Accessibility links

Ресей аймағының лидері “президент” деген атаудан бас тартпақ


Солтүстік Осетия - Аланияның парламенті аймақ лидері лауазымының “президент” деген атауын жай ғана “Республика басшысы” атауына өзгерту туралы заңды түпкілікті бекітті.

Солтүстік Осетияның лидері бұрынғы құзырларын толық сақтап қалады, бірақ республика парламенті Ресейде бір-ақ президенттің болуын қалап отыр. Ол – Владимир Путин. Саяси сарапшылардың атап көрсетуінше, Ресейдің басқа аймақтарында да дәл осындай заң жобасы күн тәртібінде тұр. Олар Солтүстік Осетияның бұл қадамын Ресейдегі орталық биліктің құзырын күшейту мен Путиннің абырой-беделін өсіру мақсатында Кремльдің жүргізіп жатқан науқанының құрамдас бөлігі деп қарастырады.

Солтүстік Осетияның жетекшісі А.Дзасохов конституциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасына қол қойып бекітетін болса, онда оған өз лауазымының “президент” деген атауынан бас тартуға тура келеді. Демек, 2006 жылдың қаңтарынан бастап оның өзі немесе одан кейін билікке келетін қайраткер жай ғана “республика басшысы” деп атанатын болады.

Солтүстік Осетия парламентінің депутаты Ф.Хабалова президент А.Дзасоховтың әлгі заңға қол қойып бекітетініне күмән келтірмейді. Өйткені, деп мәлімдейді Ф.Хабалова, жергілікті басқа өкілдер сияқты А.Дзасохов та президент В.Путинмен қатар Ресей Федерациясындағы 21 республика басшыларының да “президент” болып аталуын қолайсыз деп есептейді.

- Кезінде ол (парламент спикері - Азаттық.) бір мемлекетте 20 президенттің болуы санаға қонбайтынын айтқан болатын. Сенбі күні Солтүстік Осетия - Аланияның конституциясына “өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” конституциялық заң жобасы үшінші оқылымында қаралып мақұлданды. Онда республиканың ең жоғары лауазымды тұлғасы “президент” емес, Солтүстік Осетия – Алания “республикасының басшысы” деп аталсын” деп көрсетілген және Ресейде бір президент – Ресей Федерациясының президенті болсын” делінген”, - дейді депутат Ф.Хабалова.

Президент Путин бүкіл федералдық билікті Кремльдің “уысына” шоғырландырып, билік құрылымдарын біріктіру үшін көп іс атқарды. Оның бұл іс-әрекет Батыстың ащы сынына тап болды. В.Путин таяуда облыс-аймақтардың әкімдерін дауыс беру арқылы сайлау жүйсінің орнына, оларды жергілікті парламенттің мақұлдауымен Кремль тағайындайтын заң жобасын ұсынып, ол жоба қабылданды.

Ф.Хабалованың айтуынша, ертеректе Солтүстік Осетия - Алания парламентінің спикері де Ресейдегі аймақ лидерлерінің шексіз билікке кенеліп отырғанын және орталықтың билік құзырын күшейту керектігін көтерген көрінеді.

- Бұл бір бағытта атқарылып жатқан іс. Өйткені орталықтың билігін нығайтқанымен, “Ресей Федерациясының президенті” деген де, “республика президенті” деген де бір мағынаға ие, яғни жергілікті президенттер өз алдына бір кәніз сияқты болып отырады. Біз мұны онша дұрыс емес-ау деп есептейміз, - дегенді айтты Солтүстік Осетия парламентінің депутаты Ф.Хабалова.

Алайда саяси сарапшылардың пікірінше, Солтүстік Осетия парламенті қабылдаған шешімнің желкесінен Кремльдің “құлағы” шоқиып тұр. Мәскеудегі стратегиялық зерттеулер Орталығының директоры А.Пионтковскийдің мәлімдеуінше, Кремльдің көздеген мақсаты – аймақтық лидерлердің В.Путинге “көлеңкесін” түсіруіне жол бермеу...

- Олар бұл қадамды Кремльдің нұсқауымен жасап отыр. В.Путиннің “ұлылығына” көлеңке түсірмес үшін және елдегі президент лауазымында қайдағы біреулердің отырмауы үшін дәл осындай шешімдер өзге ұлттық республикаларда да дайындалып жатыр. Одан айтарлықтай ештеңе өзгере қоймайды, бірақ елдегі “көсем” біреу болып қалады. “Көсеммен” ешкім қатар тұра алмайды. В.В.Путин президент болып отырған елде басқа ешкімнің өзін “президентпін” деп атауына құқы жоқ, - деді А.Пионтковский.

Кремльге жақын кейбір көрнекті саясаткер аймақтық лидерлер лауазымдарының атауларын төмендегенін көргсі келетіндерін ашық айтып отыр. Федералдық Кеңестің төрағасы Сергей Миронов, мысалға, бір кезде “президенттер тым көп, біреу болсын” деп қойып қалды. Солтүстік Осетия – өз лидерінің “президент” деген атауына тыйым салатын заңды мақұлдаған Ресей аймақтарының біріншісі. Бірақ бақылаушылардың болжап айтуынша, өзге аймақтар таяуда оны үлгі-өнеге етіп алады.

Лидерлерінің бүйрегі Кремльге бұрып тұратын Солтүстік Кавказдың басқа республикалары осындай заңды қабылдауы әбден мүмкін. Алайда тәуелсіз де табанды лидері бар өзге республикалар, мысалға Татарстан, ондай заңға қарсы шығуы да ықтимал. Қазан университетінің саясат кафедрасының меңгерушісі Мидхат Фарухшиннің пікірінше, Кремль Ресейді барлық аймақтары біркелкі аталатын бірұлтты мемлекетке айналдыруға тырысып отыр.

- Республикалардағы “президент” атауларын жоюға деген құлшыныс – Ресей билігінің елді біркелкі, біртүрлі мемлекетке айналдыруды көздеген саясатының бір көрінісі болып табылады. Бұл, жалпы, Ресейдің саяси мәдениетінің деңгейіне сай келеді, - деді Мидхат Фарухшин.

Татарстанға көрші орналасқан Удмуртия республикасында президент атауынан бас тарту туралы биліктің ұсынысын жергілікті парламент сәуір айында қолдамай қайтарды.
XS
SM
MD
LG