Accessibility links

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі мекемесі оралмандарға көмек беруге ниетті


Біріккен Ұлттар Ұйымының босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының Қазақстандағы өкілдігі осы елдегі оралмандардың қоғаммен етене араласып кетуі үшін оларға құқықтық көмек көрсетуге ниет танытып отыр.

Бұл туралы босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Сезар Дюбон мырза Қазақстан парламенті сенатының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтановпен кездесуінде мәлім етті. Ал оралман азаматтар болса бұндай көмектің өздері үшін өте тиімді болатынын айтады.

БҰҰ-ның босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының Қазақстандағы өкілдігінің құқықтық мәселелер жөніндегі қызметкері Кәмила Берқалиева Қазақстанда оралмандарға құжаттандыру, азаматтық алу және басқа да мәселелер бойынша құқықтық көмек көрсету жайын қолға алуға мүмкіндік бар дейді:

- Біздің ұйым республика көлемінде заңгерлер желісін құрды. Егер белгілі бір инфрақұрылым жұмыс жасап жатса, онда бұл қызметті оралмандарға құқықтық көмек көрсетуге неге кеңітпеске?

Қазақстан парламенті сенатының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің мүшесі Уәлихан Қайсаров елде оралмандарға жеткілікті деңгейде жағдай жасалмай отыр деп санайды.

Ал, осыдан оншақты жыл бұрын шетелден тарихи отаны Қазақстанға оралғандардың бірі Қуандық Шамақайұлы:

- Халықаралық ұйымдар оралмандардың өз-өзіне заң көмегін көрсететін ұйым құруына мүмкіндік жасаса - құптарлық іс болар еді, - дейді.

Оның пікірінше, оралмандар үшін қазіргі заңдарды түсіну өте қиын. Сондай-ақ ол бұған дейін осындай мақсатпен көптеген қоғамдық бірлестіктер ашылғанымен біраз уақыттан соң олардың өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болғанын айтады. Ал, Моңғолиядан ата-мекеніне оралған Алмаш Қабылашқызы қазірде оралмандар үшін өткір тұрған тақырыптың бірі - баспана мәселесі екенін айтады.
XS
SM
MD
LG