Accessibility links

Әндіжандағы қырғыннан соң ондаған адам қамалған


Жұма күні Әндіжанда болған оқиғалардан кейін 70 адам қамауға алынды дейді Өзбекстан İшкі істер министрлігі. Ал, адам хұқын қорғаушы топ болса қамалғандар саны бір жарым мыңнан да көп дейді. Бірнеше мыңдаған азаматтар Қырғызстан жеріне босып өтіп жатыр.

Өзбек İшкі істер министрі Зәкір Алматовтың айтуынша, қамауға алынған 70 адамның ішінде жұмадағы оқиғаларды ұйымдастырғандар бар. Жұма күні шабуылшылар қару-жарақты басып алып, мықты қорғалған түрмелерде жатқан бірнеше жүздеген тұтқындарды босатқан болатын.

Куәлардың айтуынша, кейінірек өзбек әскері мыңдаған шерушілерге қарай оқ атқан. Қаза болғандар саны 30 бен 500-дің арасында деп айтылуда. Жиналғандарға оқ атуға бұйрық берді деген айыптауды Каримов өкіметі мойындамай отыр. Аймаққа журналистердің келуіне олар тиым салған.

Азаттық радиосы орыс бөлімінің қызметкері Андрей Бабицкий Әндіжанда дүйсенбі күні таңертең болған-ды. Ол оқиға орынынан былай деп хабарлауда.

- Әндіжан қаласының орталығы толық жабық. Мұнда әскери жасақтар мен әскери техникалар тұр. Қалаға барлық кіру-шығу жолдары жабылған. Соңғы бірнеше күн ішінде жаппай тұтқындаулар жүргізілген екен. Жергілікті хұқық қорғаушылардың айтуынша бұған дейін бір жарым мың адам тұтқындалыпты. Тұтқындалған азаматтар қалалық және облыстық түрмелерге қамалған, - деді тілші.

Ал, Өзбек бөлімінің тілшісі Гафур Юлдошевтің айтуынша, жексенбі күні мұнда кем дегенде екі адам қаза болған. Оның бірі 15 жасар қыз, екіншісі 30 жасар ер-азамат. Сәл ескертулерден кейін екеуін де ішкі істер бөлімі қызметкерлері атып тастаған.

БҰҰ-ның Босқындар ісі бойынша агенттік өкілдері жексенбі күні Қырғызстанның Созақ қаласына барған-ды. Олардың айтуынша мұнда келген 560-тай азаматтың көпшілігі ер-азаматтар олардың 18-і жаралы екен. Азаттық радиосы Өзбек бөлімінің тілшісі Елмурад Юсупалиев Қырғыз жағынан хабар жолдаған болатын.

- Қырғызстанның Базарқорған ауданында босқындар үшін үлкен лагерь құрылған екен. Мұнда 600-ден астам өзбек босқындары бар. Олардың көпшілігі соққыға жығылған, жараланған. Сондай-ақ, мұнда көптеген әйелдер мен балалар да бар, - деді тілші Юсупалиев. Ал, тілші Бабицкийдің айтуынша Қарасу қалашығында жағдай қалыпты.

Қырғыз Парламентінің төрағасы Өмірбек Текебаев Азаттық радиосы қырғыз бөліміне берген сұхбатында Өзбек босқындарына саяси баспананың берілетіндігін айтқан еді. Еуропадағы қауіпсіздік пен ықпалдастық орталығының Бішкектегі бөлім басшысы Маркус Мюллердің айтуынша, осы орталықтың Ташкендегі бөлімі Өзбек өкіметі мен босқындар арасында ара-ағайындық қызметін ұсынған екен.

- Алайда, аталған сауал - аса нәзік. Себебі, босып келіп жатқандар - қалыпты азаматтар. Олардың ішінде қарулы топтар да болуы мүмкін, - дейді Мюллер.
XS
SM
MD
LG