Accessibility links

Батыстағы көршілері Украинаға көмек беруге әзір


Братиславадан Азаттық радиосының тілшісі хабарлағанындай, Польша, Словакия, Чехия және Румыния елдері Украинаға өз жәрдемдерін бермек. Ал 70 жылдай коммунистік жүйеде болған Украина үшін енді бірден батыстық демократия жолына түсу оңай шаруа емес.

Дегенмен батыс жақтағы көршілес елдер, бұл қиын жолда, Украинамен өз өмір тәжірибесімен алмасуға қарсы емес екендігін білдіруде.

- Біз Еуропалық және Трансатлантикалық институттардың жұмыс күн тәртібінде алғы шепте болып, шығыстағы көрші елдердің демократиялану жолындағы үдерістеріне көмектесуді қалаймыз. Бұл үдерістер Еуропаның болашағы үшін, шегаралық аймақ үшін қажет. Украинада Еуропалық болашақ болмыстың тағдыры шешілмек, - дейді Польша сыртқы істер министрлігінен өкіл Пиотр Свиталский.

Свиталскийдің айтуынша, Польша ЕуроОдақ пен НАТО-дағы әріптестерін Киевке орай белсенділеу саясат жүргізуді қалайды, сондай-ақ, Вышеград тобымен бірге Украинадағы жаңа өзгерістерге септігін тигізбек.

Ал Румыния болса Болгариямен бірге алдағы топпен ЕуроОдаққа кіруге талпынуда дейді бұрынғы сыртқы істер министрі, Румыния Сенатының төраға орынбасары Теодор Мелескану.

- Меніңше, біздің елдеріміз кеңейген Еуропа одағы мен бұрынғы советтік кеңістіктен өзара кездесіп дұрыс үйлеспек. Біздің проблемамыз да өзара ұқсас. НАТО мен Еуропа одағына қосылу арқылы біз Еуропадағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке өзіміздің үлкен үлесімізді қосқан боламыз, - дейді Мелескану.

Мелесканудың сеніммен айтуынша, ЕуроОдақтың одан әрі кеңеюі аймақтық қауіпсіздік мүмкіндіктерін күшейтеді.

- Украина мен Беларустың жақын болашақта Еуропа одағына қабылдануы Молдово секілді елдердегі көптеген мәселелерді дұрыс шешуге мүмкіндік туғызады, - дейді Мелескану.

Чехия да Украинаға көмек беруге қарсы емес. Прага қаласының бұрынғы әкімі, Еуропа демократиялық партиясының төрағасы Ян Каслдың айтуынша, өзара байланыстан екі ел де ұтады.

- Біздің қазіргі міндетіміз - Еуропа одағы мен НАТО-ға кіруге әрекеттеніп жатқан елдерге алдымен көмектесу. Бірақ, бұл бір жақтама әрекет емес әрине. Украинаға демократия, технология және гүлдену әкелу арқылы біз өз кезегімізде олардан көп нәрсені үйренеміз, - дейді Ян Касл.

Украинаның өзі де батыстық көрші елдер ұсынған көмекті қуана қарсы алып отыр. Бұл жөнінде Братиславада, өткен аптада, Прага Халықаралық ынтымақтастық қоғамы мен Америка сыртқы саясат кеңесі ұйымдастырған семинарда айтылды.

Братиславадағы Украина елшілігінен консул Петро Датченко Еуропа одағы және НАТО елдерінен Украинаға қажетті көмектерді былайша сипаттайды.

- Украинаға Еуропа одағымен өзара қызметтестік бағдарламасын іске асыру бойынша көмек қажет. Бұл алдағы жылда қол қойылмақ ұйымдық келісім үшін керек, - дейді Датченко.

Қаңтар айында Украина президенттігіне ауыр, қиын жағдайда келген Виктор Ющенко Украинада батыстық бағыттағы саяси, экономикалық реформалар жасауға бел байлап отыр.
XS
SM
MD
LG