Accessibility links

Қазақстандықтар биыл Ыстықкөлде демалуға асығар емес


Қазақстандық кейбір туристік фирмалар биылғы жаз маусымында Қырғызстандағы Ыстықкөлге барып, демаламын дейтін қазақстандықтардың саны өткен жылдармен салыстырғанда күрт кеміп отырғанын айтады. Мұның себебін мамандар көрші мемлекеттегі саяси жағдаймен байланыстырады.

Жыл сайын жаз маусымында Ыстықкөл жағалауында демалуды дағдыға айналдырған орта табысы бар қазақстандықтар биыл ол жаққа баруға екіойлы болып отыр дейді осы қызметті ұсынатын Қазақстандағы бірқатар туристік компания өкілдері.

Олардың айтуынша, қазіргі таңда Ыстықкөлге барамын деушілердің саны жылдағыдан 80-90 пайызға азайып отыр. Алматыдағы туристік компаниялардың бірінің қызметкері Жанна Әлжанова Ыстықкөлге барамын деушілер саны шілде, тамыз айларында көбейуі мүмкін деген болжам айтады, ал әзірге демалушылардың көбі басқа мемлекеттерге таңдау жасап отыр дейді ол.

- Негізінен, қазір қазақстандықтар арасында Германияға, Испанияға, Анталияға барушылар көп болып отыр. Ал Тайланд пен Қырғызстанға баратындар жоқ, - дейді Жанна Әлжанова.

Өз отбасын орташа табысы барға жатқызатын Замира Көкішева дәулетті отандастары секілді Испания, Германия немесе Мысырға баруға мүмкіндігі жоқ екенін айтады. Жыл сайын жазғы демалысында отбасымен Ыстықкөлге баратын Замира, биыл ол жаққа мүлдем бармауға шешім қабылдапты.

- Себебі, Қырғызстанда орын алған төңкерістен кейін біз Ыстықкөлге баруға қорқамыз. Телеарнадан онда көтеріліс болып жатқанын, адамдар өлгенін естіп жатамыз. Сол себептен, егер Ыстықкөлге барсам ол жақтан қайта алмай қаламын ба деп қорқамын, - дейді Замира Көкішева.

Биылғы наурыз айында Қырғызстанда болған төңкерістен кейін, көрші мемлекеттің президенті қызметін уақытша атқарып отырған Құрманбек Бәкиев көкек айында Қазақстанға республика басшылығынан жәрдем сұрап келген болатын. Сол сапарында Құрманбек Бәкиев мырза өз елінде қазақстандық бизнестің өркендеуіне жағдай жасалатынына уәде беріп, Ыстықкөл жағасындағы демалыс орындары жылдағы дәстүрге сай қазақстандықтарды асыға күтеді деп айтқан еді.

Сарапшылар болса биыл жазда Қазақстанан Ыстықкөлге демалуға барушылар азаяды, мұнда қаржы дағдарысы басталады деп болжам жасаған еді. Туристік салада жұмыс істейтіндердің айтуынша, қазіргі кезде Ыстықкөлде демалымын деушілерге ең арзан баға - аптасына 1500 теңгені құрайды екен ($1=134 теңге), Анталияға барамын деушілер үшін бұл сома 1300 долларға түспек. Ал, жылдағы әдетін өзгертіп отырған Замира Көкішеваның отбасы биылғы жазғы демалысты Қазақстандағы Алакөл жағасында өткізуді жоспарлап отыр. Бірақ, ол Қазақстандағы демалы орындарында демалушыларға көрсетілетін қызмет сапасы өз көңілінен шықпайтынын айтады.

- Екі жыл бұрын Балқашқа бардым, бірақ, онда керек тамағыңды өзің апаруың керек, ыстықта паналайтын көлеңке таба алмайсың, себебі, ағаш-тал жоқ десе болады. Оның үстіне масасы көп екен. Ыстықкөлде шағын көлемді болсын орман бар ғой, сосын жағажайға шығасың, одан кейін барып көлге түсесің. Ыстықтап кетсең, көлеңкеге барып отыруға болады. Ал мұндай жағдай Балқашта да, Алакөлде де жоқ, - дейді Замира.

Қазақстандағы үкіметтік емес экологиялық ұйым - «Табиғат» одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов, Қазақстан үкіметі көрші мемлекеттегі жағдайды пайдаланып, отандық туризм саласын дамытуы керек деген ой айтады. Бұл үшін осы салаға ауқымды қаржы жұмсалуы керек дейді ол.

- Туризм саласын дамыту үшін Қазақстан үкіметі арнайы бағдарлама әзірлеп, жолдарды жөндеуі тиіс, түрлі демалыс үй-жайларын салуы қажет. Туризмді дамытып, айтарлықтай пайда табуға болады, - деп санайды Мэлс Елеусізов.

Ресми мәліметтерге жүгінсек, 2004 жылы республикада бар туристік компаниялар Қазақстан бюджетіне 4,1 млрд теңгеден астам пайда әкелген екен.
XS
SM
MD
LG