Accessibility links

ПЕН-клуб мүшелері диссидент әйелдерді қолдау науқанын бастады


Жазушылардың Лондонда орналасқан халықаралық ПЕН-клубы Иран, Қытай және Тунис елдерінің үш әйелін қорғау шарасын бастап кетті. Ол әйелдер өз үкіметтеріне байланысты сыни пікірлерін ақпараттық технология арқылы көпшілікке білдіргені үшін қудалауға тап болған.

Махбоуде Аббасголизаде - Иранның “Фарзанех” атты әйелдер журналының бас редакторы. Оған бірнеше рет «ұлттық қауіпсіздікке қарсы шаралар жүргізген және насихатты өрістетуде» деген тұрғыда айып тағылған екен. Теһранда күнделікті шығатын “Етемад” газетінің тілшісі Ферштех Ғази желтоқсан айында кепілдікке шығарылғаннан кейін көп өтпей-ақ ауруханаға жатқызылды.

Ол тән және жан сырқатынан зардап шегіп жатыр. Ал, қытайлық азаматша Ма Ялианға өткен жылдың наурыз айында 18 айға “еңбек арқылы қайта тәрбиелеу” жазасына кесілген еді. Ол мұндай жазаға Қытайдың петициялық жүйесін сынаған мақаласы үшін душар болды.

Тунистік Адам хұқын қорғаушы Сихем Бенседрине ханым полиция тарапынан тұрақты түрде бақылауға алынып, қысымға душар болып жүр. ПЕН-клуб мүшелерінің айтуынша, бұл төрт әйел де өз еркін ойларын интернет арқылы білдіруге тырысқандары үшін жазаланып отыр.

Желтоқсан айында ПЕН-клуб мүшелері “сайбер-диссидент”, яғни интернет арқылы өздерінің ашық ойларын айтушыларды қорғау науқанын бастаған болатын. Қазіргі заманда әлем бойынша интернетті пайдаланушылар саны қарқынды түрде өсіп барады.

Мысалы, Қытай ақпарат бұлақтарының хабарларына қарағанда, бұл елдегі интернет пайдаланушылар саны өткен жылы 30 пайызға өскен екен. Иранда да аталған көрсеткіш жоғары боп тұр. Көптеген ирандықтар, соның ішінде жастар интернет арқылы өз ойларын білдіруге бейімді.

Алайда, Иран басшылары интернет арқылы билік басындағыларды сынаған жандарды жазалауды қолға алып отыр. Өткен айда Иран соты жас азаматты интернет арқылы өз ойын білдіргені үшін 14 жылға соттаған болатын. Осы оқиғаларға орай Адам хұқықтарын қорғау ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары өз алаңдаушылықтарын білдірген еді.

Өткен 8 жыл ішінде Иранда 100-ден аса тәуелсіз басылымдар жабылған. Сондықтан да азаматтардың ашық ойларын білдірудің бұл елдегі бірден-бір құралы - интернет болып отыр. Халықаралық ПЕН-клубтың “Түрмедегі жазушылар” деп аталатын комитетінің директоры Сара Виат былай дейді:

- Біздің бір байқағанымыз: интернет жүйесі 21-ші ғасырдағы қолжазба-басылымға (самиздат) айналып отыр. Сондықтан біз биылғы жылғы кез-келген мүмкіндікті, атап айтқанда, Әйелдер күнін, Халықаралық Еркін баспасөз күнін және БҰҰ жанындағы Адам хұқықтары жөніндегі комиссияны әлгі айтылған мәселеге орай өз алаңдаушылығымызды білдіру бағытында пайдаланбақшымыз.

Сондай-ақ, қараша айында Тунисте Ақпарат әлемінің халықаралық дәрежедегі басқосуы болмақшы. Осы саммит қарсаңында да ПЕН-клуб жазушылары интернетті пайдаланушы диссиденттерге қолдау көрсету үдерісін одан әрі күшейтпекші.

Саммит барысында үкімет өкілдері, интернет қызметін қамтамасыз етушілер және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері интернетті пайдалануға орай туындап отырған күрделі сауалдарды талқылайтын болады.
XS
SM
MD
LG