Accessibility links

Ғалымдар «Қазақ өркениеті» деген тұжырым ұсынады


Қазақстандағы «Қайнар» университетінің тарихшылары «қазақ өркениеті» деген не, оның белгілері қандай деген сұрақтарға түсіндірме жасауды белсенді түрде қолға алып отыр.

Бұрын кейбір қазақстандық ғалымдар көшпелілердің өзіндік өркениеті бар, оны әлемдік өркениеттердің қатарына қою керек деген ұстанымда болатын. Кейінгі кездерде Қазақстанның ғылыми кеңістігінде «Қазақ өркениеті» деген ұғым айналымға түсті. Осы ғылыми бағытты ұстанушылар бүгінде «Қазақ өркениеті» деген не, оның белгілері қандай деген сұрақтарға түсіндірме жасауды белсенді түрде қолға алып отыр. Сарапшылардың кейбірі бұлай деп кесіп айтуға әлі ерте, мұны әлі де зерттей түсу керек деген ойда.

Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының академигі халықаралық қыпшақтану орталығының директоры Болат Көмековтың айтуынша, қазақ даласындағы өркениетті бірнеше салалар бойынша дамыған. Ал, Алматыдағы «Қайнар» университетінің президенті, жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, таяуда жарық көрген «Қазақ өркениетінің қысқаша тарихы» кітабының авторы Еренғайып Омаров қазақ даласындағы қалалық өркениеттің дамығандығын айта келіп, Қарағанды, Жезқазған өңірінде түсті металдар өңделгендігін алға тартады.

Филология ғылымдарының докторы Абай Қайыржанов өткен жылы Ақмола облысының Аршалы ауданындағы Вячеслав су қоймасы жанынан табылған археологиялық заттардағы көне жазулар қазақ даласындағы далалық өркениеттің ежелгі шумерліктермен қатысы болғандығын растайды деген пікір білдіреді.

Еуразия университетінің оқытушысы, тарихшы Данагүл Мақат болса, тарихты зерттеушілердің ежелгі түркі халықтарының өркениеті деген ұстанымда болғаны дұрыс деп есептейді. Ал, тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаятұлы болса:

- Ежелгі заманда Қазақстан аумағында өмір сүрген халықтарды антропологиялық жағынан зерттеп алмай «Қазақ өркениеті» туралы сөз қозғауға болмайды. Оны қазақ даласын мекендеген көшпелілердің өркениеті деу қисынға келіңкірейді, - дейді.

«Қазақ өркениеті» ұғымын жиі көтеріп жүрген «Қайнар» университетінің ғалымдары қазақ жеріндегі өркениетті көшпенділік, егіншілік, дала, қала, өзендік өркениет, әскери-демократия өркениеті деп сала-салаға бөліп зерттеуде. Олар ағылшын және орыс тілдерінде «Қазақ өркениетнің қысқаша тарихы» деген кітапты жарыққа шығарды. Ғалымдардың айтуына қарағанда, ғылыми кітаптың қазақша нұсқасы толықтырылып, екі-үш айдан кейін жарық көрмекші.
XS
SM
MD
LG