Accessibility links

Астанада 17 мың оқушы орындары жетіспейді


Кейбір деректерге қарағанда, қазір Астана мектептерінде 17 мың оқушыға, балабақшаларда 5 мыңнан астам бүлдіршінге орын жетпейді және жыл сайын бұл көрсеткіш өсіп келеді.

Астананың бас жоспарын жасаған жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның жорамалы бойынша, Астана тұрғындарының саны 2005 жылы жарты миллионға жетуге тиіс болған. Бірақ, қалалық статистика басқармасының мәліметінше, Астанада қазірдің өзінде 530 мың адам тұрады.

Сондықтан, Астананың бас жоспарына өзгерістер енгізілді. Оның үстіне халқының саны жорамалдан да тез өсіп келе жатқан Астанаға балабақша мен мектеп жетпей жатыр. Астанадағы №25 мектептің 9 сынып оқушысы Әсем Сыздықованың айтуынша, бұл мектептегі оқушылар саны жыл сайын өсіп отырады:

- Заң бойынша бір сыныпта 25 бала болу керек, ал бізде 36 баладан отыр.

Ата-аналардың айтуынша, жыл сайын қалада жаңадан 5 мектеп салса да, мектепте оқитын жасқа жеткен балаларға орын жетпей жатыр. Кейбір деректерге қарағанда, қаладағы мектептер не бәрі 350 мың орынға ескерілген.

Астанада 17 мың оқушы орыны жетіспейді. Астанадағы №2 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Валентина Марченконың айтуынша, бұл жағдай Астанадағы мектептердің барлығының басында бар:

- Ал, біздің мектепте оқушыларға орын табу үшін, ғимараттағы барлық холлдарды көмкеріп, сынып жасалған.

Бас қаладағы балабақшаларда қазір 5 мыңнан астам балаға орын табылмай отыр. Және жыл сайын бұл көрсеткіш өсіп келеді. Балаларын балабақшаға апарған ата-аналардан міндетті түрде үйден жиналмалы төсек алып келу талап етіледі. Балалар бақша ғимаратындағы сабақтардан үзіліске шыққан кезде баланың көптігінен олардың өздері де қысылып кетеді дейді балабақша жұмыскерлері.

Астанадағы балабақшаның біріне барып жүрген Анар Исабекованың айтуынша, бала көптігінен сабақтар дұрыс өтпейді:

- Балалар көп, партада 3 бала отырамыз. Қасымдағы бала итеред,і апай сабақты дұрыс түсіндірмейді.

Мұның барлығы баланың денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін дейді ата-аналар. Балабақшада сәбилердің кейбіреуі жиналмалы төсекте жатса, мектеп оқушылары бір партада үштен отыруға мәжбүр. Қаладағы №25 мектептің 9 сынып оқушысы Әсем Сыздықованың айтуынша, бала көптігінен оқушылардың үлгеріміне де дұрыс көңіл бөлінбейді:

- Сыныпта 36 бала болған соң, мұғалім бәріне үлгірмейді. Тыңдағандарына сабақ береді, сыныпта ауа тар.

Қалалық денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, жуырда зерттеуден өткен Астана мектептеріндегі оқушылардың 30 пайызының омыртқасында ақаулар табылған. Дәрігерлер мұны мектептегі оқушы отыратын орындықтардың тарлығымен байланыстырады.

Астананың білім беру департаментінің директоры Әмірхан Рақымжановтың айтуынша, қаладағы бұрынғы балабақшаларда отырған мекемелер Есілдің сол жағалауында салынып жатқан жаңа ғимараттарға көшкен соң, тағы 6 балабақшаның орны босауға тиіс.

- Бірақ, бұл да жеткіліксіз. Қазірдің өзінде әр мектептегі бала саны ғимаратқа ескерілген мөлшерден екі есе көп. Сондықтан, біз кітапханананы, мәжіліс залын сынып орнына пайдалануға мәжбүрміз, - дейді Астанадағы №2 мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Валентина Марченко.

Алайда, қала басшылығы бұл проблеманы бәрібір шешеміз деп уәде беріп отыр. Астана әкімінің ұсынысымен 2007 жылға дейін қалада 14 жаңа мектеп және 8 балабақша салу жоспарланған. Ал, жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында шағын балабақшалар салса, орын тапшылығы мәселесін толық шешеміз дейді Астананың білім беру департаментінің директоры Әмірхан Рақымжанов.
XS
SM
MD
LG