Accessibility links

Астанада тұруға оралмандардың 77 отбасына ғана квота берілмек


Астанада тұрақтап қалғысы келетін оралмандардардың саны 961, бірақ тек 77 отбасына ғана квота берілмек.

Жаз маусымына орай республиканың түкпір-түкпірінен Астанаға жастар ағылып келіп жатыр. Олардың арасында алыс-жақын шетелдерден келген оралмандар да бар. Астана қалалық көші-қон департаментінің бастығы Орал Мұқияевтің айтуынша, оралмандардың Астана қаласына тұрақты көшіп келіп қоныстануға бөлінген мемлекеттік квота саны тек 77 отбасына ғана бұйырады екен.

Ал биылғы жыл басынан бері Астанада тұрақты тұрып қалуға өтініш бергендердің ұзын-саны 961-ге жетіпті. Олардың негізгі бөлігін еңбекке жарамды жастар және жас отбасылар құрайды.

Таңертеңгі сегізден өте Астана қалалық көші-қон басқармасына барған Азаттық радиосының тілшісі кеңсе маңында ығы-жығы жұртқа кезікті. Олардың көпшілігі оралмандарға Астанадан беріліп отырған 77 квота өте мардымсыз деп санайды. Көші-қон басқармасының бастығы Орал Мұқияевтің айтуынша, Өзбекстанға, Ресейге 25 отбасыдан, Қытайға - 10, Қырғызстан, Моңғолия, Түркменстанға бес-бестен келіп тұр.

Кезектің соңғы жағында тұрған жігіт «Азаттық» тілшісіне өзін Біржан Бодауханұлы деп таныстырды. Кезінде Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан келген ол Қарағандыда білім алған екен. Өзбекстандық Жұмабай Әбдраманов квота бойынша Қостанай облысына барғанымен онда жұмыс та табылмаған.

Жұмабай онда жергілікті әкім-қаралардан қолдау да болмағанын айтады. Қарақалпақ автономиялық республикасынан келген оралман Самат Наурызбаев Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген соң мамандығы бойынша Өзбекстанда қызмет етіп Алматыға келгенімен, мұнда квота ала алмаған.

Ол енді Астанаға қажетсіз кадр болып қалып отырғандығын айтады. Астана қалалық көші-қон басқармасының бастығы Орал Мұқияев бас қаладан қоныс тапқысы келген оралмандар саны аз емес дейді:

- Жыл басынан бері Астанада тұрақтап қалғысы келіп өтініш бергендердің саны 961-ге жетті. Қазір көші-қон басқармасы осы сұраныстың 8 пайызын ғана қамтитын түрі бар. Соған орай, Үкіметтен Астана қаласына бөлінетін квотаны мамандығы сұранысқа ие жастар үшін көбейтуге күш салып отырмыз.

Астана қалалық көші-қон басқармасының мәліметіне қарағанда, биылғы жыл басынан бері Астанда тұрақтап қалғысы келетіндердің 580-і Өзбекстаннан, 199-ы Ресейден, 48-і Қырғызстан, 47-сі Моңғолия, Қытай, Түркіменстаннан қырыққа жуық отбасыдан өтініштер түскен. Орал Мұқияев облыстарға барып, сонан квотадан өткен соң Үкімет бөлген қаржыны қалтаға басып Астанаға қайта келіп жатқандар да бар екендігін жасырмайды.
XS
SM
MD
LG