Accessibility links

«Әділетті Қазақстан» қозғалысы өкілдері Қызылордада болды


Қызылорда сапарынан Алматыға қайтып оралған «Әділетті Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Жармақан Тұяқбай Азаттық радиосына берген сұхбатында, осының алдындағы Өскемен және Шымкент қалаларымен салыстырғанда бұл сапар біршама тыныш өтті деп бағалауға болады деп айтты.

Оның айтуынша осы жолы билік оппозиция жетекшілерінің Қызылорда облысына барған сапарына сәл-пәл түсіністікпен қарағандығын көрсеткен. Алайда, мамырдың 12-күні түстен кейін Қызылорда қаласындағы орталық алаңдардың бірінде «Әділетті Қазақстан» қозғалысының жетекшілері қала тұрғындарымен, облыс жұртшылығымен кездесу өткізбекші болып алдын-ала келіссе де сол алаңда сол мезетте облыс әкімшілігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан президентінің қәзіргі саясатын қолдаймыз», «Біз саяси тұрақтылықтың болуын қалаймыз», «Біз президент жолдауын қолдаймыз» деген жазулар көтерген жастар митинг-шеруін өткізген.

- Бірақ, оппозицияны қолдаушылар мен билікті қолдаушы жастар арасында қандай да бір қақтығыс, оқыс оқиға орын алған жоқ, - деді Жармақан Тұяқбай радиомызға берген сұқбатында.

«Әділетті Қазақстан» қозғалысының саяси кеңесінің мүшесі Батырхан Дәрімбеттің айтуынша, қозғалыстың облыстық құрылтай жиыны Қызылорда қаласының теміржолшылар сарайында өткен. Оған облыстан көптеген делегаттар қатысып, «Әділетті Қазақстан» қозғалысының облыстық бөлімшесінің бастығы болып «Алға ДВК» атты жаңадан құрылған саяси партияның облыстағы бөлімшесінің төрағасы Сағат Жүсіп сайланған.

Бейсенбі күні Қызылорда қаласында бір алаңда бір мезетте өткен екі бірдей жиын-шеруге байланысты облыстық әкімшіліктің ішкі саясат департаментінің өкілі Төреқожа Қанат, расында, Ж.Тұяқбай бастаған «Әділетті Қазақстан» қозғалысының басшылары қатысатын жиын болардан бұрын алаңға «Қазақстан студенттерінің альянсы» атты жастар қоғамдық қозғалысы президент саясатын қолдайтындықтарын білідіріп, шеру өткізгенін айтты. Бірақ та ешқандай артық айқай-шу,төбелес болған жоқ деді ол.

Алаңда болған адамдардың айтуларынша, алаңда екі жақтан шамасы 4-5 мыңдай адам жиналған. Полиция алаңды жауып, қоғамдық тәртіпті бақылап тұрған.
XS
SM
MD
LG