Accessibility links

Қазақстанда қабылданған жаңа заң валютаға қатысты кейбір шектеулерді жойды


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Валюталық реттеу туралы» заңға қол қойды. Қазақстан Ұлттық банкінің бастамасымен жасалған бұл заң бойынша, республикадан қолма-қол шетел валютасын шығаруға салынған шектеу алынып тасталады.

Түркия және Қытай елдерімен сауда байланысы бар кәсіпкер Майра Әбдиева Қазақстан президенті қол қойған «Валюталық реттеу туралы» жаңа заң қолайына жағатынын айтады. Өйткені, жаңа заң бойынша, шетелге енді кез-келген сомада шетел валютасын шығаруға болады. Ережеде көрсетілгендей, кеден қызметіне тек 10 мың АҚШ долларынан асқан сомаға олардың заңды жолмен келгенін растайтын өкілетті органдардан тиісті құжаттар көрсетуіңіз қажет. Кәсіпкер Майра бұл шешім бір жағынан парақорлықтың жаңа түрін туғызуы мүмкін деген күдігі барын жасырмайды.

- Бұрын шетелге шығаратын ақшаның мөлшері шектеулі болып келді. Енді оның көлеміне шек қойылмайтын болса, бұл өте жақсы болар еді. Бірақ, екінші жағынан 10 мың АҚШ долларынан жоғары соманы заңды түрде алғаның жөнінде құжат жинағанда кедергілер болатын сияқты. Қазір кеден және салық жинау орындарында парақорлықтың қалай кең тарап кеткенін елдің бәрі жақсы біледі. Соны ескерсек, бұл жағдайда тағы да қағазбастылық пен парақорлық орын алатын секілді.

«Валюталық реттеу туралы» заңға сәйкес, 2007 жылдан бастап, елде валюта операцияларын жүргізуге лицензия беру режимінің орнына тіркелу және хабардар ету жүйесіне көшу көзделген. Алматыдағы валюта айырбастау орталықтарының бірінің иесі бұл қадамды құптайтынын айтады.

- Бұл шынында да алға басу болып табылады. Өйткені, валюта операцияларын жүргізуге рұқсат беретін арнайы патент үшін белгілі бір соманы төлеген соң алаңсыз өз жұмысыңды жүргізе бересің. Лицензия жүйесі бойынша салық полициясы болсын басқа да бақылаушы орындар тексеріп әуреге салатын. Тіркелу жүйесі ең алдымен мұндағы парақорлықты сосын, салықтан жалтаруды тияр еді.

Қазақстан қор биржасының ақпарат және талдау орталығының жетекшісі Андрей Цалюк заңда көрсетілген валюталық операцияларды жүргізудегі лицензия режимін алып тастау жөнінде былай дейді:

- Мұндай шектеулерді алып тастау зейнетақы қорлары мен банктерге және өзге де қаржы институттарына өз қаржы портфельдерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Қазір Қазақстанда басы артық ақша жиналып қалды, оны ел экономикасы ешқайда жұмсай алмайды. Сондықтан ұлттық бан пен қаржы министрлігі басы артық қаржының Қазақстан экономикасына кері әсер етпеуі үшін оның шетелге инвестиция күйінде кетуіне жағдай туғызып отыр.

Алайда, экономист-менеджер Асқар Сырғабаев бұл айтылғандармен келіспейді.

- Қазір мұнайдан түскен ақша көбейгенде, Ұлттық банкі бар, басқасы бар, экономика мұндай қаржыны игере алмайды, бұл ел экономикасына зиян болуы мүмкін деп, президентті ол ақшаларды шетелге шығаруға көндіріп отыр. Ал шындығына келсек, біздің экономикаға қаржы жетіспей жатыр. Ішкі нарықты инвестициямен толық қамтамасыз еткен кезде, Қазақстанда ақшаны салатын, сала қалмаған жағдайда барып, оны шетел асыруға болар еді. Менің ойымша бұған әлі ерте.

«Валюталық реттеу туралы заңның орындалуын қадағалауды бір жағынан Қазақстанның Ұлттық Банкі жүзеге асыратын болады. Алайда, Ұлттық банкінің қоғаммен байланыс бөлімінің жетекшісі Гүлнар Ертілесова, өздерінің жаңа заңның тәртіптеріне қатысты әзірше ешқандай түсініктеме бермейтіндерін айтты.
XS
SM
MD
LG