Accessibility links

Владимир Путин: "Совет одағының ыдырауы ғасырдың геосаяси апаты болды"


Ресей президенті Владимир Путин сәуірдің 25-інде Ресей халқына арнаған жолдауында Совет одағының ыдырағанын ХХ ғасырдағы геосаяси апат деп атады.

Ресей басшысының мәлімдемесіне батыстағылар таңданыс білдірсе, Ресейдің өзінде сәл ғана қозғау салды. Саяси талдаушылар Ресей президенті бұл сөзін елдегі жасы ұлғайған адамдар арасындағы төмендеп бара жатқан беделін көтеру үшін айтты деген пікір білдіреді.

Владимир Путин Ресей халқына арнаған өз жолдауында, соңғы 14 жыл ішіндегі өз елінің тағдырын былайша суреттеді:

- Совет одағының ыдырағаны - өткен ғасырдағы ең үлкен геосаяси апатты жағдай болды. Ресей халқы үшін ол нағыз драмалық оқиға болды. Біздің он мыңдаған азаматтарымыз бен отандастарымыз Ресейден сырт аймақта қалды. Жаппай құлдырау, сол сияқты Ресейдің өзіне де әсер етті.

Ресейден сырт жерде Путиннің бұл айтқандары - Совет одағының құлдырау маңыздылығын, Екінші дүниежүзілік соғыс сияқты басқа да геосаяси өзгерістермен салыстырған пікірсайысты қоздырды. Батыстық бірқатар басылымдар ХХ ғасырдағы нағыз күйреу оқиғасы - совет мемлекетінің құлдырауы емес, керісінше, көтерілуінен болды дегенді айтады. Алайда, Ресейдің өзінде Путиннің бұл мәлімдемесі айтарлықтай қарама-қайшылық тудыра қоймады. Оның орнына, бейқамдылық пен үнсіз келіскендік, тіпті энтузиазм байқалды.

Мәскеудегі ғаламдық зерттеулер институтының директоры Борис Кагарлитский, өзінің Ресей президентімен келісетін бағыт ұстанатынын танытты.

- Өте түсінікті мәселе, Ресейдің айтарлықтай көп халқы үшін Совет Одағының құлағаны қиын жағдай болды. Сонымен қатар, одақтың құлдырауы Тәжікстандағы халықтың, Өзбекстандағы біраз жұрттың және Украин еліндегі адамдар үшін де үлкен апатты оқиға болды. Өйткені, отбасылар ажырап, адамдар өміріне нұқсан келді, өмір сүру деңгейі төмендеп, адам құқықтары мен бостандығы өте жиі елеусіз қалып жатты, - дейді Мәскеудегі ғаламдық зерттеулер институтының директоры.

Путин мәлімдемесінің Ресейліктердің таңданысын тудырмауына тағы бір себеп, ол советтің құпия қызметінің бұрынғы мүшесі болып келгендігі еді. Мәскеудегі Карнеги орталығының саяси сарапшысы Николай Петров, Путиннің халыққа жолдауында айтқандары - КГБ офицері ретінде, қызметі күйрегеннен кейінгі оның өз жеке басының Совет Одағына деген аңсауы деді. Оның пікірінше, Путиннің жолдауы, негізінен, мамырдың 9-ында Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 60-жыл толуына орай, Мәскеуде өтетін мерекелік шаралар алдында, Ресейдің жасы ұлғайғандары мен ардагерлеріне бейбіт сыңай танытпақ ниет болды.

Совет кезеңіндегі әлеуметтік төлемақыларға қаңтар айында енгізілген реформалар көптеген зейнеткерлердің наразылығын туғызып, елдің ішінде бірнеше апта бойы мыңдаған жұрт наразылық шерулер жасаған болатын.

Саяси сарапшы Николай Петровтың айтуынша, Путиннің Совет заманын аңсауы - 1991 жылдан бері тіршілік ахуалдары төмендеп бара жатқан жасы үлкен ресейліктердің назарын аудару болған.

- Мұны елдегі азаматтардың барлық санатына бірдей жақсы көріну мақсатында сыпайы жеткізілген президенттің жолдауының жалпы мазмұнынан түсінуге болады. Ондай ойлардың, әсіресе, жасы үлкен адамдар мен ардагерлер арасында жақсы қабылданатыны белгілі. Жыл басында монетизация саясаты олардың көз алдында жеңілдіктерді өзгерткеннен кейін, Путиннің бейнесі көмескіленген еді, - дейді Петров.

Президенттің дәстүрлі жолдауы үкіметтің өткен жылғы жұмысына және болашақты бағдарлауға арналды. Ал, сарапшылар болса президент Путиннің өз сөзінде тарихи оқиғаларды қалай суреттегені, оның ішіне Совет Одағының құлауын неліктен маңызды тақырып ретінде көтеруге тырысқаны жөнінде бас қатыруда.

Сарапшы Петровтың сөзіне қарағанда, Путиннің алаңдаушылықтары бұрынғы совет республикалары Грузия, Украина, Қырғызстанда билікті құлатқан наразылықтардан туып отырған сияқты.

- Менің ойымша, Путиннің жолдауы бұрынғы совет елдерінде болған оқиғалармен тікелей байланысты болып отыр. Бұл, расында, ғаламдық тектоникалық процестерге жауаптың бір түрі, ауысу - яғни, бұрынғы советтік заманнан кетіп, бұл аймақтағы жаңа өмірге толық өту, - деген ойын жеткізді саяси талдаушы Петров.

Путин сонымен бірге, өзінің халыққа арнаған жолдауында Ресей аймағында ондай оқиғалардың болуына жол бермейтінін айтқан болатын.
XS
SM
MD
LG