Accessibility links

Қазақстан астанасында қала күні биыл өзгеше мерекеленді


Маусымның 10 күні Астана қала күнін атап өтті. Бұған дейінгі жылдары қала күні бразилиялық карнавалдар іспеттес шерулерде жартылай жалаңаш оқушыларды бірнеше шақырым жаяу жүргізетін. Ал биыл ұлттық дәстүр нақышындағы шаралардың көбейгені байқалды.

Астана күні осымен 8-ші рет тойланып отыр. Статистика мәліметі бойынша, қала тұрғындарының саны 550 мыңға жеткен, ал қала қонақтарын қоса есептегенде тұрғындар саны 700 мыңға жетіп қалады екен. Астана күніне әдейі келген қала қонақтарының бірі осында келген сайын қаланың өзгергендігін байқаймын дейді. АҚШ-тағы «Атлантик-сити» университетінің профессоры Патрик Джин Томастың айтуынша, ол Астана күні мерекесіне осымен екінші рет келіп отыр.

- Келген сайын, киіз үйлерге кіріп, Қазақстандағы басқа да ұлттардың ұлттық дәстүрлерін көремін, Батыста мұндай дәстүрлер жоқ, - дейді ол.

Қала өскен сайын, проблемалар көбейетіні сөзсіз дейді шенеуніктер. Қазір Астанада мектептер және бала бақшалар жетіспейді. Перзенттерін бала бақшаларға орналастырғысы келетін ата-аналар кезекте айлап тұратыны үйреншікті болған дейді кейбір ата-аналар. Мектептерде жоспардағы орындардан тыс 12 мың оқушы қысылып білім алып жүргендігін білім департаменті де мойындайды. Оған қалада жылдан-жылға автокөлік көбейген сайын тар жолдардың проблемасы да қосылған.

Ал, Астана мерекелерінде қазақтың салт-дәстүрлері ұмытылып қалады дейді қайсібір тұрғындар. Қазақтың ұлттық сусыны - қымыз зерттеушісі Мұрат Керейбай, сол үшін ұлттық дәстүрді жаңғыртып, насихаттау керек деп санайды:

- Өзіміздің ұлттық қасиеттерімізді уағыздау керек. Жалғыз қазақ тілінде өтіп жатқан қаладағы шара - осы қымызмұрындық тойы.

Жаңа істің барысында кездесетін түрлі қиыншылықтарға қарамастан, Астана тез дамып келеді дейді қала әкімшілігінің өкілдері. Ресми ақпаратқа жүгінсек, Астана аталғалы қалаға 200 миллирд теңге инвестиция салынған. Жетістіктер жыл сайын өткізілетін қала күнінде жарияланып тұрады. Ал, Астана әкімі өзгерген сайын, мерекелік шаралар да құбылып тұрады. Астана тұрғыны Мейрамбек Асанов бұрынғы шараларға өз көңілінің толмай келгенін айтады.

- Сол кездегі қала әкімінің неліктен бразилиялық карнавалды енгізгенін түсінбеймін, әйтеуір жартылай жалаңаш оқушыларды бірнеше шақырым жаяу жүргізуші еді. Ол қазақтардың менталитетіне сәйкес келмейді әрі ол асқан шығын деп ойлаймын. Негізі, осы дұрыс, әр адам қалаған жеріне барады, - дейді ол.

Биыл Астана күнінде ұлттық дәстүрді уағыздайтын шаралардың көбейгені байқалады. Солардың бірі - қымызмұрындық тойы. Қымыз зерттеушісі Мұрат Керейбайдың айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев салауатты өмір салтын насихаттау үшін, оған қымыздың пайдасын уағыздауды тапсырыпты. Зерттеушінің айтуынша, Арқа ортасындағы қала ертеректе қымыз орталығы саналған:

- Осы Арқа қазақ қымызының астанасы. Ата-бабамыз бұрын қыстаудан жайлауға көшер кезде Арқаның сұлу жерін таңдап, осы жерде тоғысқан. Қымызды зерттеп жүргеніме 24 жыл болды, сол еңбектерімді жинап, «Қымызмұрындық» деген кітап шығардым. Осы уақыт аралығында шетелдегі қазақтардың көмегімен қымыздың 70 түрін таптым. Қазір қымыз сапасы дәмі, уақыты, шипалық қасиеті, ыдысына байланысты және биенің сауылған кездегі жасына орай бөлінеді, - дейді қымыз зерттеушісі.

Оның 10 жасар шәкірті Жәнібек Дәуренбековтың айтуынша, қымыздың емдік қасиеті жетерлік:

- Бағана ішіп көрдім, аузыңнан су ағып кеткендей дәмді. Өзім бұған дейін ауырғам, сосын қымыз ішіп жазылдым.

Астана күнінің мерекелік шаралары бағдарламаға сәйкес, дәстүрдегідей, Ресейдің эстрадалық жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала концертке ұласады.
XS
SM
MD
LG