Accessibility links

Саясаткер Батырхан Дәрімбет автокөлік апатына ұшырады


«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі, оппозициялық «Алға ДВК» партиясын құрушылардың бірі Батырхан Дәрімбет бейсенбіге қараған түні Жамбыл облысындағы Луговой кенті тұсында автокөлік апатына ұшырап, ауруханаға түсті.

Қазақстандық оппозиция белсендісі Батырхан Дәрімбет бұл сапарға партияны ресми тіркету мақсатында аймақтардан қол жинау үшін шыққан болатын.

Жамбыл облысындағы «Алға ДВК» партиясын құру жөніндегі топ жетекшісі Шернияз Табановтың айтуынша, оқыс оқиға маусымның 1-і күні сағат түнгі 11-лер шамасында болған.

- «Алға ДВК» партиясын ресми тіркету үшін қол жинау мақсатымен Алматыдан Жамбылға бет алған Батырхан Дәрімбет мінген «Мицубици-Паджеро» автокөлігін Луговой кенті тұсында тоқтап тұрған автобустан жүгіре шыққан әйел алдын кесе өтеді. Сол мезетте көлікті басқа бағытқа бұрып үлгерген жүргізуші қарсы келе жатқан автокөлікпен соқтығысқан, - дейді Ш.Табанов.

Оның айтуынша, бастапқыда жол полициясының өкілдері Батырхан Дәрімбет мінген автокөліктің жүргізушісін кінәлі деп таппақшы болыпты. Алайда, іске лауазымды басшылар араласқан соң зерттеу жасалып, автобус жүргізушісі мен мәшине алдынан жүгіріп шыққан әйел кінәлі деп табылып отыр. «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Асылбек Қожахметов, бұл оқиғаның астарында биліктің саяси партияны ұйымдастырушылардың ісіне кедергі жасау мақсаты бар болуы мүмкін деген күдігін білдірді.

- Бірақ, әзірге тап басып айта қоятындай дәйек жоқ. Оны Батырхан Дәрімбеттің өзі жағдайы түзеліп, тілге келсе айтады, - дейді А.Қожахметов.

Ал саясаткер Төлен Тоқтасынов бұл жазатайым оқиғадан саяси астар іздеудің қажеті жоқ деп санайды.

- Әйткенмен, билік оппозициялық партиялар мен қозғалыстардың көбеймеуі үшін қолында бар мүмкіндіктердің бәрін де пайдаланып отыр. Сондықтан, бұл оқиғаның барысын жан-жақты саралаған жөн, - дейді Парламент Сенатының депутаты Зәуреш Батталова.

Жамбыл облыстық жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Әбілқасым Ниязбеков жұма күні «Азаттық» радиосына берген жауабында:

- Бұл күнделікті жол апатының бірі, оған саяси астар берудің ешқандай да қисыны келмейді, - деді.

Жамбыл облысындағы «Алға ДВК» партиясын құру жөніндегі топ жетекшісі Шернияз Табановтың айтуынша, бейсенбі күні Б.Дәрімбетке жергілікті ауруханада операция жасалған. Операция сәтті өткен. Қазір жол апаты кезінде омыртқасына зақым келген Батырхан Дәрімбет болған оқиғаны баяндай алатын жағдайда екен, ал ол мінген көліктің жүргізушісі алғашқы көмектен соң ауруханаға жатуды қажет деп таппапты.
XS
SM
MD
LG