Accessibility links

Кәсіподақ биліктен дәрігерлер еңбекақысын көбейтуді сұрайды


Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподағы осы сала мамандарының әлеуметтік жағдайы қиын екендігін айтып, парламент, үкімет және денсаулық сақтау министрінің атына жолдамақ.

Мұндай ниеттерінің бары туралы олар көкектің 29-ында Астанада өткен Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының жетінші съезінде мәлім етті. Дәрігер мамандардың айтуына қарағанда, соңғы бес жыл ішінде денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржының көлемі 4 еседен аса өскенімен, бұл сала қызметкерлерінің еңбекақысы осы бес жылда 1,5-2 есе ғана өскен. «Қазіргі уақытта медицина қызметкерлерінің еңбекақысы ең төменгі орында қалып отыр» дейді олар.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Мереке Бутина әлеуметтік әріптестік дұрыс жолға қойылмаса ол әлеуметтік жанжалға өсуі мүмкін деп отыр.

- Қазақстан әлеуметтік серіктестік туралы заңды қабылдады. Бірақ, әрдайым ойдағыдай болмайды. Сондықтан да сынаймыз. Біздің жұмыс берушіміз үкімет десе де болады. Жұмыс берушілерімізбен келіссөздер жүргіземіз. Олардың көптеген мәселені шешуге қаржылық мүмкіндіктері жоқ. Өйткені, ол жергілікті бюджеттің мәселелері, - дейді Мереке Бутина.

Осы саладағы мың жарымнан аса алғашқы кәсіподақ ұйымдарының әрқайсысы талаптарды кейде үкіметтік органдарға факспен жолдайды. Толассыз ағылған хаттарды үкіметтің тоқтатуымызды сұраған сәттері де болған дейді Бутина ханым.

Денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағының Алматы қаласы бойынша бөлімшесінің төрағасы Құлбек Мәмежанов мырза да денсаулық саласы қызметкерлерінің еңбекақысы ең төменгі орында қалып отырғанын алға тартады.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Лаура Жазикованың айтуынша да басты мәселе еңбекақыға қатысты. Ал, Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сиязбек Мұқашев мырза аталған мәселені жалпы салада орын алып отырған кемшіліктер дейді.
XS
SM
MD
LG