өткізілген «Ақ жол» партиясы орталық кеңесінің төралқа отырысына Әлихан Бәйменов бастаған топтан өзге Берік Имашев, Нұртөре Жүсіп және Әділхан Өмірбаев қатыспаған. Өйткені бұл аталған азаматтар өз еркімен партия қатарынан шығып кетіпті.

- Партияның төралқа жиналысында қазіргі кезде қалыптасып отырған саяcи мәселелер тыңдалды. Оның ішіндегі ең маңыздысы ретінде қарағанымыз, партияда қазіргі қалыптасқан жағдайды шешу үшін партияның ішінде пікірталас ұйымдастырудың жоспары мен жобасын талқыладық. Осы жоба бойынша облыстағы партияның кеңестерінде, бастауыш партия ұйымдарында үлкен-үлкен талқылаулар өткізілуі керек, - деді «Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Сонымен бірге ол «Ақ жол» партиясының төралқа жиынында бірқатар тағайындаулар болғандығынан хабардар етті.

- Партиядан өз еркімен шығуына байланысты Нұртөре Жүсіп «Ақ жол Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметінен кетті. Осыған байланысты біз оның орнына газет редакторы қызметіне Жасарал Қуанышәлинді тағайындадық. Сонымен қатар партия аппаратының жетекшісі болып Серікхан Жақыпов деген азамат тағайындалды. Партия осындай шешімдер қабылдады, енді осы жоспарымызды іске асырмақпыз, - деді Алтынбек Сәрсенбайұлы.

Алайда, «Ақ жол» партиясының тағы бір теңтөрағасы Әлихан Бәйменов ақпанның 18-і өткен партия орталық кеңесінің төралқа жиынын заңды деп есептемейтінін айтты.

- 15 адамның 7-уі ғана қатысқан төралқа – ол заңды емес, - дейді Әлихан Бәйменов.

Бақылаушылар «Ақ жол» партиясындағы алауыздық күн өткен сайын тереңдеп бара жатқанын айтып отыр. Алматы экономикалық сотының шешімімен қызметі доғарылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" халықтық партиясы саяси кеңесінің мүшесі Батырхан Дәрімбет бұл текетірес аяқ астынан пайда болмаған деп біледі.

- Бұл өзі «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы дүниеге келген уақыттан бері келе жатқан мәселе. Алғашында олар күш жинап мықты болып келе жатқан оппозицияны бөлді. Енді міне «Ақ жол» партиясының өзі 4-ке бөлініп отыр, - дейді Батырхан Дәрімбет.

«Ақ жол» партиясының ішіндегі ырың-жырыңға байланысты осы кезге дейін оппозиция қатарында олармен одақтас болып келген кейбір тұлғалар сыни пікір айтып жатыр. Мысалы, саясаткер Заманбек Нұрқаділов оппозицияның қазіргі ыдырауына Алтынбек Сәрсенбайұлын кінәлайды.

- Алтынбек Сәрсенбайұлы 2001 жылдың қараша айында қандай жұмыс атқарғанын айтып берсін. Сол кезде Алтынбек Сәрсенбайұлы үш жақты ойын ойнады: президент, оның күйеу баласы Рахат Әлиев және «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған жігіттерге - барлығына бірдей сатқындық жұмыс істеп жүрді, - деді саясаткер Заманбек Нұрқаділов.

Оның мұндай мәлімдемесіне байланысты Алтынбек Сәрсенбайұлы оған сырттай былай деп жауап қайтарды:

- «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысында менің қандай іс атқарғанымыды Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Әблязов, Болат Әбілов, Ораз Жандосов сияқты азаматтар айта алады. «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы құрылғанда Заманбек Нұрқаділов Алматы облысының әкімі болатын. Ол кезде Заманбек Нұрқаділов бұл қозғалысқа қарсы болғандардың бірі тұғын. Заманбек Нұрқаділовтың баспасөзге беріп жүрген сұхбаттарына қарап айтарым, ол кісі бос уақыты болса, емделуі керек.

«Ақ жол» партиясының тең төрағасы Әлихан Байменов Заманбек Нұрқаділовтың сөзімен келісетінін айтты.

- Мен дәлелденбеген жайттарға асығыс түрде баға беруден аулақпын, бірақ партия төңірегінде қалыптасып отырған жағдай мені Заманбек Нұрқаділовтың айтқан сөзінің жаны бар ма дегенге алып келіп отыр, - деді Әлихан Бәйменов.

Ал билікке жақын саяси күштер оппозиция ауылындағы бұл алауыздықты саяси бәсекелестерінің осалдығына дәлел ретінде көзге шұқып көрсетеді. Президентшіл «Отан» партиясының мүшесі, парламент мәжілісінің депутаты Серік Әбдірахманов оппозиционерлердың "мына түрімен президенттік сайлауға үміткер ұсынуы екіталай" екендігін айтады.

- Бір партиядан бес төраға бір-біріне жол бермей жатыр, ал президенттікке үміткер болу үшін олар бір-біріне жол бере ме? Мен осыған күмәнданамын, - дейді Серік Әбдірахманов.
XS
SM
MD
LG